Қазақ қызының болмысы

Халық даналығында «Қызды төрге отырғыз, төреңдей күт» деп қызға ерекше құрмет көрсетілген. Бүгінгі күні ардагерлер де қызға деген сый-құрметті әркез тілге тиек етіп отырады. Халқымыз қызды бақыт құсына балап, ерекше аялап, еркелетіп өсірген. Ертеде қыз баласына жасалған ерекше құрметтің бірі – оның көзінше ер адамдар дөрекі сөйлемеген. Қызға қонақ ретінде қарап, «жат жұрттық» деп санағаны да көпшілікке мәлім.

Әйгілі жазушы Ғабит Мүсірепов өзінің бір сөзінде «Қазақ қызы ұзатылғанша негізінде екі-ақ түрлі жұмыс істейді: көлден су әкеледі, шай құяды. Жұмыстың басқа түріне қайын ененің қолында жаттығады», – деп, қыз балаға ауыр жұмыс істетпей, әлпештеп өсіргені туралы айтады.
Қыздың құндылығын әуелі Алла иманмен, біліммен, ұятпен биік еткен. Екінші қыздың бағасын өзінің әке-шешесі көтереді. Ата-анасының батасын алған қыз еш уақытта жаман болмайды, сүрінсе де сынбайды, құласа да қирамайды.
Қазақ халқы «Қызға қырық үйден тыйым» деп қыздың тәрбиесіне аса көңіл бөлген. «Қыздың тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деп жіті назар аударып, ақын-жазушылардың өзі қызды әркез құрмет тұтып, өлең-жырларына арқау еткен. Белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың қыздарға айтылған әрбір өсиетінен, әр сөзінің астарынан қыздың қадірін, мұңын, жүрегінің сырын ұғынуға болады. Көптеген кеңестердің ішінде мына бір өсиеті оқыған жанға ой салады.
«Қыздар! Желкілдеген жеңілтек болмаңдар! Желпілдек қызды жебір жігіттер жентектеп ауыздарына бір-ақ қылғыта салуға құмар келетінін ұғыңдар, ұмытпаңдар. Сабырлы болыңдар, салиқалы болыңдар, салауатты болыңдар, қарақтарым!» Расында, мұның ұғынған адамға мағынасы терең. Осы бір ауыз өсиеттің өзі қазақ қызының қандай болуы керектігін айғақтап тұрғандай.
Қыздың сабырлы, салмақты болғаны абзал. Қазақ бойжеткені ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей, «Арым жанымның садағасы» деп қадірін биік қоя білген. Қызға тән суықтық пен қаталдықтан да алыс кетпей, сол арқылы өз абыройын қорғаған. «Қыз өссе – елдің көркі». Қыз – ұлттың тұмары, ары, иесі, киесі! Қыз өсірген қызыққа кенеледі. Сол үшін алтын аруларымызды ардақтай білейік. Ал олар «Мен қазақ қыздарына қайран қалам!» деп өздерін аялап, әспеттеген ақын жырына әманда сай болса екен демекпіз. Сонда ештеңеден ұтылмасымыз анық.

Жанерке ЖАНҰЗАҚ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
«Web-журналистика» мамандығының 4 курс студенті

Comments (0)
Add Comment