Қазақстанда пәтерді жалға алу 15 пайызға қымбаттаған

Пәтерді жалға алу 15 пайызға қымбаттаған. Әсіресе тамыз айының ортасынан кейін баға күрт өскен. Мұны сарапшылар оқу жылының жақындауымен байланыстырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

Қазір Алматыда орта есеппен жалға берілетін пәтердің бір шаршы метрі 4900 теңге. Бағаның өсуі былай тұрсын, жұртты сан соқтырып кететін алаяқтар да көбейген. Оңтүстік астанада жыл басынан бері 28 адам жалған риелторларға ұрыныпты.

Санжар Бармағамбетов Алматыға биыл әдеттегіден ерте келген. 2-курс студенті осы жылы қатарластарымен бірге оқу орнының жанынан пәтер жалдап тұрмақ болған. Алайда баспананың ышқынған бағасын көріп жағасын ұстап отыр. Мәселен, бұл төңіректегі бір бөлмелі пәтердің құны 300 мың теңгеден басталса, үш бөлмелісі 500 мың теңгеге жетеді. Екі апта бойы қалтасына қарай баспана іздеп сергелдеңге түскен Санжар қазір туған-туысын жағалап жүр.

“Алматыға негізі ерте келген себебіміз – пәтер мәселесі. Қазір осы төңіректе оқу орнымыздың жанындағы пәтер бағасы 300-400 мың. Оның өзінде керемет деңгейдегі пәтер ала алмайсың. Орта деңгейдегі немесе одан да нашар пәтерлер. Ал төмен жақтан 100-150 мыңға пәтер табуға болады. Бірақ ол  қатынауға өте қиын”, – дейді студент Санжар Бармағамбетов.

Санжар сияқты калаға ерте келіп алғандардың басым бөлігі тұратын жер таппай сабылып жүр. Университетке биыл түскендер жатақханада тұрамын деп шешіпті.

“Дәл осы уақытта жанағыдай басталады, тамыздың пәтеріңде 150 мың теңгеге тұрып жатсаң, бітті, келесі айдан бастап 200 мың теңге болады. Бірден 50-60 мың теңге қосып тастайды. Тұрсаңдар тұрыңдар, әйтпесе босата беріңдер деген сияқты”, – дейді студент Раушан Нұрлыбаева.

“Басында пәтерге тұрамын деп ойлағам. Сосын пәтерлердің бағасын  көріп шошып, былайша айтқанда. Бағасы удай болғаннан кейін, жатақханада тұрамын деп шештім. Қалтадан ұрады ғой. Кәдімгідей салмақ қой. Бізге емес, ата-анамызға салмақ. Негізі пәтерде тұрғым келген өзім”, – дейді Райымбек Қазбекұлы.

Аңқау студентті арбауға даяр алаяқтар да көбейген. Әрі жылдан-жылға олардың алдау әдістері де өзгеріп отырады. Мәселен, биыл пәтерді бір тәулікке алып, артынша басқаларға қожайыны ретінде жалға беретіндер пайда болыпты. Ал өзгелері интернетке қымбат үйлердің әдемі суреттерін салып, бағасын да өте төмен қылып жариялайды. Сөйтіп олар қызыққан жұртқа пәтерге сұраныс жоғары деген желеумен алдын ала төлем сұрайды. Ақшаны алған бойда ізім-ғайым жоқ болады. Сондықтан күмәнді хабарламаға тап болсаңыз, құжатын жіті тексеріп алған жөн.

“Мысалы, сіз университетте оқисыз, айналасынан бір пәтер алғыңыз келсе, ол жерде екі бөлме 250-300 мың теңге болса, егер сіз тағы бір хабарландыруды көрсеңіз, 90-80 мың теңге деген. Демек бұл хабарландыруда бір күдік бар деген сөз. Ал сіз сияқты ол компанияларға арзан аламыз деп мыңдаған адам хабарласады. Ол компанияны алаяқ деп айтуға болмайды. Ол заңды компаниялар, бірақ ақпарат қызмет беріп отыр”, – дейді Қазақстан біріккен риелторлар қауымдастығының мүшесі Орынбасар Сатаев.

Ал, жаңа оқу жылы қарсаңында лезде шарықтаған баспананы жалға алу құны жыл соңына дейін тағы қымбаттауы мүмкін дейді сарапшылар.

“Жалдамалы пәтер бағасы, біріншіден, сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгереді. Әзірге қазіргі баға осы деңгейде сақталады. Ал егер алдағы уақытқа болжам жасайтын болсақ, көшіқон артқан жағдайда пәтерді жалға алу құны әлбетте өседі. Екіншіден, инфляция жыл соңына дейін 15 пайыз болып сақталса, сәйкесінше пәтерді жалдау бағасы да осы деңгейге көтеріледі деп күтіңіздер”, – дейді Қазақстан біріккен риелторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко.

Жаздың соңғы айында жалдамалы пәтер бағасының өсуі жылда қайталанады. Биыл тамыздың басында Алматыдағы баспананы жалға алудың орташа құны бір шаршы метр үшін 4900 теңгені құраған. Ал ай соңында екі бөлмелі баспананы жалдау 25 пайызға бір-ақ өскен.

Comments (0)
Add Comment