Бұл –Үшарал ауылы. Ақбас Алатаудан бастау алатын Талас өзенінің толқынды мол суының саябырсып барып, кең далаға жайылатын етегінде тұрған атақоныс,- деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Egemen Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.
Іргесі алтын діңгектей берік, ауыз бірлігі жұмған жұдырықтай бұл ауылдың арғы тарихы ХХ ғасырдағы Қазақстанның жүріп өткен тағдырлы, бедерлі кезеңдеріне тән. Одан әрі тереңдей түсетін болсаң, ата-бабалар ізі аңыздар мен ертегілер еліне апарады. Аңыздан гөрі ақиқаты басымдау мынандай әфсананы кейінгі толқын біле бермес. Асан қайғы бабамыз Сыр бойынан Арқаға өтіп бара жатқан жолында арнайы бұрылып Үшаралға аялдапты дейді. Сұлу қыздың бұрымындай мың бұралып, шымырлап, ширатылып ағып жатқан Таласқа сүйсіне қарап тұрып: «Емгенің ақ басты тау екен, көктемде барар жер таппай, ышқына ысырап боласың-ау, жазда нәрің сіңген жер ит тұмсығы батпас нуға айналады екен. Төрт түлігі тұяқ тоздырмай, артық-ауыс мойын создырмай жатып семірер, түгін тартса, майы шығар мұндай құйқалы жер болмас» – деп желмаясын шөгеріпті.
«Үшаралдың әр бұтасының түбі бір кесек ет» деген сөз содан қалса керек.
Дана қазақтың ықылым заманнан бері айтқан аталы сөзі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Түптеп теріп түгендегенде, қонысы қастерлі, ежелгі қазақ ауылының 1928 жылы Кеңестер Одағы бойынша Сыртқы сауда министрлігіне қарасты он бесінші нөмірлі, отырықшы шаруашылық орталығы, ал республикада тұңғыш құрылған совхоздың бірі болған. Мәскеуге тікелей қараған, қаракөл елтірісін әлем елдеріне доллармен сатып, қазынаға мол валюта түсіріп тұрған. Бұйра гүлді көк, алқаракөк сортты елтірінің тауарлық мәні бойынша елге қазынасына алтын түсіретін бүгінгі мұнай-газбен пара-пар болған дейді. Халықаралық жәрмеңкелер мен аукционда таластық қаракөл елтірісінің атақ-даңқы алысқа кетеді.
Аядай ауылдың алты Алашқа танылуына жазиралы дала мен көрікті кең жайлауда, бұйратты, сексеуіл ормандарда жетпіс мыңнан астам қой өргізген, дәулеті тасыған еңбек адамдарының қияметі мен қысталаңы мол жылдарда жанын аямай тер төгіп, жанқиярлықпен еңбек еткенін бүгінгі ұрпаққа қай қиырдан айтсақ та жері киелінің елі де киелі болғаның ұқтырарсың. Ел ішін аштық, бір ғажабы, қоян жылдары аштық жайлаған ашаршылық та, індет те бір түтіннен басталып, сыныпша сырғып ауылды аралап кетеді. Ыңыршақты айналдырып, сіңірін шығарған жоқтыққа қорған бола білген аталарымыз құрметіне Ақсай алқабында қойылған ұрпақтар белгісінде «Ағайын-жұрттың амандығын биік қойған» деген ақ сөз, адал пейіл тегіннен тегін жазылмаған. Үшарал интернатының нанын жеп, тірі қалған мыңнан астам өзге ұлттың адамдары, әсіресе, Қап тау елдерінен еріксіз көшіп келген ағайындар, саяси қуғын-сүргіннің құрбандары мен 50-жылдары да алыстан азып-аршып жеткен бейбақтар қазақтың құшағында жайлы өмір сүрді. Ауыл тұрғындарының саны 7 мыңнан артып, ірі еңбек ұжымының ұйымшылдықпен атқарған сан-салалы жұмысы, атап айтқанда, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбиелеу ісінде мектептер ашу, білікті, талапшыл педагогтерді Алматы мен Мәскеу жоғары оқу орындарынан арнайы шақыру мәселесі жүйелі, мықтап қолға алынады. Келешек кілті-тек білімде деген жарық ой сәулесін жаққан адамдар жүрегіне.
Әріде Талас болысының ордалы орталығы болған Үшарал енді орныққан заманына сай үміт отын жаққан.
«Үшаралдан ұзап қайда ұша алармыз?!» деген сөз содан қалса керек.
Ақ баталы Үшарал жұрты Т.Рысқұлов, Қ.Сармолдаев сынды ел серкесі болған биік тұлғалардың ізін қуып, өкшелес өмір кешкен, 1923 жылдан ел басқару ісіне араласқан, Әулиеата уездік атқару комитетінің төрағасы, ағарту саласына зор ден қойған, Орынбор облысындағы үш аудандық атқару комитетінің төрағасы, Ақтөбе облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып жауапты қызметтер атқарған Жүнісбек Дүрімбетовті ауылдас ағайындары қатты қадірлеп, үлгі тұтқан. Бірақ 1937 жылғы қуғын-сүргін бұл кісіні де айналып өтпейді…
Алдыңғы толқын аға-апалардың өмірінен құлағдар жүрсе деген ой бізді де еріксіз ежіктетіп отыр.
Қазақ даналығы «Түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», дейді.
Ағысы еш тоқтамаған Талас өзені мен ежелге ел атауы замандар көшінде еш айнымаған Үшарал ауылының өшпес тарихымен үндес адамдар да бар.
