Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) өзінің эмиссиялық қызметі шегінде алтын және күміс коллекциялық және ескерткіш монеталарды шығарып, халыққа олардың үлкен таңдауын ұсынады. Монеталар Ұлттық Банктің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификаттарымен бірге шығарылады. Сертификаттар монеталардың қорытпа сынамасы, массасы, мөлшері және таратылымы туралы мәліметтерді қамтиды.
ҚР Ұлттық Банкімен айналысқа шығарылған коллекциялық монеталардың ең кейінгі түрі болып номиналы 500 теңгелік «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» монеталар сериясынан «QYZ UZATÝ» коллекциялық монетасы және номиналы 100 теңгелік «Дала қазынасы» монеталар сериясынан «TOBYL OISHYLY» коллекциялық монеталары болып табылады. Аталған коллекциялық монета түрлері айналысқа 2019 жылғы 27 желтоқсанда шығарылған.
«QYZ UZATÝ» монетасының сипаттамасына келер болсақ: күмістен жасалған түрі – 925/1000 сынамды күмістен жасалған, массасы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм, дайындау сапасы – «proof» болса, МН 25 мельхиор қоспасынан жасалған түрінің массасы – 11,17 грамм, дайындау сапасы – «brilliant uncirculated».
Монета қазақтың ежелгі дәстүрі қыз ұзатуға арналған, ол қалыңдықты өз үйінен жаңа отбасына шығарып салу дәстүрін білдіреді. Жаңа өмірдің бастауы іспеттес қазақтың бас киімі сәукеле монетаның дизайнындағы негізгі элемент болып табылады. Күміс монетада голографиялық бейнені салу технологиясы қолданылған.
Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде ою-өрнек аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналасқан. Айналдыра латын графикасында мемлекеттік тілде «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» және ағылшын тілінде «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазбалар бар. Сол және оң жақ секторында ұлттық ою-өрнек элементтері бейнеленген. Төменгі бөлігінде «TEŃGE» деген жазба, монеталардың номиналдарын білдіретін күміс монетада «500» және мельхиор қоспасынан жасалған монетада «100» деген сан бейнеленген.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) диаметрі 1 мм гауһар қондырылған, қалыңдықтың «сәукеле» ұлттық бас киіміндегі бейнесі орналасқан. Бас киімнің бетпердесі голографиялық бейне технологиясын қолдана отырып дайындалған. Кейбір сәндік элементтер «antiproof» соғу сапасымен орындалған. Монетаны айналдыра алма бұтақтары, гүлдері және піскен жемістері – құнарлылық пен молшылық нышаны бейнеленген. Монетаның оң жақ бөлігінде туған үйінен тыс жаңа өмірдің бастауын білдіретін ұясынан ұшып шыққан балапанның бейнесі бар. Күміс монетаның сол жақ бөлігінде монета дайындалған металды, оның сынамы мен массасын білдіретін «Ag 925 24 g» деген жазба бар. Оң жағында Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі, латын графикасында мемлекеттік тілде «QYZ UZATÝ» деген жазба және соғылған жылын білдіретін «2019» деген сан орналасқан.
«TOBYL OISHYLY» (Тобыл ойшылы) монетасы – биколорлы монеталар массасы 29,5 грамм танталы бар күмістен (дискі – 925/1000 сынамды күмістен, массасы – 16 грамм, қондырмасы – массасы 13,5 грамм тантал) дайындалған, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – «proof».
Тобыл ойшылы – құмтастан жасалған әйгілі адам мүсіні, Қазақстан Ұлттық мұражайының коллекциясында бар. Мүсін жаңа заманға дейінгі III мыңжылдықтың соңы – II мыңжылдықтың басы ретінде даталанған. 1976 жылы Қостанай қаласының маңында табылды. «Дала қазынасы» сериясында «TOBYL OISHYLY» монетасы тантал қондырманы бейнелеу пішіні бойынша қолданудың бірегей технологиясымен жасалған алғашқы биколорлы монета болып табылады.
Аверсінде монетаны айналдыра жалпақ күңгірт жиек жүргізілген, онда «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY», «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазбалар, монетаның номиналын білдіретін «500 TEŃGE» деген жазба, монета дайындалған металды, оның сынамы мен массасын білдіретін «Ag 926 16g Ta 13,5g» деген жазба орналасқан. Монетаның ортасында ою-өрнек қоршауында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Реверсінде «Тобыл ойшылының» стильдендірілген мүсіні әлемнің пайда болу құпияларын және жұмбақтарын ашуға талпынатын адам ойының данышпандығын бейнелейтін белгілі ғылыми нышандардан тұратын коллаж аясында орналасқан. Монетаны айналдыра күңгірт жиек жүргізілген, онда соғылған жылы және «TOBYL OISHYLY», «TOBOL THINKER» деген жазба, соғылған жылын білдіретін «2019» деген жазба орналасқан.
Күміс монеталар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған. «Brilliant uncirculated» дайындау сапасымен мельхиор қоспасынан жасалған монеталар арнайы полиграфиялық орауда шығарылады. Коллекциялық монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.
Жалпы Ұлттық Банктің монеталарының түрлері, құны және сатып алу тәртібі туралы толық ақпаратты Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсының http://nationalbank.kz сайтынан немесе ҚР Ұлттық Банктің филиалдарынан алуға болады.
ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалы
қолма-қол ақшамен жұмыс және
кассалық операциялар бөлімі