Қазақ өнерінің қайраткері

Бекнұр Сатыбалдиев

Жаман тоқты


«Құрметті әнсүйер қауым! Алдарыңызда «Тараз» триосы!» деген кеш жүргізушісінің хабарлауынан соң сахнаға көтерілетін үш өнерпаздың халық сүйіктісіне айналғалы қашан! Шығармашылық үштік мүшелерінің қай-қайсысының да болмысы бөлек, дауысы ерек. Соның ішінде қолына қазақы қара домбырасын ұстаған Асылхан Шүңірековтің дараланып тұратыны тағы бар. «Әйт, шүу, Көкшолақ, Әйт, шүу, Көкшолақ, Әйт, шүу, Көкшолақ!» деп баяу басталған әуезді ән құлақтан кіріп, бойды алып, буын-буыныңа түсіп балбыратып ала жөнеледі. Кенет «Мінгенііім астымдағыыы Көкшолақты-ой, оууу» деп қазақы қоңыр дауыс аспан астын шарлап кеткенде, тұла бойыңды тоқ жүріп өткендей шиыршық аттырады. Кенекем жырлаған Көкшолаққа мініп алып, Қордай тауларында құйындатып бара жатқандай күйге түсесің. Мұны енді ән құдіреті, әнші құдіреті демеске шараң жоқ.

Елі дархан, жері бай Мойынқұм – талай таланттың тұсауын кескен құт мекен. Жамбыл облысының жартысына жуық аумағын алып жатқан шалғай аудан ән мен жырға да сан мәрте арқау болған. Адам баласы туған жердің табиғатына тартпай қоймасы анық. Балқаш көлінің оңтүстігі мен Бетпақдаланың солтүстігін алып жатқан құмды алқапта аң-құс, жан-жануар мен өсімдіктің алуан түрі бар. Баритің де, алтының да осында. Мойынқұмның маң даласын суреттеп, «анандай бар, мынандай бар» деп жатқанда, құдды бір Асекеңнің болмысын баяндап жатқандай боласың. Асекең де дәл осындай. Кең, мол, мінезге, өнерге бай сал-серінің нақ өзі.
Асылханды ең алғаш өнерге алып келген ананың аялы алақаны мен асқақ арманы еді. Төрт баламен жарынан жастай жесір қалған Жәмила апа Асылханының бойындағы бұлқынысты ерте байқаса керек. «Сен өнердің өкілі болу керексің» дегенді санасына қаршадайынан сіңіретін. Өзі де өнер десе ішер асын жерге қоятын ғазиз жан еді. Жәмила апа да думанды кештерде мандолинасын қолына алып ән айтқанда, дүйім жұртты аузына қарататын. Бір жағынан ауыл мектебінде мұғалім, кейіннен директор болған көзі ашық жан ғой, баласын өнерге ерте баулыды. Талдыөзек ауылындағы мектепте Садық Құнанбаев деген талантты сазгер еңбек етті сол жылдары. Мәдени-ағарту училищесін бітіріп келген білікті маман ауыл балаларының басын қосып, домбыра үйірмесін ашты. Төртінші сыныптың табалдырығын жаңа аттаған бала Асылханды анасы жетектеп осы үйірмеге әкелді. Осында «қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл жай бұраудың» алғашқы әліппесін Садық ағай үйретті. Үйірме қатысушыларының барлығы ересек балалар еді. Ең кішкентайы – Асылхан. Аспап пен Асылханның «тіл табысуы» оңай болған жоқ. Атасының жаман қара домбырасын қолтықтап келіп дыңғырлатқан болады. Саусақтары икемге келмей, домбыраның құлағы ырқына көнбей көп қиналды. Өзгелері екінші, үшінші күйді үйреніп жатқанда, ол әлі аспабымен алысып жүрді. Шәкіртінің шабан қимылын байқаған Садық ағайы оны әзілдеп отар қойдың соңында қалып қала беретін жаман тоқтыға теңейтін. Бірақ өнердің зау биігіне өзгелері емес, дәл осы «жаман тоқты» шығарын ол кезде ешкім болжап білген жоқ еді…

