Қазақстандықтардың жалақысы көтеріледі

Қазақстандықтардың жалақысы көтерілуі мүмкін. Мәжілісмендер бизнестің алдына осындай талап қойды. Өйткені барлық тауардың, әсіресе азық-түлік қымбаттағаны халықтың қалтасын қағып жатыр дейді депутаттар. Тамақтың өзін несиеге алатындар қатары артқан, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Мемлекет экономиканың нақты секторына айтарлықтай көмектесіп келеді. Қыруар қаржы да бөліп жүр. Өйткені қазір екінші деңгейлі банктер тарапынан бизнеске қолдау жоқ. Міне, мемлекет бар жағдайды жасап отырған соң, бизнес те қызметкерлеріне оң көзқарас танытуы тиіс. Патриоттық дегенді сөзбен емес, іспен дәлелдеуі керек. Қазір бәрі қымбат болғандықтан, қарапайым халықтың жалақысын көтеру керек», – деді Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.

Қазақстанда отбасы бюджетінің орташа тапшылығы 35% құрайды екен. Тиыны жетпеген халық сол тапшылықты екінші деңгейлі банктер мен микрокредиттік ұйымдардан несие алып, сонымен жабуға мәжбүр. Әсіресе қарыз күнделікті ішіп-жейтін тамаққа көп жұмсалады дейді депутаттар.

Миллиардтап алынған қарыздың 60% тұтынушылық несиелер. Төменгі палата Үкіметке бұл мәселені шешу үшін ұлттық компаниялар басқа елдердің бизнесіне инвестиция салмау керек деп есептейді. Сонда ғана қазақстандық кәсіпкерлер мемлекеттен қаржыны молырақ алып, әлеуметтің әлеуетін жақсартатынына сенімді.

Comments (0)
Add Comment