Қазақстан дәрігер саны бойынша кейбір дамыған елдердің алдында тұр – ДСМ

Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев елдегі дәрігер тапшылығын азайту үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын айтты деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Медициналық мамандар тапшылығы туралы айтсақ, Қазақстанда 3,5 мыңнан астам дәрігер мен медициналық персонал жетіспейді. Бірақ бізде 80 мыңдай дәрігер персоналы бар. Пайыздық қатынаспен алсақ, бұл салыстырмалы түрде сонша көп емес. Дәрігер санын жан басына шақсақ, Қазақстанның көрсеткіші кейбір дамыған елдердің көрсеткішінен де жақсы. Мұны да түсіну керек. Бүгінгі форумның шағын отырысында маман тапшылығын шешу мәселесі де талқыланады», – деді ол денсаулық сақтау басшыларының екінші республикалық форумының клуарында.

Сондай-ақ вице-министр дәрігерлердің мәртебесі мен жауапкершілігін көтеру де маңызды екенін атап өтті.

«Медицина саласына мамандар тартудың базалық амалы – әлеуметтік жағдайды жақсарту. 2019 жылдан бері дәрігерлердің айлығы жыл сайын 30 пайызға, мейірбикелердің айлығы 20 пайызға өсіп келе жатқанын білесіздер. Келесі жылы да дәл осындай мөлшерде көтеріледі. Президенттің дәрігер айлығын республикалық орташа жалақыдан екі есе жоғары ету туралы тапсырмасы бар. Министрлік Үкіметпен бірге сол тапсырманың аясында жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар дәрігерлердің әлеуметтік мәртебесін заң жүзінде бекіту көзделіп отыр. Бірнеше жыл бұрын педагогтердің мәртебесі қолданысқа енгіліген еді. Дәл осындай бағытта дәрігерлердің мәртебесін де көтеру керек. Қазір дәрігердің мәртебесі мен кәсіби жауапкершілігі туралы заң жобасы Мәжіліске енгізілген, қаралып жатыр.

Дәрігерлерге емделушілер тарапынан да, түрлі ұйымдардың тарапынан да тиісу фактілері орын алып жатады. Олар проблеманың түйінін дәрігерден көреді. Бірақ дәрігер өз міндетін атқарып жатқанын, қоғам игілігіне жұмыс істейтінін түсіну қажет. Өкінішке қарай, ондай оқиғалар болып тұрады», – деді Сұлтанғазиев.

Comments (0)
Add Comment