Бүгін – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, кесек тұлғалы, қайсар мінезді наркескені, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаның туғанына 91 жыл толды. Атаулы күн аясында шаһар төріндегі Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясында «Қазақ сөз өнерінің наркескені» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Салтанатты шараның шымылдығын ашқан аталған оқу ордасының директоры Эльмира Қойлыбаева бүгінгі басқосудың маңыздылығына кеңірек тоқталды.
– Шер – ағамыз қайраткерлік қызметін қалдырмай жүріп, том-том романдар жазған жазушы. Ол – халқының басындағы аласапыран, алапат кезеңнің жауапкершілігін жіті сезініп, қаламына арқау еткен жан. Бүгінгі таңда Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 2023-2024 оқу жылында мектеп кітапхана қорына келіп түскен 547 дана көркем әдебиетті оқырман қауымға таныстыру мақсатында кітапханада бір айлық ашық есік күндері өтуде. Біз бұл білім ордасында Алашқа аты мәлім тұлғалардың білім алғанына мақтанамыз, – деді Эльмира Серікқызы.
Ш. Мұртазаның өмірі мен шығармашылығын халыққа кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған тағылымы мол кешке, Шерхантану ғылыми – зерттеу орталығының қызыметкерлері, білім ошағының қызыметкерлері мен оқыушылары жазушының шығармалары туралы өз ойларын ортаға салды.
Жұмаш Жолболды