Қазақ әнінің бозторғайы

Қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген әнші, жыршы, композитор Кенен Әзірбаевтың өмір сүрген кезеңі халқымыздың басынан алағай да бұлағай заман өтіп жатқан шақ еді.

Әрине, ел басына төнген ауыртпалық бала Кененнің жүрегіне жырдан салмақ түсірді. Сондықтан да қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі билік жүйесі мен билеуші топқа қарсылық тақырыбы Кенен сияқты халық композиторларының әндерінде жиі ұшырасады. Мұндайда ойымызға автордың бала кезінде жазған атақты «Көкшолақ» әні түседі.
Мен өзім Алатаудың ителгісі,
Қойшының қызға жақын икемдісі.
Кедейсің деп кемітпе, байдың қызы,
Келіп отыр құрбыңның сүйкенгісі, – деп шырқаған әні топ-топ болып тойға кетіп бара жатқан жігіт-желең, қыз-қырқынды елең еткізеді. Былай қарасаң, әзіл ән сияқты болғанымен, астарына үңілсең, ащы азап, кедейлескен қазақ қоғамы көз алдыңызға көлденеңдейді. Кедейлесу тек материалдық емес қой.
Ән сөзі «Мінгенім астымдағы Көкшолақты» деп басталса, қайырмасынан кейінгі шумақта «Мінгенім астымдағы қызыл шолақ» деп жалғасады. «Шолақ» қызыл жалау сол тұстағы шолақ белсенділердің, патшалық кезеңнің символдық белгісі сияқты көрінеді. Ауылды ала тайдай бүлдіретін сол шолақ белсенділер емес пе, бәлкім, Кенен атамыз «шолақ» сөзін тегін қолданып отырмаған шығар? Жалпы қазақ әдебиетінде «шолақ» сөзін қолданған әнші, жазушылар аз емес. Мәселен, шолақ белсенділер образын Оралхан Бөкей атақты «Атау-кере» хикаятында «Шолақ қол» деген атпен алынып, кең тұрғыда сөз болады.
Ал Жетісу өңірінің дәстүрлі ән өнерін зерттеп жүрген Сағатбек Медеубековтің ойынша, Кенен Әзірбаев тек өз кедейлігіне ғана емес, жалпы әлеуметтік теңсіздікке қатысты күйініш білдірген.
«Бозторғай,
Шырылдайсың, шіркін-ай,
Құтылар күн барма екен,
Осы қойдан бір күн-ай, – дегеннің өзінде әлеуметтік теңсіздікке деген қарсылық жатыр емес пе, – дейді».
Отарлаушы үкіметтің қазаққа ғана емес, өз отарына айналған халықтарға, тіпті адамзатқа жат саясатын айпарадай ашып көрсеткен, Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» шығармасына арқау болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне Кенен Алатауды жаңғыртқан әні арқылы қарсылық білдірді. Бұл жарлыққа қарсы болып, балаларын майданға жібергісі келмеген ел адамдары Әли батырдың айналасына топтасады. Олар кейін «Ақтерек» деп аталған ауылдың жоғары жағындағы тау қуысына бекінеді. Кенен сол жолы:
Ел-жұртым, бас қосалық, аттаналық,
Әлидің жасағына саптаналық!
Қорлықтан да соғысып өлген артық,
Патшадан кегімізді ап қалалық!
Аттаныңдар, ау, аттаныңдар! – деген атақты «Аттан» өлеңін шығарады. Сонымен қатар бүгінде жұрт арасында кең тараған «Қайран елім» әні де сол зұлмат жылдардың жанды жабырқататын халықтың қасіретін құшағына көмген ән еді. Сөзіне зер салсаңыз, сүйек сыздайды.
Алатау алабында туып-өстік,
Қайнардың тасып аққан суын іштік.
Халық үшін қайғы тартып, азап шегіп,
Патшаның зорлығынан босып көштік.
