Қазақстанда 94 мыңнан астам адам курсты онлайн оқыды – министрлік

Қазақстан бойынша 94,5 мың азамат, оның ішінде 19,5 мың жұмыссыз адам онлайн платформа арқылы курстан өтіп, сертификат алды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, skills.enbek.kz онлайн кәсіптік оқыту платформасы былтыр шілдеде іске қосылған. Оған жалпы 126,9 мың тұрғын тіркелсе, соның 113,4 мыңы биыл қосылған. Барлығы 94,5 мың азамат, оның ішінде 19,5 мың жұмыссыз адам курстан өткені туралы сертификат алды. Онлайн оқыған жұмыссыздардың 6 мыңы – негізінен Алматы, Қызылорда, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласы жастары.

Платформада әртүрлі бағыт бойынша 151 курс жарияланған, оның 97-сі тегін. Курстардың ұзақтығы – 1 сағаттан 72 сағатқа дейін. Ең танымал курстар – «Сүтті мал шаруашылығы», «Персоналды басқару», «А-дан Я-ға дейін құлпынай өсіру», «Кассир» және «Ұннан жасалған кондитер өнімдері, жіктелуі және дайындалу технологиясы».

Білім алушы оқудың қолайлы қарқыны мен тілін, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады. Ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігі бар.

Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау. Бұл сертификат Электронды еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz арқылы алынған сертификаттарды көре алады.

Курс авторлары үшін ыңғайлы сабақ құрастырушы қолжетімді, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарау, сертификаттардың әртүрлі дизайны қарастырылған, сонымен қатар оқу құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор бар.

Авторлар мен әзірлеушілерге арналған платформада онлайн курстарды орналастыру тегін. Курстар мемлекеттік және орыс тілінде орналастырылуы мүмкін, ақпарат берудің әртүрлі форматтары: мәтін, презентация, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа түрлері болуға тиіс.

Оқуға тікелей https://skills.enbek.kz сілтемесі немесе Электрондық еңбек биржасындағы (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.

Comments (0)
Add Comment