Қазақстандықтар «Самұрық-Қазынаның» берген үлесінен айына небәрі 500 теңге ғана алады – депутат

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Аманжан Жамалов «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы пысықталмаған шешімдер жасап жатқанын айтты. Депутат Аманжан Жамалов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдап, қоғамда қордың тағдырына қатысты пікірталас басталғанын айтты,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

“Дегенмен мамандардың құзырлы әрі кәсіби пікірін хайп пен популизм толқыны басып бара жатқаны ерекше алаңдатып отыр. Осы жағдайда қордың басшылығы пысықталмаған әрі асығыс шешімдер қабылдай бастағанын көріп отырмыз. Бұл өз кезегінде теріс салдарға алып келуі мүмкін», – деді Жамалов.

Ол қорды жаңғырту бойынша жоспарлы, қадамдық жұмысқа қайта оралу қажет деп есептейді.

«Самұрық-Қазына құрылғанда «ұлттық компанияларды кәсіби корпоративтік басқару арқылы оның тиімділігін арттыру» мақсаты қойылғаны есімізде. Сол кезде қордың табыстылығы мен мемлекеттік бюджетке түсетін аударымдардың өсімін қамтамасыз ету жайлы сөз болатын. Осы мақсатқа қол жеткіздік пе? Бүгінде біз Самұрықтан мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтер сомасы бюджеттен олардың инвестициялық жобаларына бағытталатын қаражаттан үнемі аз болғанын көріп отырмыз. Мәселен 2019 жылы Самұрық бюджетке 120 миллиард теңге дивиденд төледі. Ал қордың таза табысы 1,4 триллион теңгені құрады», – деді Жамалов премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, осы жылдар бойы қор қаражаттың басым бөлігін жұмсау бойынша да, қарыз тарту бойынша да өз саясатын жүргізіп келді.

«Қазір қордағы үлесті әр қазақстандыққа бөліп беру жайлы ұсыныс айтылып жатыр. Бір қарағанда, өте керемет идея сияқты. Алайда Самұрық-Қазынаның қазіргі қаржылық жағдайын ескерсек, мұндай үлестен бір адамға айына небәрі 500 теңге ғана кіріс түседі», – деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, асығыс шешімдер жасамас бұрын қордың не себепті тиімсіз болғанын талдау керек.

«Осы орайда қордың бейінді және бейінді емес активтеріне кешенді аудит жүргізу керек. Бәсекелестік ортаға бейінді емес компанияларды шығару шешімін қабылдаған жөн. Сонымен қатар, барлық бейінді компаниялар жұмысының тиімділігін бағалаған дұрыс болады. Оларға қаржылық сауықтыруды жүргізіп, осыдан кейін қор нарығы арқылы өткізу туралы шешім қабылдау керек.

Азаматтар қордың үлесін иелену құқығын қандай форматта алса да, тиісті бағалау мен оның нәтижесін ашық жарияламаса, азаматтар өздеріне не ұсынып отырғанын білмейтін болады. Яғни бұл тұрғыда «нақты инвестициялық кіріс бола ма?» немесе «қомақты қарызға батқан құрылымды көре ме?». Егер осы сұраққа нақты жауап берілмесе, онда қазіргі және болашақ әлеуетті инвесторлар да түсінбестік жағдайда болады. Өйткені «Самұрық-Қазына» берешегі 7,5 трлн теңгеден асып түсті, бұл 18 млрд АҚШ доллары шамасында», – деді Жамалов.

Оның ойынша, қор қызметіне қатысты шешім қабылдау мен оның ұйымдастырушылық құрылымын өзгерту кезінде қордың сыртқы қарыздарын назарға алу керек. Егер қорды реформалау бойынша шешімі пысықталмай жасалса, бұл өз кезегінде кредиторлар арасында дүрбелең тудыруы мүмкін. Олар кез келген уақытта пайыздық мөлшерлемені көтеріп, қарызды мерзімінен бұрын жабуды талап етуі ықтимал. Осы міндеттемелер бойынша кейіннен Үкімет жауап беретін болады.

«Қордың барлық аударымдары орталықтандырылып, мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыруға бөлумен республикалық бюджетке түсуі керек», – деді депутат.

Comments (0)
Add Comment