Қазақстандықтар ашушаң болып кеткен: Мамандар себебін айтты

Қазақстанда вандализм деректері жиі тіркеле бастаған. Адамдар лифт ішіндегі қондырғыларды, қоқыс жәшіктерін, шағын архитектуралық мүсіндерді бұзып кетеді. Және мұндай жағдайлар көбейіп барады. Ал маман бұлардың барлығы адамдарда жиналған ашу мен ызаның салдарынан екенін айтады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Жақында ғана лифт камерасына түсіп қалған видео әлеуметтік желіні шулатқан еді. Кабина ішіне кірген ер адам бар ашуын басқару панелінен алған. Ер адамға әкімшілік айыппұл салынды. Кейін  ол кешірім сұрап, өзінің бұл қылығын інісінің қазасымен байланысты екенін айтты.
«Алмалы ауданы тұрғындарынан 1 қарашадағы әрекетім үшін кешірім сұраймын. Келтірілген шығынды өтеуге дайынмын. Енді мұндай әрекет жасамауға уәде беремін», – деді ол видеода.

Бейне бақылау камералары көбейгелі осы тектес жағдайлар жиі тіркеле бастаған. Адамдар қоқыс жәшігі, автокөліктер, шағын архитектуралық мүсіндер мен ескерткіштерді және үйлер қабырғасын бүлдірген. Психологтар пандемиядан кейін вандалдар саны көбейгенін айтады.

«Біз көріп жүрген агрессия деректері – толып кеткен ыдыс. Мұнда өте көп жағымсыз нәрселер жиналған, енді олар төгіліп жатыр. Ал жағымсыз дегеніміз не нәрсе? Өз-өзіне деген көңілі толмау, өміріне, тұрмыстық жағдайына қанағаттанбау. Сол себепті қолда бар нәрсені сындыру арқылы агрессияны сыртқа шығарады. Мақсат – өзгенің назарын айдарту», – дейді мамандар.

Ашуды басу үшін мамандар  іштей онға дейін санау керек немесе 10 рет терең тыныстауға кеңес береді. Бұған қоса, бос уақытыңызда қала сыртына шығып, айқайлаған дұрыс. Егер ештеңе көмектесе, психологтың көмегіне жүгініңіз.  Ашу-ызаны басып қалудың қажеті жоқ, дейді психолог. Өзгеге зиян тигізудің орнына жаттығу залына, бассейнге, караокеге барыңыз. Сонымен қатар дұрыс ұйқы да ашуды жеңуге септігін тигізеді.

Comments (0)
Add Comment