Қазақтың үш қыраны

Бүгін – Ғылым қызметкерлері күні. Осыдан 63 жыл бұрын алғаш рет адамзат баласы аспанға ұшып, ғарышқа самғады. Сол сәттен бастап әлем тарихында жаңа дәуір басталды. Тәуелсіздік таңы атқан тұста елімізде де ғарыш саласына ерекше мән берілді. Нәтижесінде, үш бірдей қазақ баласы ғарышты бағындырды. Бұл, сөз жоқ, тарих бетінде алтын әріптермен жазылған сәт.

Бұл күнге дейін Жер шарындағы 7 млрд адамның 600-ге жуығы ғарышқа ұшқан. Оның үшеуі – қазақ. Тоқтар Әубәкіровтің ізімен Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов орбитаға аттанды. Сапар барысында 39 ғарыштық эксперимент жасалды. Осының арқасында Қазақстанның ғарыш ғылымын халықаралық қауымдастық мойындады.
1991 жылы 2 сәуірде қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшып, қазанның 10-ында Жерге қайтып қонды.
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, техника ғылымының докторы, профессор Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы маусымның 27-інде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, «Бірінші май» ұжымшарында дүниеге келген. 1969 жылы Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, 1979 жылы авиация институтын бітірген.
Талғат Мұсабаев – қазақтың 2-ші, ал әлемнің 309-шы ғарышқа үш рет ұшқан ғарышкері. 1994 жылғы маусымның 1-інен қарашаның 4-іне дейін «Союз-ТМ» ғарыш кемесінің бортинженері ретінде ғарышта болып, 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты.
Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының ұшқыш-ғарышкері, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы және Ресей Федерациясының Батыры, авиация генерал-лейтенанты, техника ғылымының докторы, «Экология» Қазақстан халық академиясының академигі Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы, Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында дүниеге келген.
Ал Айдын Айымбетов 2015 жылғы 2 қыркүйекте ғарышқа ұшып, үшінші қазақ ғарышкері атанды. «Союз ТМА-18М» басқарылатын ғарыштық кемесі Байқоңыр ғарыш айлағынан елорда уақытымен сағат 22:37 минут өткенде аттанды. Халықаралық экипаж құрамында ресейлік ғарышкер, №1 бортинженері Сергей Волков, Дания Корольдігінің астронавты Андреас Могенсен және №2 бортинженері «Қазғарыш» ғарышкері Айдын Айымбетов болды.
10 күнге созылған сапарда Айдын Айымбетов ғарыштағы 5-інші ұлттық ғылыми зерттеу бағдарламасын орындады. Алғашқы 4 бағдарлама 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровтің және 1994, 1998, 2001 жылдары Талғат Мұсабаевтың ғарыштық сапарларында атқарылған еді.

«Сұңқардың самғау сәті»

