Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанда бензин тапшылығының жоқ екенін айтты. Осыған орай бағаның реттелу мәселесін де талқылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Елде бензин тапшылығы жоқ. Бұл 95 бензиніне байланысты айтылған мәселе. Біз бағаны реттеу туралы жаңа бұйрық жобасын жарияладық. Баспасөзде алдын ала айтылған 95 бензині реттеуге жатпайды. Себебі оны көбіне қарапайым халық сатып алмайды. 92 бензині халықтық деп аталады. Вице-министр Мағауов бұл мәселемен бөлек айналысты», – деді Ақшолақов сәрсенбі күні өткен брифингте.
Нұр-Сұлтандағы қорларға қатысты ол мұнай базаларында 15 мың тонна 92 бензинінің бар екенін, тағы 600 мың тонна бензин жолда тұрғанын айтты.
«Біз Gasenergy компаниясымен бөлек жұмыс істедік. Олар өкінішке орай сатып алу үдерісін өткізіп алып, Нұр-Сұлтанға жеткілікті түрде әкелмеген. Бұл туралы Gasenergy басшылығына ескертілді. Олар жеткізушілермен байланысып, қажетті көлемді әкелетін болады. Бұл логистикалық мәселелер», – деп қосты министр.