Қаза тапқан 227 адамның аты-жөні НЕГЕ айтылмады? Спикер жауап берді

Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов журналистердің сұрақтарына жауап берді. Журналистермен ашық сөйлесуге тырысқан спикер «Нұр Отан» партиясының атауының өзгеруінен бастап, мемлекеттік тілге дейінгі өткір сұрақтарға жауап берді.

Өзге журналистермен бірге Nege.kz тілшісі де Мәжіліс төрағасына сұрақ қойды.

– Елімізде «Аманат» деген әр түрлі ұйымдар көп бола тұра аталған атауды неге таңдадыңыздар? Сондай-ақ «Нұр Отан» атауынан не бас тарттыңыздар?

– Біздің елде 30-дан аса «Аманат» деген әр түрлі ұйым бар екен. Бірақ бірде-бір партия жоқ. Сондықтан да «Аманат» деген партияның тіркеуде ешқандай қиындық болмайды

Ал «Нұр Отан» партиясына келетін болсақ, біз аталған атауынан бас тартқан жоқпыз. Негізі өмір, қоғам өзгеріп жатыр. Желтоқсан айындағы Қазақстан мен қаңтардан кейінгі Қазақстанды салыстырсақ, біз басқа мемлекетте ұйықтап, басқа мемлекетте оянғандай болдық. Осы жерде шындықты айтайық, құрметті журналистер!

Сондықтан бүгінгі күні қоғамның сұранысы да өзгеріп отыр. Мемлекетке терракті болғаннан кейін қоғам дүр сілкініп отыр. Партия соған бейімделу керек қой. Қоғам өз алдына өмір сүріп, партия өз алдына бөлек әлемде өмір сүрмейді. Сондықтан партия мүшелері осының бәрін сараптап көрдік. Өткенде депутаттар өңірлерді аралап, адамдардың көңіл-күйі мен сұранысын байқадық. Негізі қоғамда биліктің өзгеруі мен жаңаруына сұраныс бар.

– Тергеудегі азаптауға байланысты не айтасыз?

– Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тергеу амалдарынан кейін оның бағасы беріледі. Егер де полиция қызметкерлері азаптау немесе заңсыз іс-әрекеттер жасаған болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл бойынша президенттің тікелей тапсырмасы бар және мұны біздің депутаттар басты назарында ұстап отыр.

Қазір ұсталған азаматтар «сүттен ақ, судан тазамын» деп айтып жатыр. Бірақ қазақ «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дейлі ғой. Егер азаматтың кінәсі болмаса, шығады және бүгінгі күні көп адам босатылды. Бүгінде бұл мәселемен Бас прокуратура айналысып жатыр. Егер азаматтардың қылмысы дәлелденсе, олар заң бойынша жазасын алады.

– Қаңтар көтерілісі кезінде елімізде 227 адам қаза болғаны ресми хабарланды. Неліктен мемлекет олардың аты-жөнін осы күнге дейін жарияламай отыр?

– Негізі билік қаңтар оқиғасынан кейін барлық шындықты айтып отыр. Ешбірін жасырып қалған жоқ. Бұл – бір.

Енді қаңтар оқиғасы аяқталғаннан кейін бірден қанша адамның қайтыс болғаны жарияланды ғой. Оны мойындайсыздар. Жарияланды. Бұл бұрын болды ма, болмады ма, айта алмаймын.

Екіншіден, аты-жөнін жариялау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр. Бүгінде қаншама полиция қызметкері мен әскерилер және бейбіт тұрғындар қаза болғаны айтылды. Мерт болғандардың көбі террористер. Олардың барлығының анық-қанығын анықтап, жариялау үшін тергеу құпиялылығы деген болады. Оларды анықтап болған соң жарияланады.

– Әлеуметтік желіде «Ата заңнан орыс тілі ресми тіл» деген статусты алып тастауды айтып, азаматтар петиция ұйымдастырып жатыр. Халықтың бұл талап тілегіне құлақ асасыздар ма?

– Бұл талапты халық емес, белгілі бір бастамашы топ қойып отырған шығар. Бұл мәселеде мен сұрақты басқаша қояр едім. Бізге қазақ тілін дамыту маңызды ма, жоқ әлде орыс тілінің ұлтаралық тіл мәртебесін алып тастаған маңызды ма?

Менің ойымша, заңнан алып тастағаннан гөрі мемлекеттік тілді дамытуға басымдық беру керек. Қазақ тілін қалай дамытамыз? Осындағы қазақ журналистері бір-бірлеріңізбен қай тілде сөйлесесіздер?

– Қазақ тілінде.

– Барлығыңыз ба? Шындықты айтыңыздаршы. Міне, мына азамат «орыс тілінде» деп шындықты айтып отыр. Көрдіңіздер ме?

– Депутаттардың арасында да орыс тілінде сөйлейтіндер бар ғой…

– Ол басқаша сұрақ. Барлығы бірдей емес. Менде шындықты айтайын. Бұл жерде бірінші кезекте қазақ тілін дамыту үшін қазақ пен қазақ қазақша сөйлесу керек. Сондай-ақ басқа ұлттың өкілін қазақ тілінде сөйлеуге тарту бірінші кезектегі шаруа болуы керек. Біз енді көп ұлтты мемлекетпіз ғой. Олардың бір-бірімен сөйлесуі үшін орыс тілі қажет. Менің ойымша, орыс тілін Конституциядан алып тастаудың бүгінгі таңда қажеттілігі жоқ деп ойлаймын.

Comments (0)
Add Comment