БҮГІН БАРЛЫҚ МЕКТЕПТЕРДЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛАДЫ

Әлемдік пандемия дүрбелеңі кім-кімнің болсын есін шығарып, еңкейген қарияны ғана емес, бесіктегі баланы да әбігерге салды. Бала болашағымыз екенін ескеріп, денінің саулығын ойлап, онлайн оқыттық. Оқушы біткен оқшауланып, үйде ой кешті. Енді міне араға жылдан аса уақыт салып, балалар онлайннан офлайнға көшіп, бәз баяғы қалыпта, мектеп қабырғасында білім алмақшы.

Тараз қаласында 2021-2022 оқу жылы 59 мемлекеттік, 10 жекеменшік мектепте 78 748 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Оның ішінде 1-сыныпқа қабылданған балалар саны 7806-ны құрайды. Сондай-ақ 3175 бала жекеменшік мектептерде білім алатын болса, 1-сыныптарға балаларды қабылдау Egov порталы арқылы 1 тамызға дейін жүргізілді.
Бәрі дұрыс. Үйде отырып алған білім мен мектепке барып оқудың арасы жер мен көктей. Біріншіден, камераның арғы жағы мен бергі жағы болып бөлінбей, ұстазбен бетпе-бет дәріс алудың өз ғанибеті бар. Сағынысқан сыныптастардың басы бір арнаға тоғысып, білмегенін бірінен-бірі сұрап, жарыса білім алғанға не жетсін?

Баланы мектепке дайындау құны қанша?

Бүгін білім күні. Әне-міне дегенше алғашқы қоңырау соғылып, балалар мектепке бет алды. Осы орайда жеткіншектерді мектепке дайындау барысын білу мақсатында аналармен сұхбаттасқан едік.
– Баланы онлайн оқыту оңай болғанымен, үйдегі балаларымның сауаты төмендеп кетті. Мектепке барып оқығандағыдай ынта да жоқ. Компьютердің алдына телміріп, ойын баласы болғандықтан, немқұрайлы оқып шықты. Енді міне, бұрынғыдай қалам, дәптерін дайындап, киім кешегін алып беріп, мәре-сәре күй кешудеміз. Бір баланы бір сыпыра киіндіру үшін аз дегенде 100 мың теңге қажет етеді. Мен ұлым мен қызымды «Ауыл Береке» базарынан мектепке дайындадым. Базар бағасымен ақ жейденің орташа бағасы – 4000 теңге, аяқкиім – 6000, шалбар – 5000, белдемшелер болса 5000 теңгеден жоғары. Дәптер 23 теңге, қаламның 100 теңгелігін місе тұттық. Дене шынықтыру сабағына киетін спорттық киімі 10 мыңнан жоғары. Орташа есеппен, бір сыпыра себелеп, ақшаны үнемдеп жұмсағанның өзінде, бір баланы мектепке дайындау құны 100 мыңнан асады, – дейді екі баласын мектепке дайындаған Гүлфайруз Әуесқызы. Ал кейбір ата-аналар базар жағалағаннан гөрі қала орталығындағы сауда үйлерін қолайлы көреді.
– Біз балаларымызды қаладағы «Март» сауда үйінен киіндіреміз. Базар тауарының сапасы нашар. Оның үстіне дүкенде түрлі жеңілдіктерден бөлек, сан алуан акция болып тұрады. Ең ұнайтыны мұнда бұрын түскен тауардың құны төмендетіліп отырады. Ал екі аяқкиім сатып алсаң, үшіншісін тегін беретін акциясы бар. Одан кейін сатып алған затыңның құны 12 мыңнан асса, үстіне тағы тауар қосып беретін жақсы жеңілдіктері де қаралған. Сосын киім дүкендерінің сапасы базардағы қытай, қырғыз киімдеріне қарағанда әлдеқайда сапасы жоғары. Мәселен үш баламды 80-90 мың теңге көлемінде киіндіріп келе жатырмын – деген А.Меңлібекова елімізде қымбатшылық күннен күнге үдеп бара жатқанын жеткізді.

Оқу форматы қалай жүргізіледі?

Биыл оқу форматы дәстүрлі жүргізілетіндіктен барлық білім беру ұйымдарында педагогтер, ата-аналар мен қызметкерлер үшін «Ашық» жүйесі енгізілген.
Білім мекемелерінде санитарлық сақтық шараларын сақтау мақсатында оқу процесі «1 кабинет – 1 сынып» қағидасында, сатылы оқу кестесі мен қажеттілік туындаған мекемелерде қосымша ауысымдар арқылы ұйымдастырылады. Маска режимі міндеттелді.
Ата-аналар мен мектеп қызметкерлері арасында оқу процесін ұйымдастыруға қатысты, оның ішінде мектеп формасы міндеттелмейтіні, бірақ классикалық стильдегі киім кию талабы қойылған.
Бүгінгі күні білім мекемелері қажетті санитарлық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Бюджеттен қарастырылған 13 миллион 802 мың теңге қаражатқа санитарлық құралдар алынып, 2021 жылдың 10 тамызынан бастап таратылған.
Өткен оқу жылындағы қашықтықтан оқытуға байланысты орын алған оқушы біліміндегі олқылықтарды түзету мақсатында 5-25 тамыз аралығында «Жазғы мектеп» жұмысы ұйымдастырылып, қосымша сабақтар өткізілген. Бұл жұмыс оқу жылы барысында да жалғасын табады.

1 оқушыға – 32500 теңгеден

Жалпыға міндетті білім беру қорынан берілетін көмек түрлері көрсетілуде. Мектеп формасы, оқу құралдарын алуға берілетін материалдық-қаржылай көмекке 567 288,0 мың теңге қарастырылып, аз қамтылған және көпбалалы 9615 отбасының есеп-шоттарына қаражатты аудару жұмысы жүргізілген. 1 оқушыға – 32500 теңге көлемінде.

Жылыту маусымы назарда

Білім бөліміне қарасты 110 білім мекемесінің 109-ы қаладағы жылу тасымалдаушы кәсіпорындар тарапынан, 1 мекеме жеке пеш арқылы жылытылады. Аталған мектепке ағымдағы жылы 15 тонна көмір алынып, маусым айында жеткізілген.

Міне, осылайша қалалық мектептер жаңа оқу жылына тас-түйін дайындықпен келіп отыр. Ал ең басты мәселе – 1 қыркүйек күні мектеп алдында салтанатты жиын өтпегенімен, 1-сынып оқушыларына «Әліппе» тапсырылып, барлық білім ошақтарында бір мезгілде алғашқы қоңырау үні соғылады. Бұл 1,5 жылдық карантиннен кейінгі офлайн оқудың басталғанының белгісі болмақ.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment