Біздің енді-енді есіміз кіріп, етек жапқан кезімізде алақандай ауылдың шалдары бастарын қосса, ат жалын тартып мінген жігіт-желеңнің тегінен тартып, бағасын беріп отыратын. Енді ойласақ, сондағылары ержеткен ұлдардың кісі боларларын танып, таңбалау екен ғой. Көбіне көңілдері тола бермейді. Ананы айтады, мынаны айтады. Бірінің жүрісі, бірінің тұрысы ұнамайды. Кісілік, түсініктеріне күмәнді. «Әй, мына бізге керегі азамат ердің баласы ғой!» деп қайыратын сөздерін.
«Ол қандай өзі, азамат ердің баласы?» деп ойлайтын едім. Одан бері де өтті ғой талай жылдар. Ащы-тәттінің дәмін таттық біраз. Көргеніміз де, білгеніміз де аз емес. Жақсы мен жаманды айыра алатын халдеміз. Енді келіп, адамдардың арасында кім, қалай өмір сүріп жүр деп үздігеміз. Сонда көргіміз келетіні, баяғы қарттарымыз көксеп отыратын азамат ердің баласы екен. Ізгілік, жанашырлық, пайым-парасат, алғадай азаматтық, тағы-тағы қасиеттер жиынтығын солардан көреді екенсің. Аздау бірақ. Сол аздаудың бірі мен үшін – Сағындық Ордабеков. Жамбыл облысының жетекші хирургы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк академиясының мүшесі, құдай берген бейімі бойынша өңірдегі талай-талай газет тілшілерін он орап алатын белгілі журналист.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылының соңы. Қордайлық жерлесім, осы күнгі «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпішев Жуалы өңіріндегі Сұрым станциясындағы қызға үйленген кезі. Жазғы демалысымыздың біраз күнін қайын жұрт жағында бірге өткізіп келейік деп жан қоймады. Қайдағы демалған?! Ол жақта күйеу баланы жұмысқа салу ата дәстүр екен. Күйеу баласын отқа қақтап жесе де шаруам қанша, дегенмен ілесіп барған соң амал жоқ, мені де салды ғой жұмысқа. Он күн шөп шаптық, шалғы тартып. Күнге күйіп, ерін жарылып, сол кездегі Жамбыл, қазір Тараз қаласына өліп-талып жеткенімізде, Әшірбек: «Осы сен Сағындық Ордабековті білесің бе?», – деп сұрады. Білгенде, облыстық газетте мақалаларын көріп жүретінімді айттым. «Енді өзін көрсетейін, бір жақсы жігіт», – деді. Кездестік. Үйінде болып, дәмін таттық. Не айтып, не қойдық, әрине, есте жоқ. Содан отыз жылға таяу уақыттан кейін көрдім Сағындықты. Рас, газетте жиі-жиі жарияланып тұратын мақалаларын оқып жүретінмін. Ойлы болған соң. Кісілік пен имандылық өріліп тұратын.
Л.Толстойдан «Анна Каренина» романындағы Анна кім?» деп сұрағанда, «Өзім» деген екен. Сол айтпақшы, кім не жазса да, ол өзінің болмысы, ниет-пейілі, ұстанымы мен жан қалауының ырқында болатыны шындық. Демек деп ойлайтынмын, бұл Сағындық – «біздің адам». Міне, біраз жылдан бері сырымыз бен жырымыз бір сыйлас адамдармыз. Күніне кейде таңғы төртке дейін ота жасайтын хирургтың уақыты көп бола бермейді. Қолы қалт еткенде маған келіп тұрады. Әңгімеміз осы күнгі бастары қосылса біреудің алдын ала көрін қазып, М.Ақдәулетов айтатын «Ақиқат боп өлгісі бар өсектің, арғымақ боп желгісі бар есектің» керін келтіріп жүретіндердің көр-жерлері емес. Заман, қоғам, адам, ұлт, оның рухы, таным, түсінік, пайым – міне, біз айтатын әңгімелер легі.
– Қалай болғанда да, сіз бен біздің мамандықтың бір жақындығы бар, – дейді ол.
– Қандай?
– Медицина адамның тәнін емдейді, әдебиет жанын.
Осы күні оқшау жүретін адамның ортақ тақырып тауып, ой бөлісер оңтайлы азаматтар, әсіресе, аймақта оңайлықпен кездесе қоймайды. Сағындықпен әңгіме-дүкен құрып отырғанда, осы бір жүрісі мен тұрысы сыптай, тебіренісі терең, қай жағынан қазақи қасиеті қылаң беріп, жадырап сөйлеп, жарыла күлгені жан тазалығымен жарасым тауып тұратын бітім-болмысына қуана қарайсың.
Иә, дәрігер кәсібі бойынша – аурумен келетін ажалға қарсы тұрушы. Ал кісілігі бойынша ше? Кәсіп пен кісілік – екі ұдай ұғым. Кәсіп – оқу-біліммен, кісілік – туа бітетін Тәңірдің сыйы. Өкінішке қарай, ол кез келген мамандық, лауазым иелерінің бәріне тән емес. Қазақ сөзімен айтқанда, құдайға қарағандар құмырсқадай қаптап жүрген жоқ. Жалпыға бірдей жақсылық жасап жүретіндер – сол құдайға қараған адамдардың ісі. Құдай көкте де, жерде де емес, кісіге жақсылық жасауға дайын жандармен бірге екені осындайда қаперге кіреді.
Қайсыбірде біздер отыратын ғимараттың күзетшісі:
– Аға, осы сізге келіп жүретін дәрігер ше, облыстық аурухананың хирургы, – деп азанда кабинетіме келіп тұр.
– Ордабеков пе?
– Иә, сол кісі.
– Ал…
– Өткендегі күзет кезегімде сізге келіп, кіргелі бара жатқанда аға деп әйелімнің денсаулығы жайлы айтып едім, сөзге келместен «ертіп кел» деді. Сөйтіп, бірден ауруханаға жатқызды. Құдайға қараған адам болмаса, мені танымайды, есік күзетіп тұрған біреумін. Жақсы адамдар бар екен ғой, аға, бар екен…
Сондай күзетшінің бірі Зайченко деген орыс шалын да емдетіп бергенде де, оның «Бог любить таких ангелов» дегені бар.
Ал енді қаланың өзін былай қойғанда, ауыл-аймақтан Сағындықты арнайы іздеп келетіндер қаншама. Оның аты да, заты да аймаққа түгел мәлім. Екеуміз отырғанда мобильді телефонында тыным болмайды. Сол баяғы ауру-сырқау, дімкәс жандардың шаруасы. «Өзің көрсең, өзің емдесең, өзің қаратсаң, өзің ота жасасаң…». Ол аздай, күрделі отаны жасату немесе бақылап-нұсқау беру үшін аудандарға шақыртып әкетіп жатады.
– Осының барлығына қалай үлгересің? – деп сұраймын.
– Жалғыз өзің дерлік журнал шығарасың, өзіңнің шығармашылығың бар, жас талаптардың басын қосып бағыт беріп, жөн сілтейсің, сонда осының барлығына өзің қалай үлгересің? – деп қарсы сұрақ қояды.
Екеуміз де күлеміз.
– Әңгіме ниет-пейілде шығар, – дейді ол.
Сол болған жерде адам бәріне үлгеруге дағдыланады. Ғұмыр сол, бәріне үлгеруге берілген мүмкіндік қой. Соның ішінде дәрігерлік – өзіне тәуелді шаруаның кез келгенін кейінге қалдыра алмайтын мамандық. Тіпті бірер минутқа да. Дер кезінде жетіп араласпасаң, дерт дегеніне жете салады. Бұл ажалынан үш күн бұрын деген сөз. Адамды одан аман алып қалу жауапкершілігі – дәрігердің өмірінің мән-мағынасын айқындаушы белгі. Біз білетін ақиқат: қоғамның ең басты құндылығы – денсаулық. Денсаулықтың сүйеніш-тірегі – медицина. Алайда оның қызметкерлерінің барлығы бірдей осы табиғи заңдылықтың қадіріне жете ме? Ең ұлы парызым деп мойындай ма? Соны адал және сөзсіз орындау жолында ешнәрседен бас тартпайтын, еш нәрседен қорықпайтын нартәуекелге бара ала ма?
– Мысалы, – дейді Сағындық.
– Ұлы жазушы Чехов есіме түсіп отыр, – дедім.
– Қай тұрғыда?
– Жазушы емес, дәрігер ретінде.
– Білем, – деді Сағындық. – Ресейдің аса жұқпалы ауру дендеген өңіріне оның қатерін біле тұра, қайтсе бір септігін тигізбек болып барып, содан әлгі дертті жұқтырып алып, ажалынан бұрын өкпе құрт ауруынан (туберкулезден) өліп кетті ғой.
– Дәрігерлік шексіз парызына адалдықтан, – дедім.
– Меніңше, ең алдымен, адамдық парызы болар. Адамдардың амандығын ойлаған парыз. Ұлы адалдық. «Адамдар адалдығы үшін де салық төлеуі керек» деген сөзді айтқан сол Антон Павлович емес пе?!
– Чеховты біраз оқығансың-ау, сірә.
– Аздап.
– Неге көп емес?
– Қазақтарды кім оқиды? – деп күледі Сағындық.
Аздап деп қойғанымен, Сағындықтың оқығаны аз емес. Өзіміздің ақын-жазушылардың қаймақтарын жіпке тізіп беретіні бір басқа, орыс алыптарының да талайының шығармаларын оқығандығы бір төбе. Оның айтатыны: өмір не, адам кім? Осыларды тануда екі ұстаз бар. Бірі – өскен ортаңның тағылымы, үлгі-өнегесі, дәстүрі, екіншісі – кітап. Біріншісі өмірдегі өз орныңды дұрыс таңдап алуға жастай қалыптастыратын замандар бойы жинақталған ұлттық құндылықтарды бойыңа сіңіреді, екіншісі жалпы адамзаттың тарихи тағдырындағы өзіндік бітім-болмысынан, өмірлік ұстанымдарынан күрескерлік рухынан, «тар жол, тайғақ кешулерінен» бағы мен сорынан ақпарат береді. Бұл «білімді мыңды жығады» дегенге апаратын жол. Парыз-борышқа адалдыққа, кісілікке жетелеп жүретін жансерік.
– Біздің қазақта адам және кісі деген ұғым бар, – деймін. Сағындықты әдейі тереңдеп баратын әңгімеге тартып. – Айырмашылығы белгілі, әрине. Біздің екеуіне екі түрлі көзқарасымыз бар. Дәрігерде қалай?
– Дәрігер – мамандық. Мамандығың бойынша саған хан да, қара да бірдей. Алдыңда ауру адам ғана қалады. Бұған дейін кім болды, не істеп, не қойды, мейманасы тасыса сол қашан, қалай тасыды, айдарын жел ескендегі айбары қандай еді, кімге тізесі батты, кімді мұқатып, кімді жылатты, құдайдың қолын ұстағандай кездері… Соның барлығы әп-сәтте көк тиынға тұрмай қалған, сөйтіп тобасына келіп, шыбын жанын айтып шырқыраған пенде тұрады. Дерт күшті, жан тәтті. Ешкім айналып өте алмайтын, ет пен сүйектен жаралғанның кез келгені бетпе-бет келетін ақиқат. Бірақ кез келгеннің түбі осылай болатынын қаперіне алуды ойламайтыны да шындық. Дәрігер ретінде кімнің де дертіне шипа іздеп, сауықтырып жіберу, әл үстінде жатқанын аман алып қалудың барлық амалын жасай жүріп, әлгіндей ойлар жаныңды жеп тұрады…
Дертті тек тәнге ғана тиесілі деп қарау аздық етеді. Рас, тәнге жабысатын дерттің аты көп. Ал жанның дерті бір басқа. Ол – аттай шауып жүрген, солай шауып өтетіндердің талайында болатын ауру. Атап айтқанда, пиғылдың бұзылуы, кесірлік, қара ниеттілік, аярлық, екіжүзділік, опасыздық, т.б.
