Әр саланың бетке ұстар майталманы, кейінгі толқынға жол бастар ақылмандары болады. Мұндай азаматтар Жамбыл журналистикасында да аз емес. Солардың көш басында облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы, ҚР Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов тұр десек қателеспейміз. Кәсіби мереке қарсаңында ардагер әріптесімізбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Құрметті Жаңабай аға! Қоғам талқысына шығарылған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң жобасына кейбір әріптестеріміз көңілі толмайтынын айтады. Сіздің ойыңызша, жаңа заңның ерекшеліктері қандай?
– Өздеріңізге белгілі, осы уақытқа дейін біздер 1999 жылы 23 шілдеде қабылданған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңмен өмір сүріп келе жатырмыз. Өткен жылдың соңынан бері «Масс-медиа туралы» Заң жобасы көпшілік қарауына ұсынылып, талқылануда. Жақында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Онлайн платформалар, онлайн жарнама туралы» Заң жобасы мақұлданды. Біз сөз еткелі отырған соңғы екі заң жобасының бұрынға жұмыс істеп келген «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңнан өзгешеліктері айтарлықтай. Бұл Заң тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында қабылданды. Ол кезде бұқаралық ақпарат құралдары негізінен газет-журналдардан, электрондық бұқаралық ақпарат құралдарынан қалыптасқанын біз жақсы білеміз. Ол кезде интернет өріс ала қойған жоқ болатын, қазіргідей екінің бірі жаппай әлеуметтік желілерге бой ұра қоймаған еді. Заман өзгерді, ақпарат кеңістігіне дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар өмірге әлеуметтік желілер келді, журналистерге «бәсекелес» боламыз деп блогерлер ақпарат кеңістігінің шырқын кетіруде. Баспасөзге, жалпы ұлт руханиятына деген мемлекет тарапынан көзқарас бүгінде төмендеп тұр. Баспасөзге «мәжбүрлеп жаздыруға болмайды» дегенді сылтау еткен билік газеттердің таралымын қолдап төмендетіп жіберді. «Бас ал десе, шаш алатын» ескі әдетке басқан биліктегі белсенділер қолға ұстап, мейірі қанып оқитын газет-журналдардың қадірін қолдап кетіріп отыр.
– «Масс-медиа» дегеннен шығады. Осы блогердің журналистен айырмашылығы неде?
– Жалпы мен журналистикада ұзақ жыл қызмет атқарған қаламгер ретінде айтарым, әлеуметтік желілер дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен бәсекелесе алмайды. Болса да, болмаса да блогерлердің журналистердің шаңына ілесуі қиын. Газет-журналдарда талданған, анық-қанығына көз жеткен оқиғалар, шынайы ақпараттар оқырмандарға жол тартады. Туа бітті талантқа ие журналистер халықтың мұңын мұңдайды, жоғын жоқтайды. Қай уақытта да олар жеңіл ақпаратқа әуес болған емес. Тәуелсіздік жылдарын алып қарайтын болсақ, тіл туралы, тілдің тағдыры жөнінде, ұлттық рух жайлы, ұлы даламыз, туған топырағымыз – жеріміз туралы кім толғанды, елдің ішіндегі шерін кім тарқатты? Әрине, журналистер. Том-том болып қаланып тұрған газеттердің тігінділерін ақтарып қараңызшы, кешегі күннің қатталған тарихын, елдің-жердің шежіресін, адамдардың жасампаздық еңбегін, қилы-қилы тағдырын тапжылмай отырып оқи аласыз. Міне, дәстүрлі баспасөздің бағасын осыдан-ақ шығарып ала беріңіз. Әлеуметтік желі деген не, бүгін де ол кім көрінгеннің әуесіне айналды. Біреу шашын қиғанын айтады, басқасы кірпігін ұзартқанын көрсетіп мақтанады, келесілері тұрмыстағы қуаныштарын, кикілжіңдерін жазып, елдің миын қатырады. Ал енді сұмдықпыз деп жүргендері әкімқаралардың соңына түсіп, олардың туған-туысқандарын, жекжат- жұраттарын түгендеп, әуре болады. Десек те, бүгінде солардың наны жүріп тұр.
– Бүгінде газеттерге халыққа қолайлы болу үшін «post.kz» қосымшасы және «Kaspi Bank» арқылы жазылуға болады. Дегенмен газетке жазылушылар неге аз? Себебі неде?
– Қалай болғанда да редакциялар өз басылымдарын елге жеткізудің, көбірек жаздырудың жолын іздестіруде. Бұл дұрыс шығар. Баспасөз алдымен мемлекеттік саясатты елге жеткізу үшін қажет. Екіншіден, баспасөз елге қажет.
