Қазақстанда коронавирус жұқтыру дерегі 19,6 есе артты

Қазақстанда коронавирус жұқтыру көрсеткіші 19,6 есе артты, – деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қазақстанда омикрон нұсқасы тез таралып барады. Бүгінде Түркістан облысын қоспағанда, бүкіл ел «қызыл» аймаққа өтті. Елдегі эпидемиологиялық жағдайды сипаттайтын көрсеткіштер де омикрон штамы таралғанын растайды. Кейінгі айда сырқаттанушылық 19,6 есе артты. Сынама алудың күнделікті көлемі 3,5 есеге артып, бір тәулікке 50 000 сынамадан келеді», – деді Денсаулық сақтау министрлігі басшысы Ажар Ғиният.

Оның айтуынша, сырқаттанушылыққа  қарамастан, кейінгі тәулікте өлім-жітім 2,5 есеге азайған.

«Соңғы бір айда стационарда ем алып жатқан науқастар саны екі есеге, амбулаториялық деңгейде 5 есе көбейді. Тәуліктік сырқаттанушылықтың 60 пайыздан астамы үш облыста тіркелген. Нұр-Сұлтанда көсеткіш 32 есе артты. Бұл ретте тестілеу деңгейі республика бойынша ең жоғары және күніне 10 мыңнан аса сынақ алынады. Бірақ елорда халқын вакциналау және ревакциналау қарқыны тиісінше 1,5 есе және 4 есе төмендеді. Алматыда аурушаңдық 8 есеге артты. Вакцинация және ревакцинация қарқыны да тиісінше 1,6 есе және 3 есе төмендеді. Қарағанды облысында ауру 9 есеге артты. Вакцинация және ревакцинация қарқыны тиісінше 3 және 3,5 есе төмендеді», – деп қосты Ғиният.

Ол барлық сырқаттанушының 60 пайызы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына келетінін айтты. Науқастардың 80 пайызы амбулаториялық ем алып жатыр. 5 пайызы ауыр немесе өте ауыр жағдайда.

Comments (0)
Add Comment