Ұлттық статистика бюросы 1 қыркүйектегі Қазақстандағы демографиялық ахуал туралы жаңа деректерді жариялады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Халық саны 2022 жылғы 1 қыркүйекте 19 миллион 666,8 мың адам, оның ішінде қалалықтар – 12 млн 131,1 мың (61,7 пайыз), ауылдықтар – 7 миллион 535,7 мың (38,3 пайыз) адам. 2022 жылдың басымен салыстырғанда халық саны 163,7 мың адамға немесе 0,8 пайызға өсті», – делінген хабарламада.
2022 жылғы қаңтар-тамызда республика халқының табиғи өсімі 2021 жылғы қаңтар-тамызбен салыстырғанда (178,9 мың адам) 3,6 пайызға төмендеп, 172,4 мың адам. 1000 халыққа шаққандағы табиғи өсімнің жалпы көрсеткіші – 13,19.
«Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 91,4 мың адам, бұл 2021 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда (117,6 мың адам) 22,3 пайызға аз. Жалпы өлім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда – 7 өлім.
2022 жылғы қаңтар-тамызда республикада бір жасқа дейінгі 2208 қайтыс болған нәресте тіркеліп, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (2345 қайтыс болған нәресте) 5,8 пайызға азайды. Нәресте өлімі 1000 туылғанға шаққанда 8,37 жағдайды құрады», – деп хабарлады статистика бюросы.
2022 жылғы қаңтар-тамызда республикаға келгендер саны 9595 адамды, елден кеткендер саны – 18 275 адам, көші-қон сальдосы – 8680 адам.
Еліміздің негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүзеге асады. ТМД елдерінен келгендер үлесі 84,4 пайыз, кеткендер – 85,1 пайыз.
Ел ішінде қоныс аударған мигранттар саны 2,1 пайызға азайған. Өңіраралық қозғалыстар бойынша еліміздің үш қаласында: Алматыда (24 711 адам), Астанада (22 960 адам) және Шымкентте (2154 адам) халық көші-қонының оң сальдосы қалыптасты.