Қазақ тілі қазаққа ғана керек

Мемлекеттік органдар өгейсіткен қазақ тілінің жағдайын тіл жанашырлары көтеруден жалықпақ емес. Түрлі жиындарға барып жүріп, мемлекеттік тілді білмейтін мекеме басшыларын көз көріп, құлақ естіп жүр. Ал мақалаға қажетті ақпаратты ана тіліңде сұрасаң, сөз еститін жағдайға да жеттік.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Шын мәнінде, орыс тілінің «ресми тіл» екендігі ешбір жерде заңмен бекітілмеген. Оған соншалықты сауаттың да қажеті шамалы және ол жайында талай заңгерлер де, социолингвистер де түсіндіруден жалықпай келеді. Қазақстан Конституциясында тілге қатысты 7-бап қана бар: оның алғашқысы, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi. Екінші, мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады. Үшіншісі, мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Осындағы 2-тармақта жазылған «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген сөйлем орыс тіліне ешқандай ресми мәртебе беріп тұрған жоқ. «Ресми түрде… тең қолданылады» деген тіркес бар болғаны «орыс тілін билік мекемелері мемлекеттік тілмен бірге тең қолдана алады» дегенді білдіреді. Бұл ұғымның дәлірегі: «сол қолданыс кезінде орыс тілінде мемлекеттік қолданыстағы тіл құзыры болады» дегенді аңғартады. Ал егер оны ресми тіл десек, онда орыс тілі де барлық мемлекеттік органдар мен мекемелерде қолданылатын екінші мемлекеттік тіл деген сөз. Көптеген елдерде «мемлекеттік тіл» ұғымының орнына «ресми тіл» термині сол себепті қолданылады, ал біздің кейбір мекеме қызметкерлері мәртебесіз тілге өз қолдарымен мәртебе сыйлап жүргенін өздері де ұқпайды.
Әлеуметтік желінің дәуірі жүріп тұрған шақта халықтан ештеңені жасыра алмайсың. Желіге Бекболат Тілеуханның депутаттық сауалды мемлекеттік тілде жолдамайтындарға шүйліккені халық арасында тез тарағаны белгілі. Халық қалаулысының сөзінше, Мәжілістің әр отырысында сауалдардың көбі тек орыс тілде ғана жолданады. Оған өзге тілде талқыланатын жүздеген заң жобасын қосыңыз. Осындайда мемлекеттік тілдің тұқыртылып жатқанын жеткізді. Бұл тек Парламентте отырған халық қалаулыларына ғана қатысты еместігі тағы бар. Бұлай кете берсек, мемлекеттік тілдің мәртебесін қалай көтереміз? «Балық басынан шіриді» деген дана халқымның мақалы осы жерге тура келгендей.
Иә, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның сөзінің жаны бар. Мемлекеттік органдарда өгейдің күйін кешкен қазақ тілі Қазақстанға ғана керек. Әлемдегі ең бай, шұрайлы тілімізді басқа жерде ешкім де қажетсінбейді. Парламенттің төменгі палатасына сайланған 108 депутаттың жартысынан астамы қазақ бола тұра, мемлекеттік тілге тіксіне қарайтын шенеуніктерге депутат өзінің ренішін былай жеткізген болатын.
– Жалпы қазақ тілінің Қазақстан Республикасынан басқа барар жер, басар тауы жоқ. Ол егер Парламент қабырғасында өгейдің күйін кешетін болса, басқа жерде күйі не болмақ? Жалпы қазақ тілінің мәселесі жайында. Осымен соңғы екінші отырыс, мына мемлекеттік тіл депутаттық сауал қою рөлінен айырылған сияқты көрінеді. Өткенде 6-7 депутаттық сауал болды. Біреуі де қазақша айтылған жоқ. Бүгінгі сауалдың бесеуі мемлекеттік тілді қажетсінген жоқ, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.
Мәжілістің әрбір жалпы отырысында жолданған 10 депутаттық сауалдың барлығы дерлік орыс тілінде жасалады екен. Оған орыс тілінде басынан бақайшығына дейін әзірленіп, талданатын заң жобасын қосыңыз. Тізбектей берсең кете береді. Өткен наурыз айында да қазақ тіліне қатысты бір келеңсіз оқиға болғаны қоғамның әлі де жадында. Мәжілістің жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин мемлекеттік тілде қойылған сұраққа орыс тілінде жауап берген шенеунікті сынның астына алған болатын. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Асхат Оразбековке қаратып айтқан сөзінде палата спикері бұл ескертпе басқа құзырлы органдардың өкілдеріне де қатысты екенін атап көрсеткен еді.
Мінекей, 30 жыл өтті. Әлі күнге дейін бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Бұған дейін Тұңғыш Президент те 2020 жылы еліміздің 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейді деп айтып еді. Ол да болмай жатыр. Сондықтан депутаттардың әлі күнге дейін заңдарды қазақ тілінде жазбай, өздерінің депутаттық сауалдарын қазақ тілінде жолдамай жатқандарын намыссыздық деп айтуға болады. Өзге мемлекеттің қазақ тіліне, тілді үйренуге деген құштарлығын көріп қызығасың. Өзге тілдің бәрін біліп, өз ана тілін өзектен тепкен шенділерді заң жүзінде жазалайтын күн жеткен сияқты. Өз тілімізді өзіміз қадірлемесек, кейін кеш болады.

Comments (0)
Add Comment