Ғарышкерлер күніне орай қазақтан шыққан үш қаһарман ұлдың ғарышқа сапары жайлы қызық та тарихи деректерді баян етсек.
Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісті. Сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал туған аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті.
Тоқтар Әубәкіров ғарыштан оралған соң, Қазақстандағы ғарыштық даярлығын зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. Оның жұмысы ғарыштық ортаның адам ағзасына әсері және салмақсыздықтың әртүрлі аспектілері туралы білімімізді кеңейтуге ықпал етті. Тоқтар Әубәкіров сұхбаттарының бірінде ғарышқа ұшуына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі себеп болғанын айтқан. «Мен 1989 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездескенімде, ол ғарышқа ұшуым керек екенін айтты. «Мен қазір мұны істей алмаймын» деп жауап бердім. Ал 1991 жылы біздің келесі кездесуіміз өтті. Ол маған емес, халықтың атынан керек екенін айтты. Мен келісім беріп, ғарышқа ұшуға дайындала бастадым. Мен өз ұшуымды өз халқыма арнадым. Осы уақытқа дейін мен өз халқымның атынан таңдалғаныма Тұңғыш Президент пен тағдырыма алғысымды білдіремін», – деді Тоқтар Оңғарбайұлы.
Журналист Төлеубай Ермекбаев «Сұңқардың самғау сәті» атты мақаласында қазақ ұлтының тұңғыш ғарышкері аттанардағы жағдайды былай баяндаған: «– Сіздердің араларыңызда Қарағанды қаласынан келген журналист бар ма? – деп сұрады кенеттен Юрий Гагарин атындағы Ғарышкерлер дайындау орталығының бастығы, авиация генерал-майоры Петр Ильич Климук. Тағы да орнымнан қарғып тұрдым.
– Блокнотыңызды маған бере тұрыңызшы, – деді генерал. Дереу қойын дәптерімді қолына ұстаттым. Шалт қимыл қанына әбден сіңіп кеткен әскери адам ғой. Қойын дәптеріме бірдеңені шапшаң жазып тастады да, қолыма қайтарып берді. «Қарағандылықтарға Тоқтар үшін рақмет!» депті генерал-майор Петр Климук орыс тілінде. Жанымдағы әріптестеріме мақтана көрсеттім генерал Климуктың жазған сөздерін. Олар да мені құттықтап, бас бармақтарымен бағалап жатты. Экипаж командирі ретінде үш мәрте ғарышқа ұшқан, Кеңес Одағының Батыры атағына екі мәрте ие болған айбынды азаматтың Тоқтар батырдың тамаша дайындығына деген шынайы ризашылық көңілінен шыққан адал лебіз ғой бұл. Ертеңінде таңертең бізді тағы да МИК кешеніне алып келді. Ғарышкерлер әскери басшыларға өздерінің стартқа дайын екендерін баяндады. Ал біздің Тоқтар батыр:
– Президент мырза! Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров қазақ халқының атынан ғарышқа ұшуға дайын! – деп қазақ тілінде баяндады Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа.
– Жолың болсын, Тоқтар! Аман барып, сау қайт! Бұл – халықтың тілегі! – деді Нұрсұлтан Әбішұлы да толқи сөйлеп. Кеудеміздегі қара тас емес, жүрек қой! Мұндай сәтте қалай толқымайсың? Біздің де бойымызды қуаныштың ыстық лебі кернеп, көзіміз жасаурап шыға келген еді».
Тұңғыш қазақ ғарышкерінің мұрасы еліміз үшін қашанда маңызды. Халық санасында бұл елеулі оқиға ұлттық мақтаныш пен шабыттың символына айналды. Өз кезегінде, Қазақстан ғарыш индустриясының дамуын қолдап, ғаламның зерттелмеген кеңістігін зерттеу дәстүрін жалғастыра отырып, өз өкілдерін ғарышқа жіберуді жалғастырып келеді. Қазақстандық ғарышкерлер ғарыш бағдарламасы мен ғылыми зерттеулерге елеулі үлес қосты. Олардың жетістіктері ғылым үшін де, жалпы ұлт үшін де маңызды.

Гиннес рекордтар кітабына енген батыр

Тоқтар Әубәкіровтің ізімен Талғат Мұсабаев орбитаға аттанды.
Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев – Ресей мен Қазақстанның еңбек сіңірген сынақ ұшқышы. Мұсабаев өзінің ұшқыш ретіндегі мансабын 1974 жылы Кеңес армиясында бастаған. 1980 жылы ол ғарышкерлер жасағына іріктеліп, Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлау орталығында жаттығуын бастады. Талғат Мұсабаев ғарышқа алғаш рет 1994 жылдың 1 шілдесінен 4 қарашасына дейін Ю.Маленченко және В.Поляковпен бірге «ЭО-16» экипажының бортинженері ретінде «Союз ТМ-19» және ОК «Мир» көлік басқарылатын кемесінде ұшты. Үш рет ұшқан қазақ ғарышкері Мұсабаевтың еншісінде ғарышқа үш рет ұшу тәжірибесі бар. Нақтырақ тоқталсақ, 1994 жылы ғарышқа бірінші рет ұшқанда («Союз ТМ-19») 126 күнін ғарышта өткізген. 1998 жылы ғарышқа екінші рет ұшқанда («Союз ТМ-27») 208 күнін ғарышта болды. Оның бұл ерлігі Гиннес рекордтар кітабына бір айдың ішінде 5 рет 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққан батыр ретінде жазылды. Америкалық ғарышкер Л.Эйартс пен ресейлік ғарышкер (чуваш ұлтының өкілі) Николай Бударинмен бірге ұшқан. Ресей ғарышкерлері Николай Бадурин мен Юрий Батуринмен бірге қонған. 2001 жылы ғарышқа үшінші рет ұшқанда («Союз ТМ-32») 8 күнін ғарышта өткізген. Ғарышқа ұшуды аяқтағаннан кейін Мұсабаев ғарыш индустриясындағы мансабын жалғастырып, Қазақстандағы ғарыш агенттігінде басшылық қызметтер атқарды. Оның ғарышкерлікті дамытуға және осы саладағы халықаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесі орасан. Мұсабаев 2019 жылы, ғарышқа ұшғанына 25 жыл болғанда берген сұхбатында былай деген: «Менің ғарышқа шығуыма тура келді, мен мұны ұлтымыздың өкілі ретінде мақтан тұтамын. Бұл – мүлдем ерекше жұмыс. Мен ғарыштағы жұмыс саны бойынша әлемде үшінші орында тұрдым (бірінші рейсте – 11 сағат 7 минут, барлық үш рейсте – 43 сағат 46 минут), бортинженерлермен ең күрделі жұмыстарды орындадым. Біз қорқынышты апаттан кейін «МИР» ғарыш станциясының жұмысын қалпына келтірдік. Ашық ғарышқа барлық ғарышкерге бірдей шығуға рұқсат етіле бермейді, бірақ жалпы санның шамамен 15 пайызында ғана болатын мүмкіндік. Мұны іске қосатын елдің мемлекеттік комиссиясы шешеді», – деп толқыды ғарышкер.
Талғат Мұсабаев – өз елі мен бүкіл әлем үшін мақтаныштың символы, оның ғарыштағы және ғарыш индустриясындағы жетістіктері ғаламның зерттелмеген кеңістігін зерттеуге ұмтылысын айрықша атап өту керек.

