Оқып отырған әңгімең уақытың қанша тығыз болса да магнитше тартып бас алғызбайды. «Ол ашаршылық дендегелі адамды адам жеп жатыр дегенді естіген. Әуелі сенбеп еді. Құлжаны атып алғаннан кейін мән-жай білмек болып, етектегі ауылға түскен. Сонда… Шағын ауылдың адамдары аштан қатып қалыпты. Кенет ауылдан сәл аулақта алба-жұлба бір топтың лапылдаған отты шыр айналып жүргеніне көзі түсіп, қайнап жатқан қазан ернеуінен баланың білегін байқап қалған». Осы тұсына келгенде онсыз да түршіге бастаған денең қорқыныштан құрсауланып, тұла бойыңды мазасыз үрей билейді. «Аман қалғыларың келсе, тастаңдар баланы, – деді соңындағы қаба сақалды өңкиген. Қырылдаған үніне ырыл ма, соған ұқсас жексұрын бірдеңе араласқан». Кенжеғазы мен оның сәбиін арқасына таңып алған әйеліне ілесіп, артынан жақындап келіп қалған әлгі аш бөрідей адамжегіштерден жанталаса қаша жөнелгің келеді. Бірақ әбден шаршап талған аяқтарың ілгері басудың орнына кейін кетіп жатқандай жандалбаса күй кешесің. Түсіңіз шығар. Әдетте жайсыз жатып, бастырылығып ұйықтаған адам осындай түстен шошып оянады емес пе? Бір сәт осы ойыңа иланып, басыңды көтеріп, жан-жағыңа қарайсың. Жоқ! Түсің емес екен. Үуһ!.. Ояусың. Есіңді жиған соң қолыңа кітап ұстап отырғаның еске түседі. Қасыңда Кенжеғазының отбасы жоқ. Олар мына кітаптың ішінде. Кітап ішіндегі әңгімеде әлгі аштықтан әлсіреп жыртқышқа айналған адам еместермен арпалысып жүр. Ендеше, сенікі не жорық?
Таң қалмаңыз, композициялық құрылымы оқиғасының бас салып басталып, дамуынан шиеленісіп, шарықтау шегіне дейін шығандап барып, одан соң шешімін тауып, түйіні тарқатылғанша шиыршық атып тұратын шығарманың тым тартымды өрілетіні сонша, сіз ғана емес, оқып көрмекші болған кез келген адам сіздің осы дел-сал күйіңізді кешеді. Әңгіме кейіпкерлерінің жағымдысына болысып, жағымсызынан арашалап алғысы келіп, алапат көңіл-күйді басынан өткереді. Бірақ қай оқырман болса да кейіпкер Кенжеғазыны ажалдан құтқара алмайды. Ал небір қиындықты көрсе де, оның баласы мен келіншегі аман қалады. Өйткені оларды періштелері қағады. Анығында, ол періште – Кісі иесі. «Кісі иесін» оларға жіберткізіп, қорған қып отырған – осы әңгіменің егесі. Автор. «Қазаншының еркі бар – қайдан құлақ шығарса». Автор өзінің асқан шеберлігімен осы шағын шығармадағы шым-шытырық оқиғаға сізді бар жан-тәніңізбен құлай сендіртеді. Шығарманың өзінің шынайылығымен баурап алғандығы сол емес пе, сіздей оқырманды сол кітаптағы сонау бір нәубетті жылдардың зұлматына апарып келіп, қайтып, осы қазіргі заманғы дәуіріңізге дін аман оралдыртқыздырған. Өйткені бұл шынайы шығарма жазушы Несіпбек Дәутайұлының қаламынан туған.
Менің қолымда жоғарыдағы «Кісі иесі» атты көркем әңгіменің атымен аталған кітап. Кітапта «Кісі иесінен» де басқа, қатты әсер етіп, терең ойлар мен телегей сезімдерге батыратын «Тағдыр», «Қанқызыл жалқын», «Құмға қашқан құйын», «Көгілдір көйлекті келіншек», «Өнеш, Комбинатор, алжапқыш», «Архитектор», «Айғыркісі», «Мәкеңдер, Малсекеңдер, заман», «Мінез», «Тілалшақ», «Батыр» деген әңгімелер мен «Ақкүшік», «Алтын балық» атты екі повесть бар.