Сағындықтың толғанысынан ұғатының: адамның кісілігіне кесепат – әлгіндей құдай-тобаны ұмытатын құбылыстардан екен. Рас қой. Жан тазалығы бұл қай замандарда да, қай формацияда да, қай халықта да арман болған әңгіме. Бірақ жаппай жан тазалығына жете қойған әлемде, сірә, ешкім жоқ. Ал оған ұмтылыс тоқтамайды. Соның ішінде бұл біздің тәуелсіз Қазақстанымыз үшін, қазақтың ұлт болып қалыптасуы үшін тіпті қажет. Оқыған ел озады. Рас. Білікті жұрт биікке шығады. Рас. Еңбек істей білген елдің еңсесі биік. Рас. Ынтымағы жарасқан халық ырысқа кенеледі. Рас. Ал жаны таза ұлт – жасампаз! Жасампаздық – ар-намыс, ұлттық күрескер рух, өркениеттегі өзіндік өзгеше өрнегіміз. Кісілік кеңістігіміз әманда осылай болсын дейік…
Өзін оқшау ұстайтын, көрінгеннің көр-жер әңгімесіне уақытын қор етпейтін адамға өзіндік өмір танымы бар, жан-жақты, айтары да жазары да бар азаматтың жөні бөлек. Күтіп жүресің. Күжірейіп емес, күлімсіреп кіріп келетінді. Сағындықты айтып отырмын. Сөзіміз жарасады, ойымыз тоғысады. Әңгімеміз әрқилы. Ел мен жұрттың тарихи тағдыры. Ұлттық ұлағат. Өз басымыздың өткен-кеткендері. Есте қаларлары, іліп аларлары дегендей, мысалы, кісілік мәселесінде.
– Бұл шаруада соншалықты тауды бұзып, тасты жардық деу әбес болар, – дейді Сағындық.
– Әйтеуір, адамшылықты айналып өтпегеніміз рас.
– Дегенмен сол бір ісім, сірә, есте қалар дейтіндей жағдайлар да болады ғой.
– Өмір болған соң, әрине.
– Ол енді жылда алдыңа талай ауру келіп, кәсібіңе тиесілі жұмыс қой.
– Дәрігерлік өмірде күтпеген, ойламаған оқиғалар, адам ретінде жасайтын әрекет жадыңда қалады.
Осылай деп Сағындық ойларының кейбірін тарқатып әкетеді. Жас кезі. Облыстық аурухананың хирургия бөлімінде. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шені. Облысты он жыл басқарған, талай-талай жеткізген, аймақта аса беделді Хасан Шаяхметович Бектұрғановтың зейнетке шыққан кезі еді.
Кеңес өкіметі дәуірінде атадан қалған аса кісілікті құндылықтың бірі – «кімнің де, ненің де қадірін аяғына дейін білу» дәстүрі аяқасты болғаны ешкімге құпия емес. Бұл қара халыққа тиесілі болмас, ал қызметтің қилы-қилы буынында жүргендердің қылығы болатын. Хасан Шаяхметович те сол иттікке тап болды. Отан соғысында аса ауыр жарақат алған капитан Бектұрғановтың аса бір қат дәріге тәуелділігі бар еді. Ол да адам. Адам болғанда ірі партия қызметкері. Сонысына адал болды. Осының барлығы үшін денсаулық керек еді. Ол үшін әлгі аса қат дәрі күн сайын дерлік керек болатын. Сол үшін де облыстық аурухана басшысы Овсянников дегеннің қол-аяғын жерге тигізбеді. Жақсылығын үйіп-төкті. Тіпті еліміздің Жоғары кеңесінің депутаты етіп, республиканың құрметті дәрігері атағын, орталықтағы жаңа үйден кең пәтер бергізіп, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі етті. Сөйткен Овсянниковы бұдан бүгін Қырымнан қашатын болды. Айналасындағыларға «Бектұрғанов келсе, мені жоқ деңдер» деп бұйрық беріп қойған. Отбасына да осы тапсырма. Көктен іздесең көрінбейді, жерден іздесең таптырмайды. Ұзақ жылдар бойы биліктің тізгінін ұстаған, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс адам дәл мұндай қор болмас.
Иттің баласы табанымды жалаушы еді, – деп терең күрсінеді. – Енді көрдің бе, біздің бүгінгі ахуал осылай болып тұр, інім. Кімге барып, кімге нені айтасың? Күні кеше кабинетіме кіріп-шыққанын бақыт көретін, «айшылық жерден» күтіп алып, «айшылық жерге» дейін шығарып салатын, қату қабағымды көрсе қазық болып қатып қалатын, оң қабағыма зар қайда жүр талайлар, қазір? Овсянниковтың ғой қаны басқа, атқа мінгізіп, қақтырмай-соқтырмай жетелеп, қаздай тізген қазақтарым қане? Тым болмаса телефон соғып, сәлем беруге де жарамай қалды ғой. Осымен Отан соғысының оғының жазылмайтын жарақаты енді, міне, екеулеп есімді аударды».
– Осыны естігенде, жаным алғаш рет жаман күйреп кеткендей болды. Бұл қалай? Өкіметке, партияға керек болып, ұзақ жылдар қажетіне жараған мұндай тұлғаның ешкімге керек болмай, «итке тастай салған сүйектің» күйін кешкені… О кезде бұл мен түсіне қоятын шаруа емес еді, – дейді Сағындық. – Тек әлгі сұрақ «сонда біздің, қоғамның кім болғаны?» деген сауалды тудырған.
– Содан? – деймін.
– Әлгі аса қат дәріні қандай жолмен болса да алуға тура келді.
– Бұл қауіпті ме еді?
– Әрине. Бірақ мынандай жағдайда тәуекел етпесіме болмай қалды. Бұл жалғыз аяушылық емес, қазір ойласам, қоғамның әділетсіздігіне, екіжүзділігіне, опасыздығына қарсылығым болған сияқты.
– Содан?
– Содан ол кісі жиі келетін болды. Келерінде телефон шалады. «Балам, шай қойып қой» дейді. Осы жалғыз ауыз сөзде бәрі бар. О кісі келеді. Амандық-саулық, ыстық шай, дәрі егу… Соңғы бір келгенде: «Әттең, шіркін, – деген. – Өзіңдей қанша ініміз бар, анау билікте отырғанда мұны білмек түгілі ойлаппыз ба? Қызмет бабында талай-талай қателіктер өтті ғой, алайда ең басты қателігім – кісілікті кісіден іздемегенім екен. Өкінішті өмір. Өзекті өртейтін баяғы бір әттең…»
– Ойлайсың, кешегі кешегі, ал енді әлгі бір «әттеңнің» әлеуметтік себебі бүгінгі қоғамды толғандыра ма? Адам қадірлі ме, жоқ лауазымы қадірлі ме?
– Лауазымның мысы басып кетеді, сірә, көп жағдайда, – дейді Сағындық. – Қай жағыңа қарасаң да, әуелі соған құлдық. Психологиялық тұрғыдан бұл да дерт. Медицина араласа алмайды. Жан-дүниедегі ақау.
Осыны айтқанда, Сағындық біртүрлі күйзеліп, күйініп қалады.
– Менің қолыма қалам алдыратын – қоғамдағы осы іспеттес майдалықтардың лаңы. Көрер көзге жүріп жататын қайырымсыздық, немқұрайлылық, жауапсыздық, намыссыздық, имансыздықтың жағасынан алғың келеді. Жазумен. Басқадай жол қайсы? – деді ол.
– Айтпақшы, Шәмші Қалдаяқовты да емдеген кезің болды ғой?
– Шәкеңді ме?
Айтулы композитордың он жылдам астам Жамбыл облысының дәмін татқаны бар. Жергілікті билік қала іргесіндегі Жалпақтөбе ауылынан үй де салып бермек болған. Іргесі көтеріліп, қабырғасы жартылай қаланып, гараж салынды. Алайда алқа-салқа қалпында қалды. Композитор автокөлігіне арналған гараждың бір бұрышында біраз жыл тұрып қалған. Облыстық ауруханаға түсіп жүргені сол кез. Өлімші халде. Кушетка үстінде бүк түсіп жатыр. Әрең сөйлеп: «Қарағым, мен Шәмші Қалдаяқов ағаңмын», – дейді. Соқыр ішегі асқынып, шіріп, тесіліп, ішкі қуыстарын ірің кеулеп, дерт мүлде дендеп кетіпті. Дереу операция жасалады. Өте күрделі болады. Операциядан кейін де Шәкеңнің бетін бері қарату қиынға түседі. Әупірімдеп, әзер аман алып қалады. «Салынып бітпеген үйімнің гаражында үш күн дөңгелеп жатып қалдым ғой. Атаңа нәлет жалғыздық та», – дейді есін жиғанда. Қазақтың ғажайып композиторы… Тағдыры болса мынау. Жалпақтөбеде жалғыз қалған қайран дарын. Гаражда арам қатып қалуы да мүмкін еді-ау.
– Шәкеңді ерекше күтімге алдым, – дейді Сағындық. – Ерекше дегенде, кезекшілігімде кабинетке шақырып алып, шай дайындап, әңгімесін тыңдаймын. «Інім-ау, сен болмасаң, бұл жерде маған іздеп келіп шай беретін ешкім жоқ», – деп қояр еді. Ем-домы аяқталып, ауруханадан шығатын уақыты толғанда: «Сағындық, айналайын, мені Жалпақтөбедегі гаражда біреу күтіп отыр дейсің бе, осында тағы бірер күн жата тұруымның бір амалын қарастырсаңшы», – деді. Жалғыздықтан жадаған жанның жағдайын түсінбеу мүмкін емес еді. Жалма-жан қарастырып, ретін келтірдім. Сонда ғой Шәкеңнің разы болып: «Ой, азамат ердің баласы», – дегені де бар.
Ауруханадан шыққаннан кейін де Сағындық Шәкеңмен кездесіп қалып жүреді. Соңғы рет… Композитордың өңі тым жүдеу еді. Көзінің нұры тая бастаған. «Есіңде ме, інім, «жүрегі бар адамдардың жүрегі ауырады» дегенім. Сол мазалап жүр, – дейді. – Дүние шіркінге келу бар, кету бар. Мазалайтын сұрақ: біраз ән шығардық. Айтылып жатыр. Күні ертең ше? Ұрпақтан ұрпақтың құлағына жете ме, кім білсін?!».
– Кім білгенде, Шәмшінің қазақ өнерінің ұшар биігіндегі мәңгі сөнбейтін жарық жұлдызының бірі болып қалғаны бізге аян. Оның әндері қазақпен бірге жасай береді. Сондай біртуар тарихи тұлғаға оның басына іс түскен кезде азды-көпті септігімнің тигеніне марқайып жүремін, – дейді Сағындық.
