Қазақстанда тұрғын үй құны бір айда 4 пайыз қымбаттады

Қазақстанда соңғы бір ай ішінде баспана бағасы 4 пайызға қымбаттаған,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Сарапшылар бұл шарықтау келесі жылы да жалғасатынын айтады. Болжам бойынша нарықтағы дүрлігу сәуірге дейін сақталады. Себебі, қазақстандықтар зейнетақы қорындағы «жеткілікті шектен» асқан ақшасын алуға асық. Бірақ эконом санатына жататын пәтерлерге сұраныс көп.

Krisha.kz сарапшыларының айтуынша, әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағандыда баға күрт өскен. Нұр-Сұлтанда пәтерлердің шаршы метрінің бағасы бір айдың ішінде 3,9%-ға көтерілген. Алматыда баспана 3,2%, Шымкентте 2,0% қымбаттаса, Қарағандыда 2,2% шарықтаған.

«Krisha-да баспанаға сұраныс соңғы бір аптаның ішінде 40 пайызға өсті. Бұл рекордтық көрсеткіш. Жалпы тұрғын үй бағасының көтерілуіне тек зейнетақыға қатысты қарбалас ғана емес, құрылыс матриалдардың қымбаттауы да әсер етіп жатыр», – дейді сервис шолушысы Алина Буравцева.

Ал құрылыс компанияларының мамандары жаңа жылда жаңа үйлердің бағасы қымбаттайтынын айтады. Сәйкесінше, ескі үйлердің де құны көтерілмек. Қазір елде ең қымбат пәтерлер Алматыда. Шаршы метрі орташа есеппен 600 мың теңге. Ал, екінші орында Нұр-Сұлтан. Шаршы метрінің орташа құны – 400 мың теңге.

Зейнетақы жинағындағы шекті мөлшер көтеріледі дегелі Қазақстанның барлық өңірінде тұрғын үйбағасы қымбаттады. Мәселен, Ақтөбеде де риэлторлардың жұмысы жандана түскен. Олар өңірде баспана бағасының жалпы жыл басынан бері 15-20 пайызға өскенін айтады. Дегенмен, мамандар бағаның шарықтауына тек бұл өзгерістер ғана емес, күнде құбылған доллардың да құны қатты әсер етті дейді. Сарапшылар жылжымайтын мүлік құны жаңа жылдан бастап тағы 15 пайызға дейін қымбаттайды деп болжап отыр.

 «Жаңа жылдан бастап екі есеге қымбаттайды. Ол жыл сайын қайталанатын жағдай. Мысалға қазір 3-4 жыл бұрынғы баға жоқ. Бір жыл бұрынғы баға да жоқ. Қазір 2-3 есеге, примерно 20-30 пайызға қымбаттады», – дейді риэлтор Ақмарал Әбілтаева.

Comments (0)
Add Comment