Жыл басында елімізде орын алған «Қасіретті қаңтар» оқиғасының жаңғырығы басылар емес. Өйткені, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қарақшылар қолды қылған қару-жарақтар мен оқ-дәрілер Жамбыл облысы мен Тараз қаласының аумағынан әлі күнге дейін табылып жатыр.
Мәселен, жуырда Жамбыл облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесінің мекемесі жедел бөлімінің қызметкерлері мен Жамбыл облыстық Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Тараз қаласы аумағында бірлесе жүргізген жұмыстары нәтижесінде қаскөйлер ұрлап, жасырып кеткен қарудың тағы бірі анықталды.
Қару-жарақ облыс орталығының Саңырық батыр және Әбішев көшелерінің аралығынан табылған. ЖД-158/2 мекемесі мекемесінің жедел бөлімінің берген ақпаратына сәйкес, қызметкерлер «Макаров» тапаншасы мен осы қаруға арналған 35 оқ және қосымша 25 дана «Калашников» автоматына арналған оқ жасырылған жерді тапқан.
Табылған қару-жарақ пен оқ-дәрілерге арнайы сараптама тағайындалды. Бүгінгі уақытта Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесінің мекемесі жедел бөлімінің қызметкерлері мен Жамбыл облыстық Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінің бірлескен тексеру жұмыстары жалғасуда.