Қазақстан сотталғандар саны бойынша 3-орыннан 98-орынға көтерілді

 Соңғы үш жылда Қазақстанда қылмыс саны 47 пайызға азайды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты,- деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі  Nege.kz сайтына сілтеме жасап.

 «Қазіргі уақытта Қазақстан сотталғандар саны 34 мыңның айналасында және әлемдік рейтингте 98-орында тұр. Ал 90-жылдары Қазақстан түрмелерінде 100 мыңнан астам тұтқын бар еді және АҚШ пен Ресейден кейін 3-орында тұрған едік. Демек, сотталғандар саны үштен бірге дейін азайған. Осындай объективті цифрларға қарап, Қазақстанда қылмыстың қаншалықты азайғанын бағамдауға болады. Иә, заңнамаға өзгерістер енгізілді, кейбір санкциялар азайтылды, гуманизация мен бірнеше рақымшылық актілері жүргізілді. Дегенмен, 3 жыл ішінде Қазақстанда қылмыс саны 47 пайызға азайды. Қарақшылық шабуыл, тонау, ауыр дене жарақатын салу және көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс 25 пайызға кеміген. Яғни, қоғамда біртіндеп ізгілену жүріп жатыр», – деді Е. Тұрғымбаев Хабар телеарнасындағы «Ұлттық мүдде» бағдарламасында.

Министр бұл үрдістің қалай өзгеретіні елдегі экономикаға тікелей байланысты екенін еске салды. «Бұл елдегі экономикалық ахуал мен азаматтардың әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты. Себебі қылмыс пен елдегі экономиканың жағдайы тікелей пропорционалды. Бұл – аксиома», – деді Е. Тұрғымбаев. Бұған дейін министр Қазақстанның 4 облысында жеке инвестор есебінен жаңа заманауи колониялар салынатынын айтқан еді. Жеке инвестор мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында колония аумағында өнеркәсіптік аймақ ашуға да міндеттеледі.

 

Comments (0)
Add Comment