Қазақстан бензинмен жүретін көліктерден толық бас тартуға міндеттелді

Ел Үкіметі елімізде «экологиялық бейтарап көліктердің» үстемдікке ие болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда.

Біріншіден, мемлекет электрмен қозғалатын көлік санының өсуін ынталандыру үшін 2021 жылы электромобильдерден жиналатын кәдеге жарату алымын, яғни утильалымды жойды.

Екіншіден, өткен 2023 жылы қабылданған «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының онжылдық даму жоспарында шығарындыларды азайту және экологияға зияны жоқ көлікті пайдалануға мол мүмкіндіктер беру үшін «республикалық трассалар бойында электромобильдерді қуаттау станцияларының жүйесін дамыту» бағыты бекітілді. Бұл істі мемлекет қаржыландырады.

Үшіншіден, экономиканы карбонсыздандыру бойынша Қазақстанның өз мойнына алған халықаралық міндеттемесін орындау үшін республикада экологиялық тұрғыда таза көлік өндірісі жолға қойылуда.

2022 жылдан бері отандық кәсіпорындарда электроавтобустар мен электромобильдерді құрастыру қолға алынды.

Мысалы, Алматы қаласының әкімдігі электр және газбен жұмыс істейтін 828 автобус сатып алды. Нәтижесінде, еліміздің ең ірі мегаполисінде биыл экологиялық таза қоғамдық көліктің жалпы үлесі 40%-ды құрайтын болады. Елорда да одан қалысатын емес.

Төртіншіден, Қазақстанның ірі қалаларында электромобильдер үшін тегін автотұрақтар қарастырылуда.

Айтпақшы, биылғы жыл басында Мәжіліс «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне толықтыру енгізу туралы» заңының жобасын қабылдады. Оны Сенат құптап, Президент қол қойса, онда тек электромобильдер үшін бөлінген орындарда тоқтаған немесе қалдырылған өзге көлік түрлеріне әкімшілік жауапкершілік енгізіліп, айыппұл салынады.

Бесіншіден, елімізге сырттан әкелінген электрокарлардан баж салығы алынбайды. Нәтижесінде, қалтасы қалың қазақстандықтар «Tesla», орташа ауқаттылары қытайлық «Zeekr» қытайлық сәнді электромобильдерді иеленуге құмартты.

Осы орайда Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі 2023 жылғы 25 қарашада Мәскеуде өткен өзінің кезекті отырысында, Қазақстанның табандауымен, Еуразиялық одақ аумағына электромобильдерді бажсыз өткізу мерзімін тағы 2 жылға – 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты.

ЕАЭО түсіндіруінше, бұл электромобильдер нарығын одан әрі өркендетуге, зарядтау инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.

Осының бәрі елдегі экологияны жақсартуға тиіс.

Экология министрлігінің мәліметінше, көліктердің улы шығарындыларының атмосфераға әсерін төмендету, қоғамдық көлікті газға ауыстыру, электр көлігінің санын ұлғайту және басқа да қабылданып жатқан шаралар арқасында 2025 жылға қарай 10 қалада атмосфераның ластану индексі «жоғары» деңгейден «орташа» деңгейге дейін төмендетіледі. Сөйтіп, ауа сапасы жақсарып, тыныс алу жеңілдеуге тиіс.

Бұған қоса, осыны Қазақстаннан әлемдік қауымдастық, халықаралық ұйымдар да талап етіп отыр. Мысалы, дүниежүзі елдерімен бірге енді Қазақстанға да әрі кетсе, шамамен 15 жылдан кейін бензинмен, дизельмен жүретін жеңіл автомобильдерден бас тартуға тура келмек.

Осыған дайындалу үшін Парламент депутаттары жаңа заң жобаларының топтамасына бастамашылық жасады. Ұлттық заңнаманы өзгертетін түзетулер елімізде экологиялық таза көлікті танымал етуге және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Жаңа заңдар пакетін Мәжіліс мақұлдап та қойды.

Төменгі палата депутаты Самат Мұсабаев мұның – еліміздің халықаралық міндеттемесі екенін қадап айтты. Депутаттар көрші шың елін үлгі етуде.

«Қытай тіпті одан бұрын, 2030 жылға қарай бензинді қозғалтқыштардан толық бас тартуды жоспарлап отыр. 2021 жылы Глазгода өткен дүниежүзілік климат саммитінде Ұлыбритания, Үндістан, Австрия, Польша, Канада, Түркия және басқа елдер, сонымен қатар жаһандық ірі автомобиль өндірушілер 2040 жылға дейін іштен жану қозғалтқышы бар көліктерден толық бас тартатынын жариялады. Сонымен қатар биыл Дубай қаласында өткен Біріккен ұлттар ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі 28-ші конференциясының 8 климаттық іс-қимылды қарастырған қорытынды құжат та қабылданды», – деді депутат.

Себебі, іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктермен салыстырғанда электромобильдердің экологиялық және экономикалық жағынан тиімділігі басым.

Қазақстан көліктердің қозғалтқыштарын өзі жасамайды. Біздегі автоқұрастырушы кәсіпорындар оның бәрін шетелден тасиды. Демек, депутаттардың байламынша, бензинге, дизельге негізделген қозғалтқыштарды шығарудан әлемдегі алып өндірушілердің бәрі бас тартса және оның жеткізілімі доғарылса, онда республикамызға да амалсыздан электромобильдерге толық көшуге тура келеді. Мемлекет сол заманға қазірден дайындалып жатыр.