Ішкі мазмұны қаншалықты қызғылықты болса, кітаптың өзі маған соншалықты ыстық. Себебі мемлекеттік тапсырыспен 2018 жылы Астананың «Фолиант» баспасынан жарық көрген бұл кітабын Несіпбек аға маған өз қолымен сыйлап еді. Кейіпкерлер харизмасындағы ұлттық мінез арқылы бүгінгі өмірдің күнгейлі, көлеңкелі тұстары бүкпесіз ашық көрсетілген кітаптың мұқабадан кейінгі бос таза бетіне «Үміт қарындасыма ізгі ниетпен! Автор. 25.09.2019 жыл» деп маржандай жазуымен қондырылған қолтаңбасы менмұндалайды. Мұның алдында да осы секілді ақ ниетті тілегімен автографын берген Несіпбек ағаның бірнеше туындысы менің жеке мұрағатымда көзімнің қарашығындай сақтаулы. Тек мына кітабына назар аудартып отырғанымның мәнісі бар. Бұл кітабындағы қолтаңба қойылған күннен кейін айлар ауысып, жылдар жылыстап, аз-ақ уақыт өткенде, ол кісіден қапелімде айырылып қалып, қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырайды деп кім ойлаған…
Сонау Талас ауданында тұратындығыма қарамастан, менің облыс орталығындағы қазақ драма театрында аталып өтіліп жатқан елу жылдық мерейтойымның сахнасында құттықтау сөз сөйлеп тұрып, мен арқылы басқа қаламгерлерге де көкейіндегі лықсыған ойын төгілте ақтарғаны есте.
«Кісінің қадіріне кісі жетеді. Халықтың қадіріне билік, биліктің қадіріне халық жетеді. Адамның қадірі ол ұзын арқан сияқты. Бір ұшы өзінің қолында тұрады, бір ұшы құдайдың қолында. Кімде-кім сол өзінің қолында тұрған арқанның бір ұшын мықты ұстап, құдайдың қолындағы ұшына дейін өзінің адамгершілігімен, кісілігімен, тар жол, тайғақ кешуімен – барлығын басынан өткізіп, жеткізсе, ол адам Құдайға жақындай түседі. Әкімнің де, ақынның да, әртістің де, кәсіпкердің де – бәрінің шаруасы көп. Ал творчество адамдарының осындай өзінің ерекшелігі бар, өзінің қиындықтары бар. Шығар дегенге ананы, мынаны құрастырып шығарып жүргендер аз емес. Бірақ бұл жанкешті еңбек. Түйсіктің түкпірінен түтеп шығатын, ойлардың шалқарыменен дүниені көріп, соныменен халықтың көкірегіне сәуле құятын, ойдан құралатын үлкен құбылыс нәрсе.
Қыран құстың екі қанаты бар. Адамда да солай. Ісі менен кісілігі теңдей болуы керек. Сонда ол ел болады. Содан туған перзент талантты болады. Сонда біздің мәртебеміз көтеріліп, төбеміз көкке тиіп жүреді.
Әдебиетті орта жасамайды. Әдебиетті жекелеген тұлғалар жасайды. Ал осындай нәрсеге жету үшін шығармашылығы бар адамға ең басты керек нәрсе, ол – ғұмырының ұзақ болғаны, үлгеру керек айтуға, жазуға. Бәрін айтып кетуі керек. Мен Үміттің творчествосына соны тілеймін. Құтты болсын мына мерейтой. Ең басты нәрсе басы аман, бауыры сау болсын деймін. Ұзақ ғұмыр тілеймін. Қолына ұстаған қағазына, қаламына адал болсын деп тілеймін. Міне, Үмітке мен осыны тілеймін. Бәріңіз аман болыңыз- дар!», – деген сөзін аяқтай келе:
– Үміт, саған..! – деп қолын көтере жымиып, бауырына тартып, менің маңдайымнан сүйген.
