Қазақстанда магистратураға гранттар тағайындау конкурсына құжаттар қабылдау 12 тамызда басталады

12 тамызда магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау басталады. Ол 15 тамызға дейін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалдық қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Барлығы 43 мыңнан астам адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырды. Олардың 42%-ы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – 71 балл. Бір қатысушы максималды 150 балдың 140-ын жинады.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, кешенді тестілеу өткізу барысында 328 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде176 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.

Сондай-ақ кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 148 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Сонымен қатар постпрокторинг қорытындысы бойынша 4 адамның нәтижесі жойылды. Олар емтихан материалдарын суретке түсіріп, аудиториядан алып шығуға тырысқан.

Қабылданған іс-шаралар арқасында КТ-ге кіргізу кезінде 4 бөгде тұлға анықталды. Яғни, қатысушылар өздерінің орнына басқа адамды жіберіп, тестілеуден өтпек болған. Тиісті шаралар қабылданды.

Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда түсуші апелляцияға электронды өтініш бере алды. Биыл апелляцияға 20 мыңнан астам өтініш берілді, оның 121-і қанағаттандырылды.

Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде беріледі.

Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12-15 тамыз аралығында ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары, оның ішінде онлайн виртуалды комиссиялар арқылы жүзеге асырылады. Яғни, болашақ магистранттар құжаттарды дәстүрлі және онлайн форматта тапсыра алады.

Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет:

  • жеке куәліктің көшірмесі,
  • жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы);
  • КТ сертификаты және бар болған жағдайда шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар.
  • 075/у нысанындағы медициналық анықтаманы жоғары оқу орнына түскенде тапсыруға болады.

«Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсетеді. Магистратураға білім беру грантын тағайындау конкурсы 16-20 тамыз аралығында өтеді. Жалпы 2022-2023 оқу жылына магистратура бойынша 13 мыңнан астам грант бөлінді. Гранттардың ең көп саны педагогикалық мамандықтар үшін қарастырылған – 3642. Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына 3429 грант, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 1278, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 1233, ауыл шаруашылығы мен биоресурстар – 527 грант бөлінді», – деді ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Естеріңізге сала кетейік, білім беру гранттары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ жұмыс берушілердің кадрларға қажеттілігі бойынша деректері негізінде бөлінген.

Білім гранты иегерлерінің тізімі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланады.

Comments (0)
Add Comment