Азамат Сатыбалды Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры қызметінен босатылды. Министр Дәурен Абаев өнер ордасының жаңа басшысын таныстырды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Театр директоры болып Есеналиев Талғат Қамқабайұлы тағайындалды.
«Алматы қаласына жасаған іс-сапар барысында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына бардым. Театрдың жұмысымен танысып, Есеналиев Талғат Қамқабайұлын аталған мәдени нысанның директоры қызметіне тағайындадым.
Бүгінге дейін осы театрдың ілгерілеп, дамуына айтарлықтай еңбек сіңіргені үшін Сұрапбаев Азамат Сатыбалдыұлына алғысымды білдіремін. Ал Талғат Қамқабайұлына алдағы жауапты қызметте сәттілік тілеймін», – деп жазды Дәурен Абаев Facebook парақшасында.
Айта кетейік, Азамат Сатыбалды театр директоры қызметіне 2018 жылы тағайындалған.
Ал Талғат Қамқабайұлы 2016 жылдан бастап Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры қызметін атқарған.