Жоғарыдағы «Шығармашылығы бар адамға ең басты керек нәрсе, ол – ғұмырының ұзақ болғаны, үлгеру керек айтуға, жазуға. Бәрін айтып кетуі керек» деген сөзді толқи тұрып, тебірене жеткізгені көз алдымда. Бір тәуірі, ол кісінің осы бейнесі сондағы тойымның бейнетаспасына түп-түгелімен түсіріліпті. Өзіне ғана жарасатын ақ кәстөм, өзінің ғана стиліне айналған шашы, басына киілген ақ шләпі. Арам еті болмайтын арғымақтай тартылған биік бойы. Ерекше еңсесі. Қоңыр үні. Баяу болса да салмағы атан түйенің жүгін артардай жағымды дауысы. Бәрі-бәрі театрдың сахнасын толтырып тұрғандай еді.
Енді қазір, о кісінің өзі жоқта, көзі жоқта «Елдің бәріне жақсылық тілеген Несіпбек ағамның өзіне шығармашылық адамына керек ең басты нәрсе түз-түгел, толығымен бұйырды ма екен өзі?» деп ойға шоматын болдым. Құдайдың пешенеге жазғанына шәк келтіре алмаспыз. Десек те, Несіпбек ағаның жоғарыда өзі айтқанындай, ғұмыры қаншалықты ұзақ немесе қысқа болды?.. Айтам дегенінің бәрін айтып үлгерді ме?!. Жазам дегенінің бәрін жазып үлгерді ме?!.
«Ақ көгершін», «Алма ағашының бұтағы», «Әнім сен едің» атты повестердің, «Құдірет пен Қасірет» романының, «Көгілдір көйлекті келіншек», «Ойынды еті он бөлек», «Ан-Арыс» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен шыққан екі томдық таңдамалының, «Аты жоқ әңгіме», «Кісі иесі», 2019 жылы Түркияның Анкара қаласында жарық көрген «Жол» атты кітаптардың ғажап авторының артында қолы жетпеген қандай арман-тілектері қалды екен?! Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы, «Қазақ әдебиеті» газетінің проза жанры бойынша лауреаты, Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің бас жеңімпазы, Бірінші «Рух» әдеби байқауының Гран-при иегері, Ғабдол Сланов атындағы әдеби сыйлығының иегері деген биіктерді бағындыруға қанша-қажыр қайраты жұмсалды?! «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» ордені секілді көкіректі керер мемлекеттік наградалар көрнекті жазушыны қаншалықты даңққа немесе бақытқа бөлей алды?!
Атақ пен даңқыңызды қайдам, бір анығы, Несіпбек Дәутайұлы – көзінің тірісінде-ақ әдебиет сүйер қауымға мойындалып, қазақ әдебиетінің ірі өкілі классик атанып үлгерген санаулы қаламгерлеріміздің бірегейі. Он сегіз мың ғаламды жаратушыға, құдіретті бір ғана күшке бағытталып айтылатын ұлы деген анықтауыш сөзді оның пендесі мен Мұхаммедтің (с.ғ.с) үмбетіне таңуға болмайтын, таңса «ширк» болып, Аллаға серік қосқандық боп есептелетінін білетін біздің иісі мұсылман қауымында Несіпбек Дәутайұлындай жоғары интеллектілі талант иелеріне лайық ат әзірге табылмай тұрғанын несіне жасырамыз. Өзге ұлттарда ғой «ұлы Пушкин», «ұлы Толстой» ғана емес, қазіргі заманғы көзі тірі ақын-жазушыларын кемеңгерлік дәрежесіне апарып, ұлылықтың шыңына шығарып қойып, аузынан тастамай, сілекейлері шұбырып, сүйсіне қарап отыратыны. Жә. Мен тіпті қиялданып, арзан эмоцияға беріліп кеттім, білем. Кітап оқымақ түгілі, қасында бірге жүрген қаламгерлерді тануы мұң болған мына жаһанданудың уақытында кімге наз айтып, кімге өкпе артқандаймыз. Демек, Несіпбек ағамыздың алдына қойған мақсаты орындалды ма, көздеген мұратына жете алды ма деп құпия жұмбақтап, шешуін жаба тоқығандай тығылыспақ ойнағанымыз әбес шығар.
