Қазақстан саяси жаңғыру кезеңіне қадам басты

Мемлекеттің дамуының басты бағыттарының бірі – саяси жаңғыру. Жаңғыруға алып келетін жол – ел игілігіне қажетті реформалар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұл мәселені назарда ұстайтынын айтты.

Соңғы Жолдауда қоғамда қордаланған өзекті мәселелер көтерілді. Ол әбден пісіп-жетілген мәселелер еді. Демек, Президенттің халық көңіл бөліп отырған мәселелерді Жолдауда қамтуы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген идеяға дөп келді. Сондықтан билік халықты тыңдады деп осы жолы айтуға болады.
Біздің Ата Заңымызда: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық», – деп анық жазылған. 2019 жылы қоғам белсенділері «Сайлау туралы» Заңға өзгеріс енгізу керек» деп, бүкілхалықтық референдум туралы бастама көтерген болатын. Сол бастамада екі мәселені халықтың дауыс беріп талқылауына берген еді. Оның бірі – «Саяси партиялар туралы» Заңға өзгеріс енгізу. Ол кезде саяси партияларды тіркеу үшін 40 мың адам мүше болуы керек еді. Белсенділер: «Бұл өте көп, мың адам болса да болады» деген талап қойған болатын. Мәселен, көрші Ресейде 500 адам болса жеткілікті. Кейбір елде 3 адам мүше болса, бір партияны тіркеуге болады. Кейін бұл сан 20 мыңға азайған еді, қазір 5 мың адамға дейін төмендеді. Меніңше, бұл да біздің қоғамның жетістігі, жеңісіміз деп ойлаймын. Ал екінші ұсыныс сайлауға қатысатын партиялардың өту шегіне байланысты болды. Ол кезде саяси партиялар сайлаушылардың кемінде 7 пайызының дауысын жинай алса ғана әрі қарай Парламентке өте алатын. Азаматтар осыны бір пайызға дейін төмендету немесе бұл шартты алып тастау керек деп талап етті. Шетелде де мұндай норма бар, бірақ сайлау туралы заңы кемелді, демократиясы әбден орныққан елдерге болатын шығар, біздегі жүйеде «пәлен пайыз дауыс жина» деу тек қана бір партияның монополиялануына алып келетін жасанды кедергі еді.
Жолдаудағы тағы бір көтерілген мәселе – байқаушылардың құқықтары. Сайлаудың әділ, ешқандай бұрмалаусыз өтуіне ықпал ететін қозғаушы күш – байқаушылар. Байқаушылар 2019 жылы Президент сайлауында, 2021 жылғы Парламент сайлауында және ауыл әкімдерінің сайлауында өзінің үлкен күш екенін анық көрсетті. Бұрынғы сайлаудан өзгешелігі – бұл жолы өзін-өзі ұсынғандар болды. Әрі солардың бірқатары бүгінде саяси мінбеде жүр.
Ертеде ел анасы атанған Абыз ана «Тоғыз ұлым бір бөлек, Ертөстігім бір бөлек» деген екен. Сол айтқандай, бұл жолғы Жолдаудың бұрынғы Жолдаулардан орны мүлдем ерекше болды. Себебі бұл Жолдауда тұңғыш рет еліміздегі түбегейлі өзгерістер туралы ашық айтылды. Мен ең басты жаңа- лық – Парламент сайлауына қатысты ұсыныстар дер едім. Парламент күшті болса мемлекет мықты болады.
Президент: «Көрпеңе қарай көсілу керек» дей отырып, ел экономикасындағы қиыншылықтар мен одан шығудың жолдарын ұсынып, салық төңірегінде, инвестиция, кәсіп бастау, мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйелері, мемлекеттік қаржының талан-таражға салынбауы секілді келелі мәселеге қатысты нақты тапсырмалар берді. Балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көбейту, ұстаздар мәртебесін арттырудағы тапсырмалардың жалғасын табуы да айтылды. Ең басты елге жағымды жаңалықтардың бірі 18 жасқа дейінгі балалардың шотына Ұлттық қордың инвестициялық табысынан келер жылдан бастап ақша түсуі, сонымен бірге әйелдердің зейнет жасының 61 жас болатыны да көптің көңілінен шықты. «Бәрекелді!» дейміз. «Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ, ұлт мүддесі үшін біріге отырып, әділетті қоғам құруда бірлесе жұмыс жүргізу керек», – деген сөздері де қолдауға ие болды.
Ел басқару ісінде алда бізді тағы да біршама өзгерістер күтуде. Анықтап айтсам, Президенттің бастамасымен Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылды. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады. Бұл дегеніңіз – жастарды қолдауға, демографияны жаңғыртуға таптырмайтын мүмкіндік.
Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі бойынша пікірталастар болып жатқаны Президенттің де құлағына жеткені анық. Елдің ынтымағы мен бірлігін басты назарда ұстайтын Президент ол туралы да нақтылап берді. «Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс».
Білім мен ғылым саласы қызметкерлерінің де жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Сондықтан олар негізгі міндеті-міз – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісін әрі қарай жетілдіріп, экономиканың сапалы дамуына ықпал жасауымыз керек екенін жақсы түсініп отыр. Демек, Жолдау бізге жаңа жауапкершіліктер жүктейді.
Біз ойлаған, талап еткен мәселелер ретімен жүзеге аса бастады. Бұл – қуанарлық жайт. Президент пәрменімен жүзеге асып жатқан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының өміршеңдігі қазақстандықтардың өмірін жаңа деңгейге көтеруге тиіс. Қысқасы, біз бұл Жолдауды жаңа Қазақстанды құру жолындағы Президент тарапынан жасалған үлкен іргелі қадам деп білеміз.

Жайнар МҰРАТ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Конвергенттік журналистика» мамандығының 3-курс студенті

Comments (0)
Add Comment