Қазақ баспасөзінің қаранары

«Шу өңірі – Шуская долина» газетінің 90 жылдың мерейтойы дүркіреп өтті

Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын. Бұл Шераға – Шерхан Мұртазаның қаламгерлер қауымына берген әділ бағасы. Бүгінде ақпарат айдынында желкен керген басылымдар аз емес. Олардың бірлері заман көшіне қарай жаңғырып, түрленіп жатса, енді екіншілері электрондық үлгіге ауысып, ақпарат таратуда. Алайда барлығының көздегені бір мақсат – оқырманға дәлелді, дәйекті, әрі жедел ақпарат жеткізу. Халықтың мұңын мұңдап, бұқара мен биліктің арасына алтын көпірге айналу. Міне, осы сенім үдесінен шығып, тұғырынан түспеген «Шу өңірі – Шуская долина» газеті күні кеше торқалы 90 жастық белесіне жетіп, мерейтойларын дүркіретіп атап өтті.

90 жас тарих өлшемімен аз көрінгенімен, бұл бір адамның ғұмыры. Төгілген маңдай тер мен ұрпаққа қалдырған өшпес ізі. Осы уақыт аралығында «Шу өңірі – Шуская долина» газеті сан тауқыметті бастан кешірсе де, бағытынан айныған емес. Керісінше өмір соққысынан ысылып, өрісін кеңейте түсті. Бүгінде 100 мыңнан аса тұрғыны бар Шу ауданының тыныс-тіршілігінен тынымсыз хабар таратып, аймақтың айнасына айналып отыр.

Белді басылымның мерейтойына орай Шу аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға облыс әкімінің кеңесшісі, Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман, «Salyq tartibi» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, ардагер журналистер – Қуаныш Иембердиев пен Көсемәлі Сәттібайұлы, «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абайлдаев, «Jambyl TV» облыстық телерадиоарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, «Tekturmas» республикалық журналының бас редакторы Маржан Рақай, Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің бас редакторы Нұрасыл Сұлтанбаев және өзге де жамбылдық журналистер қатысты.

Мерейтойлық кештің түндігі жергілікті халық театрының «Ұлттың ұлы көсемі – Ахмет Байтұрсынов» атты сахналық қойылыммен түріліп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Бұдан кейін облыс әкімінің кеңесші Хамит Ерболатұлы сөз алып, бір дәуірдің шежіресіне айналып отырған басылымның мерейтойына арнайы жолдаған аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ Парламент Сенатының депутаты Сәкен Арубаевтың да жылы лебізін «Шу өңірі – Шуская долина» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайғанға табыстады.

Шара барысында жергілікті үнпараққа 20 жылға жуық басшылық еткен жазушы-журналист Ахметжан Қосақов пен сала ардагері Тампылбай Молдақұловқа ерекше құрметпен сөз беріліп, иықтарына шапан жабылды. Ал Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков биыл шулықтар үшін торқалы тойлармен ерек екенін тілге тиек етіп, соның ішіндегі «Шу өңірі – Шуская долина» газетінің 90 жылдығы өз алдына бір төбе екенін баса айтты.

– Биыл Шу ауданының 95 жылдығы аталып өтілмек. Одан бөлек Шу қаласына 65 жыл толып отыр. Міне, осы мерекелер қарсаңында «Шу өңірі – Шуская долина» газетінің 90 жылдығының тойлануы заңдылық. Әрі бұл біз үшін үлкен қуаныш.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуі тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл -өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр», – деген болатын. Бұл сөз баспасөздің қоғамдағы орны мен оның ұлт санасына әсерін терең бағалағанын көрсетеді. Газет тек ақпарат көзі ғана емес, халықтың тарихи жады, ұлттық ой мен пікірдің алаңы екенін аңғартады. Кешегі аға буын қалыптастырған мықты мектеп бүгінде қалыбы дұрыс құйылып, кірпіші түзу қаланған үлкен ұжымға айналып отыр. Алыс-жақын елді мекен тұрғындары басылымның әр санын асыға күтетінін жақсы білеміз. Оның ішінде еңкейген қариядан, еңбек адамдарына дейін бар. Қазіргідей ақпараттық технологиялардың дамуына қарамастан газет-журнал оқитын жерлестеріміз аз емес екені қуантады.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Дәл осындай сипатқа ие «Шу өңірі» газеті тұрғындардың 90 жыл бойғы айнымас серігі. Соңғы жылдары жаңғырып, жаңаша кейіпке енген газет бастапқы мақсатынан адаспай оқырман қауымға тұшымды ақпарат жеткізіп, халық үнін жариялауда. Газеттің көлемі ұлғайып, дизайны түрлене түсті.

Аудандық басылым – аймақтың шынайы айнасы. Шаһардың шамшырағы. Осы орайда «Шу өңірі» газеті ұжымын мерейтойларымен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, жұмыстарына тек қана жеміс тілеймін. Жазар көбейсін! – деді Бақытжан Оразалыұлы.

Салтанатты шарада аудан әкімдігінің тікелей қолдауымен жарық көрген балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаев пен балалар ақыны Бақыт Исаеваның ғибратты ғұмыр жолынан сыр шертетін қос кітаптың да тұсауы кесілді. Сонымен қатар кеште «Шуақты Шу өңірім – құт мекенім» атты байқау жеңімпаздары атанған Ахметжан Қосақов пен Тампылбай Молдақұлов арнайы марапатқа ие болды. Бұдан бөлек бірқатар азаматқа «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етіліп, аудан әкімінің Құрмет және Алғыс хаттарымен құрметтелді. Сондай-ақ бір күн бұрын ұйымдастырылған тастаяқ турнирінің жеңімпаздары – бас жүлде иегері «Egemen Qazagstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абайлдаев, екінші орын алған «Astana» телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісі Берік Жакулаев және үздік үштікті түйіндеген Қордай ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл ақшалай сыйақымен марапатталды.

Жалпы, «Шу өңірі – Шуская долина» газетінің 90 жылдың бедерінде талай қарымды қаламгерлер еңбек еткен. Соның бірегейі – Қартайған Молдағұлов. Білікті маман сол кездегі полиграфиялық құрал-жабдықтардың тапшылығына қарамастан жоқтан бар жасап, газет шығару жолында түрлі ауыртпалықтарды бастан өткерген. Сондай-ақ алғашқы тілшілердің қатарынан Сағынбек Несіпбаевты да атап өткен жөн.

1935 жылы мемлекет және партия қайраткері Сергей Киров өмірден озып, тарихи тұлғаның есімін есте қалдыру мақсатында «Социалды еңбек» газетінің атауы «Кировшы» болып өзгертіледі. Басылымның аты өзгергенімен, мазмұны мен мағынасы сақталып қалады. Бұл кезде Шу ауданы Алматы облысының құрамында еді. Ал 1954 жылдан бастап «Кировшы» газетінің аударма нұсқасы ретінде «Кировец» газеті орыс тілінде жарыққа шыға бастайды. Мұны газет басшылығының аудандағы түрлі этнос өкілдерінің пікірін ескеріп, басылымның тынысын кеңейту жолында жасаған еселі еңбек екені анық.

Ал 1962 жылы аудандық «Кировшы – Кировец» газеттерінің атауы «Шу өңірі – Шуская долина» болып жаңарды. Содан бері қазақ және орыс тілдерінде қатар шығып келе жатқан аудандық басылымда бірнеше буын алмасып, олардың бірқатары облыстық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында табысты еңбек етуде.

Тағы бір айта кетерлігі, тағылымы мол газеттің алғашқы редакторы Қартайған Молдағұловты құрметтеу мақсатында оған аудан орталығы Төле би ауылынан бір көшенің аты берілген. Сонымен қатар әр жылдары аудандық газетке Әлмаханбет Досымбеков, Әбдіғұл Әбдіраманов, Омар Исабеков, Жұмабай Райымқұлов, Нұрмаханбет Ордабаев, Оспанбек Хатиев, Ахмет Қазыбаев, Беген Байсақалов, Әбдіғұл Ибрагимов, Қадірхан Баққараев, Рахметілдә Құдабаев, Ахметжан Қосақов, Қуантай Байжолов, Дихан Әбдиев сынды азаматтар басшылық етті. Аталған азаматтардың қай-қайсысы болса да кәсіби шеберліктерін шыңдай отырып, газеттің беделін көтеруге, абыройын асыруға аянбай тер төккені ақиқат.

Ал бүгінде жас болса да басылымға бас болып отырған бас редактор Ерғали Қартайған алдыңғы толқын ағалар салған сара жолды жемісті жалғауда. Жас редактор ой ұшқырлығымен, шығармашылық шеберлігімен, жалынды жігерімен үнпарақты түрлендіріп, оқырманға жаңа кейіпте ұсынуда. Бұл, сөз жоқ, басылымның жаңа белесі мен жаңа таңы. Біздегі ендігі тілек «Шу өңірі – Шуская долина» газетінің өміршеңдігі ұзақ болып, ғасырлық белестерін көруді жазсын!

Саян ТІЛЕУЖАН

Comments (0)
Add Comment