Қазақстанда волонтерлік қызметпен айналысатын студенттерге қандай көлемде сыйақы төленеді

Волонтерлік қызметке белсенді қатысқан студенттерге сыйақы төленеді және академиялық кредиттер есептелінеді. Бұл туралы білім және ғылым министрлігің «Қаржы орталығы» мәлімдеді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанда волонтерлік қызметке белсенді қатысатын студенттерді ынталандыру стандарттары әзірленіп, қабылданды.

Енді жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мүддесі үшін әлеуметтік бағдарланған, қоғамдық пайдалы қызметті жүзеге асыратын белсенділер оқу орны бойынша сыйақы алып, академиялық кредиттер есепке алынатын болады.

Сонымен, 20 сағаттық белсенділік үшін студенттерге білім беру ұйымы анықтаған екі академиялық кредитті (сағат) есепке алуға және 20 000 теңге көлемінде біржолғы ақшалай төлем алуға мүмкіндік беретін ваучер беріледі.

Ал, 50 сағаттық белсенділік үшін студенттерге білім беру ұйымы белгілеген бес академиялық кредит (сағат) есептеледі және оған 50 000 теңге төленеді.

Ынталандыру қарастырылған қызмет түрлерінің ішінде келесі баптар көрсетілген:

  • инклюзивті білім беру;
  • репетиторлық (тілдерді меңгеру, компьютерлік сауаттылық) –онлайн режимде жүргізуге құқығы бар;
  • девиантты мінез-құлықтағы кәмелетке толмаған балалармен жұмыс – онлайн режимінде жүргізуге құқығы бар;
  • аула және спорт клубтарын ұйымдастыру;
  • балалармен, қарттармен және мүгедектермен әлеуметтік жұмыс;
  • қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздік, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау саласындағы жұмыс;
  • емделушілерге, қарттарға және мүгедектерге қызмет көрсететін мемлекеттік және жеке денсаулық сақтау ұйымдарының, басқа да қоғамдық ұйымдардың жұмысына қатысу;
  • волонтерлармен республикалық және қалалық іс-шараларды өткізу кезінде жергілікті жастар ресурстық орталықтарының жұмысына қатысу;
  • туризмді дамыту мақсатында экскурсиялық іс-шараларды (мұражайларға, кітапханаларға және қаланың басқа да көрікті жерлеріне бару) ұйымдастыруда туристік қызметпен айналысатын тұлғаларға жұмысқа көмектесу;
  • халықаралық іс-шараларды (форумдар, Универсиадалар, фестивальдар, спорт күндері) ұйымдастыруға жәрдемдесу – онлайн форматта өткізуге құқылы;
  • жануарлар панасында жұмыс істеу.
Comments (0)
Add Comment