Қазақстандағы 2006 жылы болған «Шаңырақ» оқиғасынан кейін 16 жылға сотталған Құрманғазы Өтегенов бостандыққа шықты. Ол сотталған азаматтардың ішіндегі соңғысы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы мәлімдеді.
Бюро таратқан мәліметке сүйенсек, бұған дейін Шаңырақ оқиғасына байланысты сотты болып, түрмеден шыққан соң қайтыс болған Арон Атабекпен бірге полицейді өлтірді және жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деген айыппен сотталған Құрманғазы Өтегенов 19 тамызда таңертең босап шыққан.
«Құрманғазы Өтегенов 2006 жылы сотталып, 16 жыл түрмеде отырғаннан кейін жаза мерзімінің бітуіне байланысты босатылды», – делінген ақпаратта.
2006 жылғы оқиғадан кейін Өтегенов бірінші 16 жылға сотталса, 2013 жылы «түрме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбады» деген желеумен жазасына тағы екі жарым жыл қосылған.
Еске салайық, 2006 жылы 14 шілдеде Алматы полициясы арнайы жасақпен бірлесіп, үйлерін бұзуға қарсы шыққан Шаңырақ ауылының тұрғындарын күшпен таратпақ болған. Қақтығыс салдарынан полиция қызметкерлерінің бірі Әсет Бейсенов тірідей жанып кеткен.