Өйткені өзінің кейіпкерлерінің өмірін бірге сүрген, қаламының әр қадамына мұңнан түрен тартып, қағазының әр парағына сырдан сүрлеу салатын, әр кітабының тағдырына алаңдаған, әрбір туындысын дүниеге әкелген сайын қиналғанын естен шығарып, азапты шығармашылықтың ләззатын татқан жазушының ғұмыры осындай болса керек-ті. Мағыналы да мәнді ғұмыр. Ғибратты да сәнді ғұмыр. Ғажайып ғұмыр.
Несіпбек Дәутайұлы мезгілсіз қайтыс болғанда бүт Әулиеата аспаны мұңға оранған. Әсіресе оны жас ақындар мен жазушылар қатты азалады. Жасамыс тартып қалған менің тұстастарыма да оңай тиген жоқ. Жер жаһан пандемиялық кесапаттың кезекті жазын әупіріммен өткізіп жатқан. Жамбыл жұртшылығы да «шықпа, жаным, шықпамен» күнелтуде еді. Оның үстіне, Байзақ ауданында тосыннан бет қаратпас жарылыс боп, билік те, бүкіл ел де ес жия алмай жүресінен бүк түскен. Газеттер мен әлеужелілер беттері арқылы ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбайдың қаралы Қазақстанға айтқан көңілі түкпір-түкпірдегі дүйім жұртқа жырымен жеткен күн.
Елес болып кеткен бе, ел сенері?
Толқындары Таластың теңселеді.
…Адам ойы жасаған қателіктер –
қыршындардың қанымен өлшенеді.
Жауға шабар жұрт еді найза ап бәрі,
Зұлмат келді тағы да қай жақтағы…
Неге үнсізсің,
Несіпбек Дәутайұлы,
Бауырлардан не хабар Байзақтағы?
Жарылысқа тап болып жаным, Айым,
дүр сілкінді дірдектеп кәрі қайың…
Үшбұлақ пен Қайнарда –
Қара қайғы –
Сарыкемердің сағасы – сары уайым.
Тау өзені тұрады таза ағыстан,
Байтақ па едік басынан базары ұшқан?
…Жалап жазар жарасын тағы емеспіз –
беліңді бу, қаралы Қазақстан!
Саңлағымның сиресе санаты тым,
Сағыныштан сарғаяр сана-құтым.
…Қаратаудан жылжыған керуенімнің –
Кес-кестеме соқпағын, қара түтін!
Жарылыстар жүректе, жан, денемде,
Көш алдынан найқалып Нар келер ме?
… «Сабыр түбі – сары алтын» – деген сөзді
қай бетіммен айтайын Сарыкемерге?
Жан жүрегі қан жылаған Ғалым Жайлыбайдың аласұрып Несіпбек Дәутайұлы аға-досын іздейтініндей бар екен. Арқаның төсінен жолдаған жұбату жырымен жамбылдық жазушыны да қоса жоқтайтынын Жаратқан Ие сездірткендей еді.
Шынның жүзі Шер-Ағам «Қордайдың қоңыр құлжасы» атандырған қарымды қаламгердің денесі өзінің туған жерінен бақиға аттанғанда, иіс сезбей қалған мұрынмен мазасызданып, дәм білмей қалған ауызбен алысып, медициналық маскамен тұмшаланған мен секілді талайлардың ұшарға қанаты жоқ боп қалған. Ол кісімен өзімдегі естеліктерім мен мұрағаттарым арқылы сырттай қоштастым. Кейінірек әрине, рухына бағышталған дұғаға қатысып, жылдық асына да барып, оқылған Құранға қол жаюға мүмкіндік туды. Шүкір.
Н.Дәутайұлын еске алуға және оның туғанына 75 жыл толуына орай Қордайда ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған, Мереке Құлкенов, Жұмабай Шаштайұлы, Жүсіпбек Қорғасбек, Қасымхан Бегман, Маралтай Райымбекұлы, Бейбіт Сарыбай, Әшірбек Көпіш, Маржан Әбіш сынды белгілі қаламгерлер келді. Талантты ақын Ерлан Жүніс жүргізген дөңгелек үстелде марқұмға арналған естелік кітаптың тұсауы кесілді. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың аза сөзінен кейін Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» ЖШС-нің сол кездегі бас директоры Дархан Қыдырәлінің алғы сөзімен басталатын көлемді кітапқа Н.Дәутайұлының қаламгер замандастарының, ізбасар інілерінің естеліктері мен эсселері, жазушының әр жылдарда баспасөз өкілдеріне берген сұхбаттары, бірқатар ақындардың арнау өлеңдері жинақталыпты.