Айға ұшқан Айымбетов

Айдын Ақанұлы Айымбетов 1972 жылы 27 шілдеде Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Өтеней ауылында туған. Қазақтан шыққан үшінші ғарышкер, «Халық қаһарманы», «авиация генерал-майоры» атақтары бар.
Әнші Сара Брайтманның ұшуынан бас тартқаннан кейін Роскосмос 2015 жылдың қыркүйегінде қазақстандық ғарышкерге қысқа мерзімді (10 тәулік) ұшуды ұсынған. «Бұл күн есімде жақсы сақталды. Бұл 2015 жылдың 22 мамыры еді. Бір күн бұрын біз ұлым 17 жасқа толған Әмірдің туған күнін атап өттік. «Қазғарыш» басшысы Талғат Мұсабаевтың менің ғарышқа ұшуым туралы күтпеген қоңырауы таңғалдырды. Сол сәтте қаққан қазықтай тұрып қалған едім, әйелімнің «Не болды?» деп толқып тұрған дауысы мені осы әлемге қайтарды. Сосын мынадай ой келді: «Орындалды! Адамдардың мыңдаған тілегі орындалды», – деп еске алған Айымбетов.
Айдын Айымбетов 2015 жылғы 2 қыркүйекте ғарышқа ұшып, үшінші қазақ ғарышкері атанды. «Союз ТМА-18М» басқарылатын ғарыш кемесі Байқоңыр ғарыш айлағынан елорда уақытымен сағат 22:37 минут өткенде аттанды. Халықаралық экипаж құрамында ресейлік ғарышкер, №1 бортинженері Сергей Волков, Дания Корольдігінің астронавты Андреас Могенсен және №2 бортинженері «Қазғарыш» ғарышкері Айдын Айымбетов болды. Бұл сапары 10 күнге созылып, Айдын Айымбетов ғарыштағы 5-ші ұлттық ғылыми зерттеу бағдарламасын орындады. Айдын Айымбетов сұхбаттарының бірінде 700-дей адам қатысқан сыннан өткені туралы баяндап берген. «Бастапқыда өтемін дегенге өзім де сенбедім. Бірақ сенім мен үміт болды. Күн сайын арманыма жетуіме қадамдап келе жатқанда сенім ұлғая бастады. Ал ең қиын тест – физикалық және психологиялық сынақтар болды. Түрлі қитұрқы сұрақтар қойылды. Мысалы, «төрт адам тұрсыңдар, ал сенде үш алма бар, қалай үлестіресің?» дегендей сұрақтар да қойылды», – деп еске алады өткен күнді Айымбетов.

P.S.

Иә, қазақ ұлтынан шыққан ғарышкерлердің көзсіз ерлігі – сөзсіз, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Олардың есімі тарих бетінде алтын әріптермен қалды. Енді қаһарман ұлдардың осынау батылдығы бүгінгі жастардың да жігерін жанып, ғарышты бағындырар әлі талай ұландар өсіп шығатынына бек сенімдіміз!

Дедек ТӨЛЕН

Comments (0)
Add Comment