Азық-түлік бағасы – тұрақты бақылауда

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласында өткен ауылшаруашылығы жәрмеңкесін аралап,
ұсынылған өнімдердің сапасы мен бағасына назар аударды.

Жəрмеңкеге өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен тұрақтандыру қоры жалпы құны 108,5 млн теңге болатын 86,4 тонна өнім жеткізді. Сауда сөрелеріне 23,5 тонна ет (жылқы, сиыр, қой жəне тауық еті), 3 тонна шұжық өнімі, 8,5 тонна сүт өнімі, 12 мың дана жұмыртқа, 0,6 тонна кондитерлік өнім, 3,9 тонна макарон, 0,5 тонна тұз, 4,2 тонна балық, 7 тонна ұн, 2,6 тонна бал жəне 31,6 тонна жеміс-жидек пен көкөніс қойылды. Азық-түлік бағасы нарықтағыдан 10–20 пайызға төмен деңгейде ұсынылды.

Аймақ басшысы жəрмеңкені аралау кезінде шаруалармен сөйлесіп, тұтынушылардың пікіріне де құлақ асты. Баға тұрақтылығын сақтау мен тұрғындарды сапалы əрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өтті.

– Азық-түлік қауіпсіздігі – экономикалық тұрақтылықтың негізгі кепілі. Ел Президенті баға тұрақтылығын жеке бақылауында ұстап отыр. Облыста өндірілетін өнім көлемін арттырып, ішкі нарықты өз тауарымызбен толық қамтамасыз етуіміз қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Бұл күні өңір басшысы «Бəйтерек» жəне «Аса» шағынаудандарында орналасқан əлеуметтік дүкендерді де аралады.
Қазіргі уақытта Тараз қаласында – 12, ал Жуалы ауданында 1 əлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Жыл басынан бері осы дүкендерге жалпы құны 68 млн теңге болатын тауарлық интервенция жүргізіліп, негізгі азық-түлік өнімдері əлеуметтік бағада сөрелерге шығарылды.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment