24 тамыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Әзербайжанға барды. Сапар кезінде екі ел басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздері өтіп, бірқатар құжатқа қол қойылды.
Мемлекет басшысы Әзербайжан президентінің шақыртуына алғыс білдіріп, Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келіп отырғанын айтты.
– Ең алдымен бізге көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл – Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келуім. Бұл сапардың мен үшін мән-маңызы айрықша. Бүгін бірқатар өте өзекті мәселелер туралы пікір алмасулар болады. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Ол екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ильхам Әлиев Қазақстан Президентінің Бакуға келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін айтып өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевті «Алтын Қыран» орденімен наградтады.
– Қазақстанда сізді көрнекті мемлекет қайраткері ретінде біледі, құрметтейді. Бүкіл әлемге танымал тұлға ретінде сыйлайды. Әзербайжанды тарихи жеңіске жеткізген, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес, территориялық тұтастығын қалпына келтірген адам ретінде мен бүгін біздің жеке кездесуімізде сізді құттықтаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал Әзербайжан президенті екі елді тарихымыз, ортақ тамырымыз байланыстыратынын айтты.
– Мен бұл марапатты бүкіл әзербайжан халқына деген құрметтің белгісі деп білемін. Сіздің қолыңыздан осы марапатты алу мен үшін зор абырой, – деді Ильхам Әлиев.
Одан бөлек, Мемлекет басшысының шешімімен Физули қаласында Құрманғазы атындағы шығармашылықты дамыту орталығының іргесі қаланады. Мемлекет басшысы қазақ халқының атынан жасалған бұл сыйлық елдеріміздің достығының, бауырластығының және өзара қолдаудың тағы бір нышаны болатынын атап өтті.
Өнер орталығының жалпы ауданы – 3 100 шаршы метр. Екі қабатты ғимарат 600 адамға арналған. Биыл қыркүйек айында іргетасы қаланып, 2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі.
Ильхам Әлиев бұл орталық Физули қаласының балалары үшін әлемдік деңгейдегі шығармашылық орталық болады деген сенімін білдірді.
Одан соң екі ел басшысы кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Президенттер қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігінің негізгі мәселелерін талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация және Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаға қол қойды.
Ресми сапар аясында қол қойылған құжаттар тізімі:
Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация.
Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтамақтастық туралы келісім.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2023-2024 жылдарға арналған Ынтымақтастық жоспары.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы мәдени ынтымақтастық жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған бағдарлама.
Түркістан қаласы мен Шуша қаласы арасында бауырлас қарым-қатынастарды орнату туралы хаттама.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Медианы дамыту агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасында ақпараттық-коммуникациялық және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.
Қазақстан Республикасының Индустрия және
инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум.
Қазақстан Республикасының Индустрия және
инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы транзиттік жүк тасымалы саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум.
Д.Жанатқызы