«Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының «Минералды тыңайтқыштар» бастауыш партия ұйымында қала әкімі Айтқазы Қарабалаев тұрғындарды қабылдады.
Арайлым ШАБДЕНОВА
Жалпы көшпелі қоғамдық қабылдауға қайырылған азаматтардың барлығы минералды тыңайтқыштар зауытында жұмыс істейді. Қабылдауға алдымен Гаухар Дәуренбек кірді. Ол Ниетқалиев көшесі мен әл-Фараби көшелерінің қиылысынан бастап минералды тыңайтқыштар зауытына дейінгі жолды жарықтандырып беруін және жаяу жүргіншілер жолын қалпына келтіруді сұрады. Бұл сауалға қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы: «2020 жылы қала көшелерінің сыртқы жарықтандыру жүйелерін орнату жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, 50 млн теңге қаражат қарастырылған және ақпан айында конкурс өткізу жоспарлануда. Ағымдағы жылы аталған мекенжайларда жаяу жүргіншілер жолын қалпына келтіру жұмыстары әзірленіп, жобалық-сметалық құжаттамалары негізінде жүргізілетін болады», – деді. Сонымен қатар Ирина Тебякина да бірқатар көшелерді жарықтандырып, жаяу жүргіншілер жолағын салып беру бойынша өтінішін айтты. Ал Вера Родионова болса, минералды тыңайтқыштар зауытына дейін қатынайтын қоғамдық көліктің кестесін реттеуді, көпқабатты үйлердің аулаларында балаларға арналған ойын алаңшаларын орнатып беруді сұрады. Сондай-ақ ол балабақшалардың жұмыс уақытын сағат 7.00-ден басталуына ықпал етуді өтінді.
– Бүгінгі таңда минералды тыңайтқыштар зауытына дейін қалалық №12 автобус бағыты күнделікті 16 кесте (график) санымен арақашықтығы 7-9 минутпен қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар қалалық №31 автобус бағыты бекітілген кестеге және қозғалыс сызбасына сәйкес, таңғы сағат 7.00-де, 8.00-де темір жол вокзалынан зауыт қызметкерлеріне қызмет көрсетуде. Кешкі сағат 17.20-да зауыт қызметкерлерін темір жол вокзалына дейін алып қайтады. Ал балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары ағымдағы жылы да жалғасын таппақ. Бұл орайда, арнайы бөлім тарапынан қажетті аула тізімдері әзірленуде. Құрылыс-монтаж барысында сіз сұраған Наманган көшесі ауласына ойын алаңшасы орнатылады. 2018 жылдың қыркүйек айында оңтайландыру мақсатында мектепке дейінгі бөбекжай-бақшалар 10,5 сағаттық жұмыс күніне ауыстырылып, бөбекжай-бақшалардың құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізілді. Жарғыға сәйкес мектепке дейінгі ұйымдардың жұмыс кестесі – сағат 8-00-ден 18-30-ға дейін. Тәрбиешілер екі ауысымда жұмыс жасайды. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші қызметкерлерді артық жұмысқа тартуға құқығы жоқ, – деді қала әкімі Айтқазы Қарабалаев.
Қоғамдық қабылдауға қайырылған азаматтардың басым көпшілігі жол, жарық, жаяу жүргіншілер жолағын жасау сынды мәселелермен шаһар басшысына қайырылды. Әр тұрғынға тиісті жауап беріліп, көпшілік көкейдегі сауалдарына мардымды жауап алды.