Тас жастап, мұз бүркеніп өтті күнім,
Қосылған қоңыр қазға ән мен үнім.
Жер мен ел туып-өскен, қош, аман бол,
Қалдың-ау, қатын, бала, аға, інім!
Аман бол, көріскенше, ел-ағайын,
Басыңа түсті қазір сары уайым.
Ел-жұртым еркіндік ап, басын қосса,
Серпілер онда менің арман-ойым.
Ең үлкен қарсылық – музыка екенін жақсы сезген большевиктер ел ішінен шыққан өнер өкілдеріне қуғындауды бір сәт тоқтатқан емес. Қазақ даласына Совет үкіметі орнаған кезеңге дейінгі Жетісу ән өнерінің соңғы өкілі ретінде Кенен Әзірбаев аталады. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, советтік жүйе көтеріліске басшылық жасаған Бекболат, Тоқаш, Әли, Қырғызбай сияқты батырлардың, олардың серіктерінің соңына түседі. Әли қолға түсіп, жазаланады. Көтерілісшілер арасында Кененмен бірге болған Есдәулет Қандеков ақын ұсталып, оған «көтерілісті жақтап өлең айтты» деген айып тағылып, 20 жылға сотталады. Кенен бес-алты жолдасымен әуелі Іле, Топар жағына барып бой тасалайды. Сондағы қойшылар арасында паналап, анда-санда Желтораңғы ауылындағы Балтағұл Бигелдіұлының үйіне соғып, жан-жақтан хабар алып тұрады. Бір жолы Балтағұл Кененге оны іздеуші жендеттер ара-тұра оның үйіне барып, Қордай атырабына сұрау салып жүргенін, әзірге дамыл табатын түрлері жоқ екенін, енді Іле, Топар, Балқаш жағына шықпақшы деген сөздер естігенін айтады. Осыдан соң Кенен түнделетіп үйіне жетеді де, балаларының бетінен сүйіп, жол азығын қамдап, Қырғыз еліне, Ыстықкөл жағына өтіп кетеді. Сол жақта жай момын шаруаның қалпына түсіп, елеусіз, ескерусіз жүре береді. Қойшылармен тау арасында қой жайысады, шөпшілермен шөп шабысады. Сөйтіп жүргенде күз өтеді, қыс кетеді, көктем жетеді. Елін, жерін сағынған Кененнің әйгілі «Бұлбұл» әні сол кезде туады.
Ал әнші Жәнібек Кәрменов 1984 жылы «Жұлдыз» журналына жариялаған мақаласында:
«Адамзат ең бірінші ел сағынар,
Елден соң туып өскен жер сағынар.
Туған ел өскен жерім ойдан кетпес,
Әйтпесе, сыйласар қырғыздан да ел табылар, – деп әнші басына күн туып, Алатау асып кеткенде шағында өзіне дейінгі дәстүрлі ән өнері иелерінің ізімен сағынышын зар етіп төгіп, мұңын бұлбұлға шағады.
Ой, бұлбұл, сен де бұлбұл, мен де бұлбұл,
Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр,
Айырылып ел мен жерден жүрген шақта,
Жұбатып ертелі-кеш сайра да тұр.
Алатаудың сағындым-ау самал лебін,
Қордайдың көкседім-ау қоңыр желін, – деп туған жер, өскен ортаға сыймай, қуғын-сүргін көрген өзі секілді мыңдаған боздақтардың өмірін әнге арқау етеді», – деп жазады.
Әрине, қазақ халқының басынан қиын кезең өтіп жатқанда өмірге келіп, заман зарын әніне арқау еткен, боз даланың бозторғайының есімі елі барда мәңгі асқақтай бермек. Келер ұрпақ екі жүзге жуық лирикалық, дидактикалық арнау мен толғаудың авторы Әзірбаевтың әндерін әуелете шырқай береді деп сенеміз.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Comments (0)
Add Comment