Үлкен сахнадағы алғашқы қадам


Сегізінші сыныпты бітірген жылы Асылхан ән-күйге әжептеуір бейімделіп қалған. Мектепішілік, ауданаралық байқаулар мен мәдени шаралардың бел ортасынан табылатын. Құрманғазының «Кісен ашқан», «Келіншек» сынды күйлерін тартып, концерттерге де шығып жүрді. Шөбі шүйгін, шұрайлы өлкенің сол жылдардағы мал басының күрт өсуі мен егістік алқаптарының артуы Мойынқұмда маман кадрларды көбірек дайындау қажеттілігін туғызды. Сөйтіп, 1958 жылы сол кезде аудан орталығы болған қазіргі Бірлік ауылынан №16 кәсіптік-техникалық ауыл шаруашылығы училищесі ашылды. Училище механизаторлар мен жүргізушілер, электр мен дәнекерлеушілерді және қырықтықшыларды даярлап, ауыл шаруашылығын білікті мамандармен қамтамасыз етті. Ал 1964 жылдың 31 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығына байланысты Көктерек ауданының аумағында Мойынқұм ауданы құрылып, училище 1972 жылы аудан орталығы Фурмановка ауылына көшіріледі. Сөйтіп, оқу орнын қажетті бала санымен қамту жөнінде білім беру мекемелері басшыларына тапсырма беріледі. Бұл тапсырма Асекеңнің анасы Жәмила апайды да айналып өтпейді. Талдыөзек ауылындағы мектеп директоры ретінде ол кісіге де он оқушы әкелу туралы міндет қойылады. Сол күндер туралы сөз қозғағанда, Асекең: «Біздің кезімізде СПТУ-ға (кәсіптік-техникалық училище) орта мектептегі оқу үлгерімі мен тәртібі нашар балалар ғана барады деген түсінік болатын. Сондықтан көп ата-ана балаларының онда оқуын бір жағы намыс санайтын. Осы жағы анама қиындау соқса керек. Себебі үгіттеген ата-аналарының көбісі «жақсы болса, өз балаңды неге жібермейсің?» деген сыңайда әңгіме айтыпты. Мен де дәл сол жылы тоғызды бітіріп жатқанмын. Бір күні анам келіп: «СПТУ-ға оқуға барасың ба, балам?», – деді. «Барам», – дедім. Балалық шығар, бәлкім. Мектепке емес, студент құсап аудан орталығына барып-келіп оқыған қызық көрінді. Оның үстіне ол жерде әжептеуір мамандық болып, диплом алып шығасың. Мен барам деп едім, ауылдың мен қатарлы он бес-жиырма шақты баласы да ілесіп құжат тапсырды», – деп еске алады.

Асекеңнің өнерге деген өлердей ғашықтығының бір белгісі сол – «темір-терсектің» оқуында жүрсе де қолынан қара домбырасын, аузынан әнін тастамады. Тіпті алғаш рет үлкен сахнаға да осы училище қабырғасында жүріп шықты. Қайрат Байбосыновтың ән жинағы пластинка болып жаңадан шыққан кез. Әнге ғашық балаға анасы осы пластинканы сыйлайды. Көктен іздегені жерден табылғандай қуанған Асылхан пластинканы күндіз-түні тыңдайды. Осылайша Қайрат Байбосыновтың орындауындағы Мәдидің «Қаракесек» әнін пластинкадан тыңдап үйренеді. Көп ұзамай кәсіптік-техникалық училищелер арасындағы облыстық ән байқауына қатысып, «Қаракесек» әнін нақышына келтіріп орындайды. Қазылар алқасының төрағасы белгілі күйші Сақып Әбдірәсілов өнерін жоғары бағалап, лауреат атанады. Облыс орталығына келіп, алғаш рет үлкен сахнада ән шырқағаны да осы кез. Қазіргі Тараз қалалық мәдениет үйінің сахнасы жас өнерпазға ат шаптырымдай болып көрініп, тұла бойын тулатып еді сонда.

Ауданды қоя беріп, облыстық байқауларда бәйге алып жүрген Асылханның атағы ел арасында кеңінен тарай бастады. Оқуда да озат, өнерге де жүйрік. Училищенің маңдайалды студенті. Қай кезде де ел мақтаған жігітті қыз жақтайды емес пе? Домбырасын асынып, сауық-сайранның ортасында жүрген Асылханды сұлулар да назарынан тыс қалдырмайды. Осыны аңғарса керек, бір күні әнші жігітті ағасы мен жеңгесі ортаға алады. Әңгіменің ауаны «жас емессің, отбасын құр, келін түсір» дегенге саяды. Алғашқыда құлаққағыс ретінде айтылғанымен, кейіннен бастырмалата түседі. Ол кезде Асекеңнің де сөз байласып жүрген сұлуы бар. Бірақ бір айыбы – екеуі де он сегізге толмаған еді. Алайда аға мен жеңгенің қамшылауы заң-законнан басым түсіп, он жетісінде шаңырақ көтереді. Ел іші у-шу. Кәмелеттік жасқа толмай үйленіпті деген сөз лезде тарайды. Беташардың ертеңіне-ақ жас Асекең оқудан шығарылады. Дегенмен құдай сәтін салса, қай істің де қиюын келтіріп тұрады емес пе? Екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев жас келіннің немере атасы болып шығады. Екі жастың тойында құдалар жағын Жаз атаның өзі бастап келеді. Жаз ата келген соң, сол кездегі аудан басшысы Айтбай Назарбеков те ілеседі. Ол енді Жаз атаның абырой-атағы алысқа кетіп, Одаққа танымал болып тұрған шақ. Той өтісімен, Еңбек Ерінің бір ауыз сөзін екі етпей жауапты азаматтар Асылханды қайта оқуға қабылдайды.

«Тараз» триосы

Осылайша Асылхан облыс орталығындағы гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түседі. Механика факультетінің студенті атанған жас талаптың бар ғұмыры осы салаға арналуы тиіс еді. Алайда ән әлемінен алшақтап кете алмады. Студенттер арасында өткен байқауда Асылхан қара домбырасын құшақтап, «Қаракесек» әнімен тағы шықты сахнаға. Ауыл баласының алапат дауысы тыңдарманын тамсантпай қоймады. Қалалық, облыстық байқаулардың барлығында дерлік лауреат атанып, көпке таныла бастады.

Осы тұста Әулиеата топырағында құрылған «Алатау» ансамблінің де атағы шарықтап тұрған еді. 1970 жылдары ансамбльге белгілі әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев жетекшілік етті. Алтекеңнің жанында Мұхтар Рахманқұлов, Алтынбек Бекмұратов есімді өнерпаздар болды. Олар қоңыр домбыраның үнімен-ақ қазақ әнінің құдіретін танытты.

Сөйтіп жүргенде, 1974 жылы Алтынбек пен Мұхтардың ойына домбырашылар үштігін (трио) құру идеясы келді. Қарап тұрсақ, ол кезде трио деп аталатын ұжым өзге өңірлер үшін таңсық еді. Кейін әйгілі болған трио осылайша өмірге келді. Бастапқы кезде аты да қойылмаған еді. Сондықтан жұртшылық оларды «Домбырашылар, әншілер триосы» деп атап жүрді. Ән айту мәнерлеріне тәнті болып, жылы қабылдады. Халық әндері «Желбір жекен», «Әләулім-ай», Алтынбек Қоразбаевтың «Әгугай домбырасы» бірнеше дауыста өз нақышын тапты. Иықтарына қазақтың қара домбырасын асынған сері жігіттер жер-жерде өнер көрсетіп, тіпті Алматы тыңдармандарын да тамсандырып қайтты. Ол кездегі үлкен жаңалық – қазақ телевидениесінің экраны арқылы ән шырқады. «Тамаша» ойын-сауық отауының барлық дерлік концерттерінде өнер көрсетті. Трионың танымалдылығын арттыруға «Тамаша» үлкен үлес қосты. Алғашқы қадам сәтті болды. Топтың да даңқы асқақтап, шарықтай түсті.

Арада бірнеше жылдар өткеннен кейін Алтынбек Қоразбаев облыстық филармонияға директор болды да, «Алатау» ансамблінің де, трионың да жетекшілігі Мұхтар Рахманқұловқа берілді. Домбырашылар үштігіне жас әнші Асылхан Шүңіреков осы кезде келді. Асылхан Тараздағы гидроқұрылыс институтының бірінші курс студенті болатын. Асекеңнің келуімен трионың репертуары «Омпидың жеңеше-ай», «Аппақ сенің тамағың» және т.б. әндермен толығып, шығармашылықтары ілгерілей берді. Домбырашылар триосы «Алатау» ансамблінің құрамында бірқатар шет мемлекеттерде өнер көрсетті. Атап айтқанда, Үндістан, Бангладеш, Чехословакия, Польша, Болгария және Орта Азия елдерінде болды. Кеңес Одағының 15 республикасының барлығында жеке концерттерін өткізді. Мәскеу төрінде өткен Бүкілодақтық халық шығармашылығының көрмесіне шақырту алды. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес Одағындағы танымал ұжымдардың біріне айналды.
Асекең содан бері триодан қол үзген емес. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде отбасылық жағдайына байланысты туған ауылына барып 3-4 жылдай қызмет атқарғанын есептемегенде, қалған саналы ғұмырының барлығы өнермен біте қайнасып, қыздың қос бұрымындай өріліп келеді. Алғашқыдағы домбырашылар үштігі «Алатау» кейін «Тараз» триосы атанғанда да, Асекең осы ұжымның ортасынан табылды. «Ортасынан табылды» деп айта салғанға оңай шығар, бәлкім. Әйтпесе егемендіктің елең-алаңындағы қиын күндердің қыспағын ең алғаш көрген сала осы мәдениет еді ғой. Тоқырау «Алатау» ансамблін де айналып өткен жоқ. Қаржының тапшылығынан тарқатуға тура келді. Алайда өнерге, өлеңге жаны ашитын өнерпаздар ансамбль тарағанымен, онымен аттас трионы аман алып қалды.

Мейрамбектің алғашқы ұстазы

Күллі қазақтың сүйікті әншісіне айналған Мейрамбек Бесбаевтың алғашқы ұстазы Асылхан Шүңіреков екенін біреу білсе, біреу білмес. Мейрамбектің ең алғаш ән айтуы, домбыра тартуы Асекеңнің өнеріне еліктеуден басталған. «Ол кезде Мейрамбек ойын баласы еді» деп бастады шәкірті жайлы әңгімені Асекең. «Қызыққа толы студенттік жылдар болатын. Домбыра тартып, ән шырқайтын болғандықтан, думанды кештердің ортасында жүрем. Сондай бір отырыста қасымдағы жолдастарым мені Мейрамбектің әкесімен таныстырды. Ол кісі мен оқитын оқу орнын бізден бұрын бітіріп кеткен екен. Әбіләшім аға мен жұбайы Жібек жеңгей әнге, өнерге ғашық жан болып шықты. Содан таныстығымыз достыққа ұласып, тығыз араласа бастады. Әлі есімде сол кезде қалада Сүлейменов көшесі 144 деген мекенжайда жер үйде тұрады екен. Біз онда жатақханада тұрамыз. Туған күн секілді көңілді кештерді көбіне жер үй болғандықтан, сол Әбекеңнің шаңырағына барып тойлаймыз. Мейрамбек онда ойын баласы. Әнші ретінде әлі ешкім танымайды. Бірақ біз домбыра тартып, ән айтқанда, үйірсектеп қасымыздан шықпайды. Кейін өнерге икемі барын байқаған соң домбыра үйретіп, ән айтқыздық. Бастапқыда Аяз Бетбаев ағамыздың термесін айтып жүрді. Ол кезде жас баланың домбыра тартып, терме айтуын халық үлкен жаңалық ретінде жақсы қабылдады. Сексен жетінші жылы «Баласағұн» орталық концерт залында аламан айтыс өтетін болды. Осы жерде Мейрамбек алғаш рет үлкен сахнаға шығып, халық алдында өнер көрсетті. Үшінші сынып оқушысы домбырамен шығып, Аяз ағасының термесін орындағанда, залда тебіренбеген жан қалмады. Халық ду қол шапалақ ұрып, орнынан тұрып қошемет көрсетті. Әнші баланы сол кезде айтыскер ақын ретінде кеңінен танылған Серік Қалиев сахнадан көтеріп әкетті. Мейрамбектің әнші ретінде көпке мәлім болуы осылай басталған еді. Кейін Қазақстанның Мәскеуде халық шығармашылық күндері өтетін болып бір топ өнерпаз сонда бардық. Қатарымызда Мейрамбек те бар. Мәскеуде «Туған жер» әнін шырқады. Қаршадай баланың сыңғырлаған дауысына тәнті болды жұртшылық. Сол сапардан соң, «Московская правда» газетіне «Қазақтың Робертино Лореттиі» деген мақала шықты Мейрамбек жайлы. Міне, осындай Мейрамбек Одақ көлемінде танылды. Мәскеу сапарынан соң Мейрамбекті облыстық филармонияның директоры Алтынбек Қоразбаев ағамыз қасына алып тәрбиелей бастады. Ал кейін Мейрамбек екеуміз облыс аудандарын аралап, ұстаз бен шәкірт болып талай концерт берген де жайымыз бар».

Түйін:
Қазір дауысы жоқ даурықпа әншілердің заманы жүріп тұрғаны жасырын емес. Теледидарды ашып қалсаң да, радионы басып қалсаң да, компьютермен әрленген дауыстарымен ән салып әлек болған әумесерлерден құлақ тұнады. Жеңіл-желпі жылтыраққа үйренген жұртқа да осылар өтімді болып тұр. Алайда «алмас қылыш қап түбінде жатпайтыны» ақиқат. Асекеңдердің аудиториясы бөлек. Қазақтың халық әні мен қара домбырасына құлақ түретін тыңдарман бар. Патша көңілді тыңдарманның парқын білетін Асылхан сынды азаматтар қандай қиын заман болса да, өнерді өлтірмей өрге сүйрейді. Сонау жылдары ауылда, Садық ағайдың үйірмесінде домбыраны үйрене алмай «жаман тоқты» атанған жас баланың ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлігіне дейінгі жолы тақтайдай тегіс болған жоқ. Сахнаның киесі бар. Оны түсінген жан одан ешқашан сырт айналмайды. Әйтпесе, тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда елдің бәрі екі қолға бір жұмыс іздеп тентіреп кеткенде, Асекеңдер неге қалды сахнада? Сол өнердің киесін, қасиетін түсінгендіктен ғой, әрине.


Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: алпыстың асқарына шыққан Асылхан аға мен Жұмакүл жеңгей ұл мен қыз өсіріп, олардан сүйген немерелерінің қызығын тамашалауда. Әнші ағаның қазақ әнін әлі талай рет аспандата беруіне тілектеспіз!

Comments (0)
Add Comment