27 жастағы Димаш Дәулетов Украинаның «Голос» шоуына қатысып, төрт тәлімгерді өзіне қаратты. Ол көрмей тыңдау кезеңінде Уитни Хьюстонның әйгілі I Hove Nothing композициясын орындады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматылық Димаш өзін таныстыру барысында 6 жасынан бастап ән айтатынын жеткізді. Алайда ата-анасының қалауымен, ол «экскаватор-бульдозер машинисті» мамандығы бойынша колледжде білім алған. Оқуды бітірген соң, 4 жыл мамандығы бойынша жұмыс істеген.
«Бірақ ән айтуды тоқтатпадым», – деп түсіндірді ол.
Өнер көрсетпес бұрын Димаш «тым болмағанда бір тәлімгер бұрылса екен» деген тілегін жеткізді. Өнерпаздың арманы артығымен орындалып, оған 4 бірдей тәлімгер қарады.
«Тым болмағанда бір тәлімгер бұрылса екен деп дұға еттім. Күтпедім», – деген Димаш ақырында Ольга Полякованы таңдады.
«Ғажапсың, кереметсің, таланттысың. Сен алысқа барасың», – деп Димаштың өнерін жоғары бағалады өзге тәлімгерлер.
Айта кетейік, бұған дейін Ерназар Жұбанның да аталған шоуға қатысып, продюсер Потаптың командасына қосылғанын жазған едік.