Қайран Қалдаяқовтың қадіріне қазақ көзі тірісінде жете қойды ма?! Жете алмады. Таланттың тағдыр талайын танып, «тар жол, тайғақ кешуін» оның бойындағы алапат тасқын екенімен ешкім шаруасы болған жоқ. Қазір ғой, Шәмші жайлы әңгіменің құйысқанына қыстырушылар көп: өйтіп едік, бүйтіп едік… Жалғыз Шәмші ме, басын тауға да, тасқа да ұрып өткен, туысы бөлек тұлпар тектілер қанша?! Енді келіп егілеміз, езіледі емешегіміз. Рас та шығар. Бірақ сабақ алдық па, аламыз ба, сол асып туғандарды көзі тірісінде көкке көтере білмейтін көр-жерліктен? Қайдам-ау…
Сағындықтың шипасы мен азаматтығын қатар көргендер, бақилық болған және осы күні жер басып жүргендер жетіп артылады. Соның бірі – кезінде Мойынқұм ауданын жиырма жылдан аса басқарған, өңірді өркендеткен, көркейткен, есімі ел арасында құрметпен аталатын Айтбай Назарбеков болатын. Ішінде Ғабит Мүсірепов бар қазақтың қаншама жазушысы осы Айтекеңе арнайы келіп, апталап аунап-қунап жататын да еді. Әсіресе, Назарбековтің «қызығын» көп көргеннің бірегейі – Әзілхан Нұршайықов. Басына киіз үй тіктіріп алып, бағланның етін былбыратып пісіртіп, сары қымызды сапыртып, сайын даланың самалын жұтып, жан рахатына батқан талай. Қайтесің, қара тұтып келген қай-қайсысында төбесіне көтеріп, қадірлей білетін азаматтығы аумақ түгілі Алматыға да әйгілі Айтекеңнің де «базары тарайтын» кезі де келген бір күні.
Жамбыл облысының бірнеше ауданында бірінші секретарь болған, Мойынқұм ауданын ширек ғасыр басқарған, Ленин орденінің иегері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне бірнеше жолы депутат, КПСС және республика партия съездеріне де бірнеше рет делегат, Отан соғысының ардагері айдың аманында анау айтты, мынау айттының күңкіл-сүңкілімен аттан түсіп, облыстық бір мекеме басшысының орынбасары болып келеді. Сағындықтың ол кісімен табысып жүргені осы кез. Айтекеңнің өзі іздеп келген. «Азаматтығың жайлы көп естіп едім, айналайын, – дейді. – Ағаңның тән ақауларына септігіңді өзің тигізіп жүрсең».
Соғыста қан кешкен, бейбіт өмірде тер төккен, азаматтығы, алғырлығы, адамгершілігімен абыройға дос болған адамның келіп-келіп керексіздеу болып қалғаны, әрине, оңай соқпайды. Сағындық соны аңғарды. Салмақ жүйкеге, жүрекке түседі. Қанша мықты болса да, қамығу, қап әттеген-ай қақпайлай береді, сірә. Өкпе кімге? Өбектеп келген өмірдің өгейсіп кететіні қалай? Өзімсініп жүргенің өзекке неге тебе салады? Назарбековпен үш жыл кездесіп жүргенде, Сағындықтың көкейіне осы сұрақтар ұялаған. Ол жеке адамдардың, қоғамның құбылуының әлеуметтік себебін біле алмай дал болды. Әлі де солай. Ұлт болып қалыптасуда құбылудан құтылуға қолымыз қай күні жетеді? Нендей құдірет керек бұл жерде? Ақыл бар. Білім бар. Көсемдік бар. Шешендік бар…
Сол күні… Айтекең ертелеп келген. «Інім, мен Алматыға санаторийге жүріп барамын. Карточкамды өзің толтырып бер», – деді.
– Құжаттарын қолына алып тұрып, – дейді Сағындық, – Ағаның айтқаны: «Жасаған жақсылығың болса, адамды қайдам, Құдайдан қайтады, осыны ұмытпа!».
Бұл Сағындықтың Назарбековтен естіген соңғы сөзі болады. Айтекең сол сапарында ойламаған жерден жүрек талмасынан көз жұмады.
Жылдар жылжып, самайды қырау шалып, шау тарта бастағанда көп жағдайлар ұмытылар. Ұмытылмайтыны – талайы таңбалы тағдырлар. Таңдайды көтеріп, маңдайды сипаған тағылымдар. Қадір біліп, қасиет танып қалыптасқан кезеңдер. Өмірдің мәні – адамның амандығы үшін ғұмыр кешетіні. Сағындық айтса, осылай. Біз айтсақ, мұндай пайым-парасат – азамат ердің баласына тән ұстаным!
Несіпбек Дәутайұлы,
жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері