Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар саны неге артқаны айтылды

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 20 есе артқанын айтты, – деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Ауру жұқтырғандар саны артуы, ең алдымен, халықтың ішкі және сыртқы белсенді көші-қонына, ұзақ мереке күндеріне байланысты. Сондай-ақ, елдегі толқулар да әсер етті. Омикрон – әдеттегі маусымдық вирус инфекциясы деген пікір бар. Бұл штамды қарапайым тұмау ретінде қабылдауға болмайтынын айтқым келеді.

Омикрон штамының ерекшелігі – жұқпалы болуы және қайта жұқтыру қаупінің жоғарылауы. Жұқтыру коэффициенті бірден беске дейін. Ол дельта нұсқасынан 70 есе жылдам көбейеді. Кейінгі тәулікте 9 700 жағдай тіркелген. Кейінгі айда коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі 20 есе өсті», – деді Тоғжанов ОКҚ брифингінде.

Ол пандемияның бүкіл кезеңінде мұндай жағдай тіркелмегенін айтты.

«Түркістан облысын қоспағанда, бүкіл ел «қызыл» аймақта орналасқан. Ауру деңгейі бойынша Нұр-Cұлтан, Алматы және Атырау облыстары көш бастап тұр. Егер желтоқсанның аяғында стационарларда 3 мыңнан аз адам ем қабылдаса, бүгінде бұл 7 мыңнан асты.

Емханаларда ем алатын науқастар саны да 4,8 есеге артты. Тек Нұр-Сұлтан қаласында стационарларда ем алатын адамдар саны 200 адамнан 1000-ға дейін, яғни бес есеге өсті. Бұл жағдай денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеме әкеледі», – деп түйіндеді Тоғжанов.

Comments (0)
Add Comment