Қазақ күресінен республикалық турнир басталды

   Бүгін Қазақстан Республикасының 30 жылдығына және  «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казакстан» газеттерінің жартылай ауыр салмақтағы жеңімпазы Бөрібек Тоғызақбаевты еске алуға арналған қазақ күресінен 2006-2007 жылдары туылған жасөспірімдер арасында VII-ші республикалық турнир басталды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Турнир әке жолын кейінгі жас буынға насихаттап, жас спортшыларды сондай жетістіктерге ұмтылдырып келе жатқан Тоғызақбаевтар әулетінің ұйымдастыруымен, аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевтің бастамасымен және аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен Жайылма ауылындағы Б.Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінде дүбірлі шара өтуде.

Турнирде аудан басшысы:

– Бүгінде қазақ күресі – ұлттық құндылығымыздың айнымас бөлшегіне айналды.

Спорттың бұл түрі ауданымызда жақсы дамып келеді. Ауданның спорт мектептерінде 100-ден астам бала күрестің осы түрінен жаттығады.

Өздеріңізге белгілі, қазақ күресінің мәртебесін арттыруға бағытталған бұл дәстүрлі жарыс Сарысу жерінде көп жылдан бері өткізіліп келеді.

Аудандық жарыс болып басталған бұл дода бүгінгі таңда республикалық деңгейге жетті.

Қазіргі таңда, жастар арасында қазақ күресінен 2019 жылғы Республика жеңімпазы, Румыния мемлекетінде өткен әлем кубогінің жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Аманшүкіров Нұр Серікұлы, Қазақстан Кубогінің күміс жүлдегері, қазақ күресінен спорт шебері – Мырзанов Нұрболат Олжабекұлы, Қазақ күресінен Қазақстанның жеңімпазы, спорт шеберлігіне үміткер – Орынбасарова Асылжан Мұхитқызы сияқты жерлестерімізді мақтан тұтамыз.
Жарыстың ауданымызда өтуі жас балуандардың кәсіби деңгейінің өсуіне, спортшылардың спортпен шұғылдануға қызығушылықтарын арттыруға ықпал етері сөзсіз.

Құрметті спортшылар!
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін!
Қазақ күресінің мерейін асырып, абыройын тасытатын бүгінгі белдесуде жеңіске жетулеріңізге тілектеспін,-деді.

Турнирге демеуші, кәсіпкер, меценат Жеңіс Тоғызақбаев, спорт шеберлері, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Алметов басқа да спорт сүйер қауым қатысты.

Республикалық турнир басталып кетті.

Екі күнге созылатын турнир қортындысын алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

Comments (0)
Add Comment