«Ойымыз тұрмақ санамызға кіріп шықпаған Несіпбек Дәутайұлының ажал ғайыбы абыржулы халден арылтпай алаңдаулы күйге түсіріп қояды деп болжаппыз ба?» деп Жұмабай Шаштайұлының толқи жазғанындай, көз тіріде қоян-қолтық араласып, емен-жарқын сыйласқан, айнымас әріптестері Рахымжан Отарбаевтың, Есенғали Раушановтың мезгілсіз дүние салғандығы да қатты қамықтыртып жіберді ме екен Нес-ағаны дейсің. Жүрекке түскен салмақ өз сызығы мен сызын қалдырмай қоймайды ғой.
Өмірде із қалдыру дегенді аунаған жерде түгі қалар жылқыдай отырған, тұрған, жүрген жеріне ыбырсық, қоқыс қалдырумен шатастыратындар көптеп кездесетін қазіргі зымыран заманда, жасы келген сайын уақыттың қадірін біліп, өткенін де, осы шағын да, келешегін де удай қымбат тұтатын қаламгердің әмісе орны бөлек. Сондықтан ол қайда отырса да – тойда отырса да, ойда жүрсе де, қырда жүрсе де, түпсіз терең ой құшағының тұсаулы тұтқыны. Осылай оқшауланып, жалғыздықты жалғыз жан досым деп білсе де Несаға өзінен бұрын алдымен жан-жағындағылардың бақытты болуын тілеген адам. Жан-жағындағылар бақыттың дәмін сезінбесе өзінің қара басындағы қуанышының ешқашан құны, еш бағасы болмайтынын білген қаламгер. Онысы ол кісінің жазып кеткен әрбір шығармасынан да байқалады. Өмірде жасап кеткен әрбір жақсылығы да жадымыздан ешқашан шықпақ емес. Шапағаты маған да тиген жайсаң ағаның бақилық рухы сегіз бейіш төрінде шалқысын деп тілеймін.
Кезінде, «Әдеби жиын не үшiн керек? Ол не істеп, не бiтiредi? Ол бойында шын мәнiнде талант ұшқыны барларға жөн сiлтейдi, демеп, жебеп жiбередi. Жалғыз сол ма екен? Е, жоқ. Оның бiр көзi кезiнде жарқ етiп көрiнiп, кейiн «жоғалып» кеткендердi iздейдi. Iздегенде, қарасөздiң қайнары, өлең сөздiң оты көрiнген жерге қарай олардың өздерi қанат қағады. Үміт Битенова сөйттi.
Мен бұл есiмдi емiс-емiс еститiн едiм. Ақпан айында (2003 ж) өткен жиында өзін де көрдiм, өлеңiмен де таныстым. Ол ақын екен.
Қор болды жаным ақымақтарға…
Бостығым емес, бiрақ бұл.
Сорғалап тамып жапырақтарға
Мен үшiн жаңбыр жылап тұр… – деп жай өлеңшi айта алмайды, бұл ақын жүректiң кестесi.
Үміт ендi осы кестесiн жоғалтып алмасын. Бiз одан жақсы жырлар күте беремiз. Қанат ұшса ғана қатая бередi», – деп Жамбыл облысының аға газеті «Ақ жол» арқылы батасын беріп, өлеңдерімді жариялатқызған асыл Ағаның әкедей қамқорлығы әлі күнге дейін жүрегімнің төрін жылытып тұр (Несіпбек Дәутайұлы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры. «Ақ жол», 29.03.2003 ж).
Ал қолтаңбасын қалдырған кітаптары бөлмемдегі жеке кітапханамның сөресінің сәні.
Тек енді мәңгілік өмірі басталған жазушы ағаның бұ дүниелік емес екені жаныңды жүдетеді. Көңіліңе көңілсіздіктің көлеңкесін түнетеді.
Артында қалған өлмес мұралары, көркем туындылары ғана дәтке қуат.
Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі