Қазақстан құрамасы пенальти сериясында Португалиядан ұтылып, Литвада өтіп жатқан футзалдан әлем чемпионатының финалына шыға алмады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ойын барысында бірінші болып португалдықтар сапында Анильтон Сезар екінші таймның басында дәл соққысымен гол салып, есеп ашты. Негізгі уақыттың аяқталуына бірнеше секундтар қалғанда алаңға қақпашы Игитаны алмастырып шыққан Дәурен Нұрғожин таразы басын теңестіріп кетті.
Ойын әрі қарай қыза түсті. Қосымша уақыттың бірінші таймында Дуглас айып добын дәл теуіп, Қазақстанды алға шығарды. Алайда ойынның аяқталуына бір жарым минут қалғанда Бруно Коэльо Қазақстанның басымдылығын жойып, ойынды пенальтилар сериясына алып барды.
Пенальти тебу барысында сәттілік португалдықтарға серік болғандай болды: себебі Игита олардың бір соққысын қайтарғанымен, Дуглас пен Арнольд Кнауб қарсыластар қақпасынан саңылау таба алмады. Осылайша Португалия 4:3 есебімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
Португалия финалда Аргентинамен ойнайды, ал Қазақстан үшінші орын үшін болатын матчта Бразилиямен күш сынасады. Бұл ойындар 3 қазан күні өтеді.