Қазақстанда жанармай мен дизель отынының шекті бағасы енгізілді

Энергетика министрлігінің Қазақстанда жанармай мен дизель отынына қатысты сараланған тариф енгізу туралы бұйрығы күшіне енді. Бұйрық бойынша бензиннің кей маркасының бағасы бұрынғы деңгейде қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Хабарламаға сәйкес,  Аи-80 89 теңге, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында Аи-92 және Аи-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 187 теңге, Қазақстанның басқа облыстарында литрі үшін 182 теңге, дизель отынының бағасы литріне 450 теңге болады.

“Бұйрықпен Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде дизель отынының лимиті өңіріне қарай күніне 100 литр көлемде, ал бір литрі 230-260 теңге бағамен белгіленген. Ал Қазақстан Республикасында көлік құралдарын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустар үшін бекітілген лимит тәулігіне 300 литр, әр литрі үшін 230-260 теңге бағамен сатылады”, – деп мәлімдеді Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Қалған санаттағы адамдарға және көрсетілген лимиттен жоғары дизель отыны литрі үшін 450 теңгеден сатылатын болады.

Сондай-ақ Энергетика министрлігі мүдделі тараптармен бірлесіп, автожанармай құю станцияларында (АЖҚС) сатылатын дизель отынының тәуліктік көлемін одан әрі қадағалау үшін ақпараттық жүйені анықтауға байланысты мәселелерді пысықтап жатыр.

Анықтама үшін: Argus Каспий нарығы сервисінің деректері бойынша ЕЭО-ға мүше елдерде дизель отынының құны 2022 жылғы 1 тамызда мынаны құрады: Армения – 758 тг./литр; Ресей – 446 тг./литр; Қырғызстан – 412 тг./литр; Беларусь-446 тг./литр.

Comments (0)
Add Comment