Қазақстандық жас теннисшілер халықаралық турнирлерде үздік шықты

Қазақстандық жас теннисшілер Tennis Europe және ITF Juniors турнирлерінде табысты өнер көрсетті деп хабарлады turkystan.kz.

Душанбе қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында ITF Juniors додасында Виталий Зацепин жұптық сында үздік шықты.

В. Зацепин сингапурлық Максимус Вонгпен бірге финалда жарыстың бірінші ракеткалары, өзбекстандық Бобур Мадаминов – Бобур Якубжановты 6:3, 7:6 (7:5) есебімен ұтты.

Жекелей сында тағы бір қазақстандық Олег Гусаков финалға дейін жетіп, шешуші бәсекеде ресейлік Максим Гончаровқа жол берді.

Германияның Регенсбург қаласында 12 жасқа дейінгілер арасында бірінші санаттағы турнирде Роберт Каминский финалда корт иесі Лиан Бинартты тізе бүктірді. Бұл – Роберттің халықаралық деңгейдегі алғашқы титулы.

Регенсбургте 16 жасқа дейінгілер арасында София Исакова мен Анастасия Крымкова финалда украиналықтар Полина Семенюк – Анастасия Сорсканы 6:2, 6:3 есебімен жеңіп, чемпион атанды.

Черногорияда 12 жасқа дейінгілер арасында екінші санаттағы жарыста Әмина Нұрмахан финалға жолдама алды. Алайда өзін жайсыз сезінгендіктен, соңғы сынға шыға алмады.

Ереванда 14 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы Tennis Europe додасында Ярослав Пшеничный мен Олжас Есеналы финалда ресейлік Иван Молгин – армениялық Давид Погосянға есе жіберді. Қыздар арасында Альбина Кәкенова дәл осындай бәсекеде ресейлік Виктория Острюхпен бірге грузиялық Тео Чая мен ресейлік Рада Золотаревадан айласын асыра алмады.

Comments (0)
Add Comment