Ғажайыпқа толы жаңа жыл!

Жаңа жыл – армандар орындалатын мереке. Әр бала Аяз атаны көруді және одан сыйлық алуды армандайтын уақыт. Бұл мереке сонысымен де ерек. Жаңа жыл қарсаңында Президент, облыс пен қала әкімдерінің шыршасының өтуі дәстүрге айналған. Биыл да балғындар жаңа жылдық сый-сыяпаттан тыс қалмады.

Ең әуелі Тараз қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты мерекелік кешке Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, балаларды құттықтады.
Аталған шараға 200 бала жиналса, оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балалар болды. Барлық қатысушыларға жаңа жылдық базарлықтар, құттықтау хаттар, Мемлекет басшысының атынан 120 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Бұдан бөлек шара барысында балалар ертегі кейіпкерлерінің ерекше қойылымын тамашалады.
Сондай-ақ мереке қарсаңында «Ғажайып оқиғаларға толы Жаңа жыл!» атты Жамбыл облысы әкімінің балаларға арналған дәстүрлі шыршасы да өтті. Балалардың қуанышына өңір басшысы Ербол Қарашөкеев ортақтасып, оларға 80 мың теңгенің сертификаты мен тәтті сыйлықтар тарту етті.
Шырша мерекесінде балақайлар ертегі кейіпкерлерінің ерекше қойылымын тамашалады. Түрлі әндер шырқалып, театрландырылған қойылым көрсетілді. Балалардың жүздері бал-бұл жайнап, шаттана би билеп, ән салды. Аталған шараға жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың шыққан 100 бала қатысты.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің атынан өткен жаңа жылдық шырша мерекесі қатысушыларына арналған экскурсия ұйымдастырылды. Балалар алдымен «КөнеТараз» тарихи-этномәдени кешенін аралап, әрмен қарай облыстық драма театрына барды. Театрда балғындарға арналған жаңа жылдық қойылым көрсетілді. Қойылымнан ерекше әсер алған балалар «Тараз-Арена» және «Теннис» спорт кешендеріне аялдап, ондағы жаттығу залдары мен үлкен бассейінді тамашалады.
Осылайша балаларға жаңа жылдық көңіл күй сыйлаған кештен балғындар шат-шадыман күйде тарқасты.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment