Әуесбай ағаны сонау 1978 жылдан бастап білемін. Дәл осы жылы мен Мойынқұмнан Жамбыл қаласына келіп, гидромелиоративтік-құрылыс институтына «инженер-механик» мамандығына оқуға түсіп едім. Әрі сол жылы студенттер арасында өткен байқауда ән айтудан айтулы өнерпаз Мұхтар Рахманқұловтың көзіне түсіп, атақты «Алатау» халықтық ән-би ансамблі құрамына қабылдандым.
1979 жылдан бастап ансамбль жанынан ашылған «Алатау» триосында өнер көрсете бастадым. 1970 жылы құрылған атақты «Алатау» ансамблі мен барғанда өнерде өзіндік сара жолы қалыптасқан, облысымыздың айнасына айналып үлгерген әйгілі ұжым болатын. Ансамбль сапында жүріп, өнерде жүрген облысымызға танымал талай азаматпен танысып, дәмдес-тұздас болдым. Соның бірі әрі бірегейі Әуесбай Бақбергенұлы ағамыз еді. Орта бойлы, бидай өңді келген ағаның кез келген ұжымға оңай сіңіп, танысқан адамын тез баурап алатын қасиетіне қанық болдым. Артында зілі жоқ қағытпа қалжыңымен айналасын күлкіге көмкеріп тастайтын әзілқойлығы да бар екен. 1978 жылы Әуес ағамыз сырнайдан (баян) сабақ беретін оқытушы болып, Абай атындағы педагогикалық училищедегі жұмысқа жаңадан орналасып жатты. Әрі «Алатау» ансамблі құрамында баянист-аккомпаниатор қызметі бар.
Ансамбль ұжымындағы таныстықтан басталған аға-іні ретіндегі достығымыз күні бүгінге дейін еш үзілген емес. Әуелде әріптес дос болсақ, қазір одан да жақын тілеулес бауырларға айналдық. Әукең ағамызбен әнсапарларда бірге жүріп, еліміздің барлық жерін дерлік аралап әрі сол кездегі астанамыз Алматыда өтетін көптеген ауқымды іс-шарада өнер көрсеттік. Ансамбльдің арқасында өнерімізді шетелде де паш етуге мүмкіндік алдық. 1983 жылы Чехословакияға, 1985 жылы Болгарияға барып концерт қойғанымыз бүгінде ортақ тарихымыздың маңызды дерегіне айналды. Сол жылдары «Алатау» ансамблінің көркемдік жетекшісі, бүгінгі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов, домбырашы, күйші Сақып Әбдірәсілов, қобызшы, сазгер Бекет Жетпісов, трионың әншісі Алтынбек Бекмұратов, әнші, ҚР мәдениет қайраткері Пернебек Оспанов, әнші, ұстаз Асылбек Жанғарин сияқты өнер саңлақтарымен жұбымыз жазылмай, жақын араласып, әлі күнге ерекше сыйластықта жүрген жайымыз бар.
1982 жылы Әуес ағамыз жаңадан ашылған Красногор ауданына мәдениет бөлімінің басшысы қызметіне ауысты. Отыз жасында орда бұзардай шамасы бар дүр жігіт бар күш-жігерін аудан өнерін көтеруге салды. Красногорға бара салысымен, аудан өнерпаздарының басын қосып, ансамбль құруға қызу кірісті. Кенен атамыздың 100 жылдық мерейтойы құрметіне ашылған өнер ұжымының атын «Ойжайлау» деп қоюға шешім қабылданды. «Ойжайлау» ансамблін аяққа тұрғызуға Әукеңе Мұхтар Рахманқұлов ағамыз көмекке барып, екеуі бірлесе жаңа өнер ұжымының тұсауын кесті. Біз де Красногорға «Алатау» триосымен бірге сапарлап, ауылдарды аралай концерт беріп, ел еңсесін көтеруге үлес қостық. Сол заманда республикалық малшылар слетіне де, Қазақстан комсомолының 60 жылдық мерейтойына да Әукең ағамызбен бірге қатысқанымыз есімізде.
