Қазақстандық ірі автосалондар утильдік алымды алып тастауға қарсы шықты

Кәдеге жарату алымы мәселесі бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Жиында ауыл шаруашылығына қажетті техника шығаратын компаниялар мен автосалондар утилизациялық жинақты алмау керек екенін мәлімдеді. Олар мемлекет бақылауына өткен соң да, бұрынғы тәртіп бойынша жұмыс істеуге шақырады. Ал қоғам белсенділері утильдік алымды қалдыруды қалайтын топ сұрақтарға мардымды жауап бермегенін айтады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Алғашқы жиында автосалондар мен қарапайым халықтың сөзін сөйлегендер арасындағы қызу талқы өтті. Жиынға көбіне утиль алымды өзгеріссіз қалдыруға ниетті адамдарды қосты деген Нұраддин Садықов кәсіпкерлер қалтасын ойлап, халықтың мүддесін ысырып тастады дейді.

«Брекешев бастаған министрліктің бүгінгі әрекетіне қарап баға беріп отырғанымыз. Бұл қазіргі таңда олигархтар тарапына басымдық бергісі келіп отырған сыңай танытты. Бұл өте алаңдатарлық мәселе», –  дейді «Утиль алымға жол жоқ» қозғалысының белсендісі Нұраддин Садықов.

Ал қазынаға жылына миллиардтап салық төлеп отырмыз деген автосалондар утиль алымын жоюға, тіпті мөлшерлемесін төмендетуге мүлде қарсы екен. Елде утилизациялық алым төмендетілсе, шетел көліктері көптеп кіргізіліп, экологияға да кері әсерін тигізеді дейді. 

«Утилизациялық алымды жоюға біз қарсымыз. Оның коэффициентін азайтқаннан пайда жоқ. Біз төлеп жатқан салықты мемлекеттік бағдарламаға қолдана беріңіздер. Бірақ утиль алымды өзгеріссіз қалдыруларыңызды сұраймыз», – деді автосалон өкілі Руслан Камзин.

Екі сағатқа созылған онлайн жиында тараптар бір мәмілеге келе алмады. Енді алдағы сейсенбіге дейін жұмыс тобының мүшелері экология министрлігіне өз ұсыныстарын жолдау керек. Екінші отырыс қашан болатыны әзірге белгісіз.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық көлік жүргізушілері утиль алымының 100 мың теңгеден аспау керегін айтып, Президентке петиция жолдаған еді.

Comments (0)
Add Comment