Кәсіпкер, автосарапшы Андрей Логинов энергетикалық дағдарыс қаупі төнген шақта Қазақстанның электрмобильдерге жаппай көшкені жөн емес деген пікірде.

Сондықтан ондай қозғалтқыштарды ішкі нарық үшін шығаратын шағын зауыт салу, оған шетелдік технологияларды енгізу жайын қарастырған артық болмайды. Мысалы, әскери техника бәрібір, таяу перспективада электромобильге ауыспайды.

Ол былтыр Мюнхенде өткен «IAA Mobility2023» автосалонына қатысыпты.

«Соның аясында өткен конференцияларда машина жасау саласының жаңа тренді – «климаттық бейтараптылық» екеніне екпін түсірілді. Яғни, бұл сала іштен жану қозғалтқыштарынан толығымен бас тартып, электрлі немесе гибридті жеңіл автокөліктерге көшу перспективасын қарастыруда. Алайда сарапшылар бұл өзгерістің тез және радикалды болмайтынын мойындады. Мысалы, атақты BMW концернінің басқарма төрағасы Оливер Ципсе автоөндірушілердің іштен жану қозғалтқыштарынан әзірге бойын аулақ сала алмайтынын мойындады. Өйткені әлемдік экономика өсіп, криптовалюта өндірісі де белең алуы себепті энергетикалық дағдарыс күшейген шақта электрокарларға жаппай өту әр салада жаңа дағдарыс туғызып, экономикаларды тығырыққа тіреуі мүмкін», – деді А.Логинов.

Бұл мәселе парламентшілерді де алаңдатады.

«Елімізде электромобильдер саны артып келеді және олар үнемі, тәулік бойы қуаттандыруды талап етеді. Кейінгі жылдары электромобильдер саны 10 есеге өсіпті. Бүгінде тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардың автотұрақтарында қуаттау станцияларын орнату белсенді жүруде. Тіпті елді мекендерде жер үйлерде де қуаттау орындарын ашып жатыр. Бұл жайт көптеген сұрақ туындатады. Электр энергиясына деген қажеттіліктің артуын қамтамасыз етуге қазіргі станциялар мен электр желілерінің күші жете ме? Егер барлық автокөлік жүргізушілері электромобильдермен жүруге ауысып алса, бұл елдің энергетика жүйесіне қалай әсер ететін болады? Елімізде энергетикалық дағдарыс орын алмайды ма? Себебі, еліміздегі энергетикалық желілердің әбден тозығы жеткені жасырын емес. Көрпемізге қарай көсілгеніміз жөн болар», – деді Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов.

Бірақ қазіргі Үкімет бұдан қорқып отырған жоқ. Оған басты себеп – еліміздегі электрмен жүретін көліктердің саны аз. Ал электрокарлардың үлесі басым болып, отандық энергетикалық жүйеге салмақ түсіретін заман туғанша, Үкімет талай ауысады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 5 миллион 260,6 мың бірлікті құрады. Соның ішінде 88%-ы – жеңіл автомобильдер, 9,9%-ы – жүк автомобильдері және 2,1%-ы – автобустар.

Бұлардың арасында бүгінде небары 8 мың 600-дейі ғана – электромобиль.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, заманауи электромобильдер қуатты үнемдеп тұтынады.

«Жалпы алғанда, елімізде олардың орташа тұтыну көлемі өткен жылы 20 миллион киловатт-сағатты құрады. Қазақстан бір жылда 112 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді. Ендеше электрлі көліктердің қуат тұтынысы он есеге өскеннің өзінде 200-300 миллион киловатт-сағат оларға жеткілікті болады», – деді бас энергетиктің орынбасары.

Ол электрокарларды қуаттау станцияларының ауыл-қалалардағы жерүйлерде, тұрғын үйлердің астындағы жабық автотұрақтарда да жаппай жабдықталып жатуына қатысты проблеманы білетіндерін жеткізді.

«Тұрғын үйлердегі электр желілері оған шыдай ма деген мәселе туындады. Біз бұл проблеманы Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге қарастырып жатырмыз. Қазіргі кезде паркингтерге ондай тез электр қуаттағыш станцияларын орнатуға құқығы жоқ. Ал баяу қуаттаушы станциялар түнгі уақытта жұмыс істейтін болса, олар аса үлкен әсер етпейді. Жалпы, электр беруші компаниялар ғимарат иелерімен техникалық шарттар жасасқан кезде мұны міндетті түрде ескеруі керек», – деді вице-министр Сұңғат Есімханов.

Негізі, электрмен жылдам қуаттағыш станциялар дамымай, халық та, бизнес те электромобильдерге көп қызықпайтын болады. Батареясын тез толтырып алуға мүмкіндігі болмаса, уақытын да көп шығындайды, көлігінің де орта жолда қалу қаупі туындайды.

Энергетика вице-министрі ондай станциялар желісін өрістету мәселесі пысықталатынын жеткізді. Ведомство электр желілеріне жауап беретін компанияларымен бірге, оны дамытуды бағдарламаларда, инвестициялық жобаларда қарастырады.

inbusiness.kz

Comments (0)
Add Comment