Әуесбай Бақбергенұлы тек ұстаз ғана емес, сонымен қатар қоғамдық, мәдени-көпшілік жұмысқа да белсене араласты. Өнерпаздардың қалааралық, облысаралық байқаулардың қазылар алқасының мүшесі болып, кейін республика ауқымында танымал болған талантты шәкірттің талайын тәрбиеледі. 1996 жылдан бастап, мен алдында педучилище, кейін гуманитарлық колледж боп аты өзгерген білім ордасында 3 жылдай жыр-терме бөлімінде ұстаз болдым. Әукең ағамызбен бір ұжымда қатарласып тағы да жемісті жұмыс істедік. Сол кезеңдерде педагогикалық училище студенттері арасынан дарыны мен дайындығы келіскен еңбекқор біраз әнші түлеп ұшты. Олардың арасында Маралбек Бабақұлов, Гауһар Қаспақова, Ғани Мәтебаев, Тахмина Әшімбекова, Мәдина Сағымбекова, Индира Расылхан, Светлана Байқұлақова, Жандос Омаров сияқты өнерпаздардың шоқтығы биік. Олардың өнер өресінде биік самғауына үлес қосқан колледж ұстаздары қатарында Әуес ағамызбен қатар біздің де болғанымызды ерекше мақтан тұтып айтамыз. Аяулы ұстаз Әуесбай Бақбергенұлының колледждегі әрбір жетістігі «шығармашылықтың шыңына жетсем» деген ниеттен туындаған ұзақ жылғы ізденістің арқасы екені талассыз.
Білім көшін ілгері жылжытып, шырақ отын маздатқан ұстаздың еңбегі қашанда бағалы. Еңбегі жанған адамның еңсесі тік қой қашанда! Өнермен өрілген педагогика саласындағы қырық жылдан астам еселі еңбегі үшін Әуесбай Бақбергенұлы үш бірдей министрліктің марапатымен құрметтеліпті. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Ыбырай Алтынсарин», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі», ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталғаны зор абырой. 2018 жылы көп жылғы еселі еңбегі үшін новатор-ұстаз Қазақстанның педагогикалық ғылымдар академиясына мүше боп қабылданды.
Әукең бүкіл жастық шағын, саналы ғұмырын өскен өңірдің өнер саласының дамуына арнап, туған жерін жан-тәнімен сүйетін, өз білімін, бар қабілет-қарымын шәкірт тәрбиелеу ісіне сарп еткен бейнетқор тұлға, жаны жомарт, кең пейілді, ар-ожданы таза азамат. Сөз білген, жөн білген кісілігімен, түсінігімен жұртты баурай білген, үлкендіктің үлгісі бола білген ізгі жан. Ардың тазалығына, болмысының салмақтылығы мен мінездің сыпайылығына еш уақытта кір келтірмеген Әуесбай аға бүгінде кісілігі келіскен қазыналы қария боп, үбірлі-шүбірлі әулетінің төрін ұстап отыр.
Өмірден өнеге ала білсең, мән берген жанға тағылым алуға лайық өмірдің өз өрнегі бар екен. Көптеген өнерпазды таныстырып, шығармашылығын ұштауға сеп болған атақты «Алатау» ансамблі байқасақ, талай отбасылық қуанышымызға ортақтасыпты. 1979 жылы Әуесбек ағаның өзінің ауылы Бірлесте өткен үйлену тойында «Алатау» ансамблі өнер көрсеткен екен. Атағы дүрілдеп тұрған ұжымның концертін көруге алыс-жақын ауылдардың тұрғындарына дейін тегіс келіпті. Мына қызықты қараңыз. Араға жылдар өтіп, 2001 жылы Әукеңнің тұңғышы, Жанат қызының Мойынқұмдағы үйлену тойында «Алатау» ансамблі жанынан құрылған әйгілі «Алатау» триосының заңды мұрагері «Тараз» триосы болып өнер көрсетіппіз. Ұрпақ алмасады, өмір жалғасады, өнер ғана мәңгілік екен деген ойға қаласың мұндайда.
Асылхан ШҮҢІРЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері