Аюбаевтың өнертабысы сыр сандықта

Қалада 30-ға жуық жаңалық ашып, оның патентін қағаз жүзінде қанттай қылып дайындап қойған Марат Аюбаев дейтін азаматты көпшілік біле бермейтін шығар. Ол Кеңес өкіметінің тұсында да бірқатар жаңалық ашқан. Егер сол идеялар бір жерде қатталып, ескерусіз қалмағанда, бәлкім, жүзеге асып, Аюбаевтың аты танылар ма еді, кім білсін?!

Сәндібек ПІРЕНОВ

Біз бұған дейін Марат Аюбаевтың өрт сөндіруге арналған көліктің жобасын дайындағанымен, өндірісте жолы болмай жүргенін естіп, ақпарат көздерінен оқып білген едік. Бұл жолы біз 76 жасқа қараған ағамыздың үйіне барып, жазған-сызған ғылыми жаңалықтары туралы біліп қайттық. Үйге кіргенде, төргі бөлменің қабырғасындағы Бауыржан Момышұлының суреті бірден көзге түсті. Іле шала сұрағанымызда, ағамыз батырдың жиені екенін айтты. Марат Аюбаевтың айтуынша, бала кезінде Баукең сырқаттанып, бір апта үйінде болған екен. Сол кезде ағамыз батырдың ақылын тыңдап, әркез алға ұмтылып, қайсар, ұстамды болуды үйренген.

Өнертапқыш жобасын дәлелдеп, өрт сөндірудің жаңа тәсілін қолданысқа енгізу үшін талай табалдырықты тоздырып, тіпті министрлікке дейін хат жолдаған. Бірақ бәрі нәтижесіз. Тіпті кейінгі хаттарына жауап та келмеген. Марат Аюбаевтың жаңалығы жүзеге асса, тосыннан шыққан өртті әп-сәтте өшіруге болады. Бұл өз кезегінде жылу жүйесіне және ондағы қазандықтарға кететін миллиардтаған қаржыны үнемдеуге қолайлы екен.

– Негізі өрт сөндірудің түрлі тәсілдері бар. Егер солардың әлеуеті жоғары болса, не себепті әлі күнге дейін тілсіз жаудың салдарынан туындаған апатты оқиғаларды естіп, демімізді тартып отырамыз? Жыл сайын жұмыс барысында қаза тапқан өрт сөндірушілер туралы да естиміз. Ең қиыны, тілсіз жау даланы шарпыса, оған жұмылатын техника мен адамдардың саны артады. Бірақ қанша тырысқанымен, өртті бірден ауыздықтау өте қиын жұмыс. Әрі оның шығыны көп. Ал мен ойлап тапқан тәсілмен өртті су қысымымен өшіруге болады. Физикалық заңдылыққа сәйкес 1 текше метр судан 500 текше метрге дейін бу алынады. Нәтижесінде бу арқылы суды бірден сарқымай, үнемдеп пайдалануға болады. Нақтырақ айтсақ, өрт сөндіру машинасы ұңғы арқылы өртті жағалап отырып будың қысымымен бірқалыпты өшіруге жарайды. Бұған қыруар қаржының, тіпті адамның көмегі де аса қажет емес, – дейді өнертапқыш.

Көліктің экипажында небары төрт адам болса жеткілікті. Аталмыш машинаның тағы бір ерекшелігі – оны тек өрт сөндіруде ғана емес, басқа мақсатта да қолдануға әбден болады. Мәселен, жұқпалы инфекция тараған нысанды залалсыздандыруға, паразиттерді жою үшін, оба ауруы тарағанда, тышқандарды інінде өлтіруге, қыстыгүні құбырдағы суды ерітуге, сондай-ақ цистерналар мен жанармай құйылған ыдыстарды шаюға болады. Иә, айта берсек тиімді тұстары жетіп артылады. Бірақ жастайынан ғылым мен техникаға қызығушылық танытып, кейінірек өрттің алдын алуға арналған құрал ойлап тапқан ағамыздың биліктен қолдау таппаған өнертабысы таяуда жүзеге аспайтын сыңайлы.

Comments (0)
Add Comment