Шыны керек, дәстүрлі баспасөздің бүгінде жағдайы мүшкіл. Мұны мойындауымыз керек. Екінің бірі газет ашып, атақ-даңққа кенеле саламыз деп еді, сол ұшпа газеттер бүгінде тегіске жуық жабылып қалды. Мемлекеттік саясатты насихаттап отырған ресми газеттердің өзінің таралымы саусақпен санарлық жағдайға жетті. «Газетке жазыл» десең, басшы-қосшылар үрке қарайтын болды. Сондай бір біз түсінбейтін жағдай болып жатыр. Тұрақты жұмысы барлардың құлағын көтеріп қойған, «мәжбүрлеп жаздыруға болмайды» деп. Жалпы кез келген мекеме, кәсіпорын басшысы ол өзі басқарып отырған ұжымның ең бірінші тәрбиешісі, қамқоршысы, ақылшысы болуға тиіс емес пе? Басшы ұғынықты, түсінікті тілмен қарамағындағыларға: «Әй, жігіттер, қыздар, рухани азық керек, газетті оқысақ, сауатымыз көтеріледі, жан-жақты боламыз, сөз байлығымыз артады», – деп айтып отырса, кім қарсы келеді дейсің? Ең бастысы, сол басшылар өздерінің мойнына қосымша жүк алғысы келмейді.
Бұл – бір. Бастысы, біздер, журналистер қауымы ел оқитын, іздеп жүріп оқитын газет шығаруымыз керек. Ол үшін журналистерге білім-білік керек, ізденіс-талпыныс қажет.
– Сіз бүгінде «Қазақстан журналистер одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы міндетін абыроймен атқарып жүрсіз. Өткен жылды саралап, алдағы жоспармен бөліссеңіз.
– Жалпы Журналистер одағы – қоғамдық бірлестік, мен атқарып жүрген филиал төрағасы қоғамдық негіздегі қосымша лауазым. Дегенмен биылғы жылдың басынан бері әріптестерім осындай жауапкершілігі жүгі мол міндетті жүктеген екен, қолдан келгенше қаламгер қауыммен бірлесе отырып, біраз жұмыстарды бастап жатқан жағдайымыз бар. Оның ішінде қолымыздан келетіні бар, қаржыға тірелетіндері де жоқ емес. Жақында облыс әкімі Нұржат Молдиярұлы Нұржігітовтің арнайы қабылдауында болып, Журналистер одағы филиалының жұмысын жандандыру жөнінде пікір алмастым, билік тарапынан бірқатар қолдаулар болатындығын естіп, білдім. Жыл басынан бері 10 жас қаламгерді Қазақстан Журналистер одағының қатарына қабылдадық. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қалам ұстаған аруларды арнайы қабылдап, құттықтадық. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай лайықты әріптестерімізді Қазақстан Журналистер одағының марапаттарына ұсындық. Биыл Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының ұйғарымымен «Жамбыл облысының Үздік журналисі» атағын және төбелгісін тағайындадық. Мерекеге байланысты өтетін облыстық жиында бұл құрметті атақты салтанатты жағдайда тапсыратын боламыз. Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы Меркі ауданының ардагер журналисі Серікбай Құралбайдың демеушілігімен әуесқой балық аулаудан облыс журналистері арасында жарыс өткіздік. Бұл бәсекеге қаламгер әріптестеріміз үлкен қызығушылықпен қатысты.
Алда жоспарлар бар. Облыс журналистерінің форумын өткізу жөнінде ойластырудамыз. Қаламгерлер қауымының айтары аз болмауға тиісті. Қазақ баспасөзінің дәл бүгінгі таңда кезек күттірмес мәселелері баршылық. Қазақ баспасөзіне қатысты қадау-қадау проблемаларды ортаға салсақ па дейміз. «Жаңа Қазақстан. Әділетті қоғам. Әділетті адам» деген шартты тақырыппен облыс журналистері арасында шығармашылық байқау өткізу де жоспарымызда бар. Үлгеріп жатсақ, бәйгенің қорытындысын Республика күні қарсаңында жарияласақ па дейміз. Өмір ғой, басқа да ағымдағы жұмыстар жетерлік.
– Өзіңізге мәлім, 28 маусым – Қазақстандағы БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі. Әріптестеріңізге айтар ақ тілегіңіз болса…
– Журналистік кәсіп – әрі қиын, әрі қызығы мол күрделі мамандық. Екінің бірі журналист бола алмайды. Талант керек, білім, білік керек, кең ой-өріс болғанда ғана қалам ұстап, елдің жасампаздығын, жаңалығын жазуға болады. Сондықтан осы салада жүрген жүздеген талантты, үлкенді-кішілі әріптестерімді кәсіптік мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын, зор шығармашылық табыс тілеймін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