Асырып айтқандық болмас, ел сенімінен асқан баға да, атақ та болмайды. Бақ-берекелі азаматтық белес дегенде отыз жылға жуық осы атақты «Талас» кеңшарын үздіксіз басқарған, кешегі Кеңестер Одағына мәшhүр, абырой-даңққа бөленген Әбдір Сағынтаевтың есімі ерекше аталады. Жамбыл облысы түгел сыйлаған, еңбегі мен азаматтық өмірін қадір тұтқан ағаның ғұмыры өзі туып, өскен, ат жалын тартып мінген, ата-бабаларының салған жолымен жүріп, барлық кезеңде жұртшылықпен бірге болған, еліне ұйытқы болып, тізгін ұстап ылғи өрге сүйреген жылдарымен ел есінде, қоғамдық жадыда айрықша сақталған. Бұл ұзақ жылдар толқынында ол кісінің азаматтық болмысы мен тұлғалық биіктігінің өрісі де кең болғаны белгілі. Сол себепті, Жамбыл облысы бойынша ерен еңбегі үшін барлығы 257 адам сол дәуірдің «Социалистік Еңбек Ері» – ең жоғары атағын алса, сол кісілер тізімінде әртүрлі басшы қызметіндегілердің арасында таластық тарлан-директор Әбдір Сағынтаевтың мысы мен сесі басым екені анық сезіледі. Жаратылысында ішкі энергетикалық қуаты күшті, ойы орнықты, сөзі берік басшы азаматтың табиғи таланты өндірістік қарым-қатынастарды шебер ұйымдастыра білуі мен еңбек адамдарының ұйыған ақ айрандай ауызбірлік ортасын қалыптастырып, әлеуметтік қолайлы жағдай туғызу, өмір салтын салтанатты етуі, әлбетте, қарапайым, ағаға шексіз қайырымды, ізетті, ініге қамқор көңілінен табылған. Ел салты мен ел дәстүрін берік сақтап, барша ауылдастарын бауырындай көрген адамгершілік қасиеттері жас жігітті тез-ақ төрге шығарып, алға оздырған.
Еңбегіне қарай бағаланып жатса, азамат та бақытты.
Әбдір ағамыз ел елегінен өткен азамат болатын.
Таласқа бата дарыған жер. Қыдыр ел ішінде. Аруағын ардақтай біледі, желеп, жебеп жүрсін, деп бір-біріне тілейді. Берекесін бірліктен тапқан байырғы атақоныста Сағынтай жәкеміздің де әулетінің ұл-қыздарына әу бастан бақ қонған деседі. Еңбекке етене епті, орта дәулетті, аздап ұсталық кәсібі бар, зергерлік дүниесінен бұйымдар жасай алатын елгезек, қайратты кісінің кіндігінен тараған ұрпақтарының жарамды жігіт, ибалы қыз болып есейгенін айтады.
Алдындағы ауылдас жастар арасында оқу, білім іздеп, алысқа ұзай бастаған адамдар жолынан түйсініп, ұққаны көп Әбдір аға жетіжылдық орталау мектебін бітірген соң он бес-он алты жасында қазақтың еңбекшіл мінезімен бейнетті тірлікке араласады. Мығым денелі, жігерлі де табанды ауыл баласы жұмысқа кіреді. Туған әкесіне көмекке келіп, бірге қой бағады. Ал 1940 жылдың қыс айында әскерге кетеді. Одан әрі Ұлы Отан соғысы басталып, шыңдалған жас жауынгер майдан даласында кеудесін оққа тосып, қанды ұрыстардың алғы шебінде шайқасады. Адамзатқа алапат ауыртпалық пен орны толмас қайғы-қасірет әкелген Екінші дүниежүзілік соғыстың үшінші жылында қанды қырғыны жазылмас жара болып қалғанын көзбен көріп, жүрегімен сезінген жауынгер сұрапыл ұрыстың бірінде ауыр жарақат алып, комиссия шешімімен елге қайтады.
Әскери тәртіпке үйренген әдетімен әлеуметтің тіршілік әрін келтіретін істерге бел шешіп кіріскен әрі қиын, ер адам күші жетіспейтін шақта, қыбырлаған адам біткен қара жұмысқа бас қойған қысылтаяңда көзінде оты бар, бойында намысы бар майдангер үйде қарап жатушы ма, еді? Жоқ, әрине. Тылда күні-түні жанталасқан, бәрі де майдан үшін жасап жатқан малшы қауымның дәл ортасында, қой фермасының зоотехнигі болып еңбек етеді. Одақта мал басын көбейтіп, қаракөл елтірісін өндіру, қой терісі мен жүнін, қой етін дайындау тапсырмасын артығымен еселеп орындап, жоспарды рекордтық көрсеткіштермен аяқтайды. Жыл сайын бұл мол табыс одан әрі арта түседі. Қаракөл қойын өсірудің күтімі мен баптауын ғылыми ізденістерге негіздеген ауыл азаматтары сол тұста кәдімгідей білім ордасына айналып үлгерген Қапланбек техникумынан сабақ алып, өрісі кеңи түседі және жан-жақтан тәжірибелі мамандар Үшаралға қарай ұшқандай еді. Атырау мен Жайықтан, Саратов пен Ленинградтан…Үшаралда қазақ және орыс мектептерінің қатар пайда болуы осыдан. Жай ғана емес, мың-мың баладан оқыған алтын ұя болды. Әрбір ферманың елді мекенінде бастауыш немесе орта мектептер ашылды. Өңірде өзгеше Үшарал орта мектебінің үлгілі оқыған талантты шәкірттерімен қатты таныла бастайтыны осы кез.
Жақсы-жайсаңдар мен тәжірибесі мол, майталман мамандардан ел басқарудың әліппесі мен түрлі қыр-сырын үйреніп, бойына сіңірген ауылдың баскөтерер ұланы Әбдір аға кеңшардың алғаш қазығын қағып, шаңырағына уығын қадаған директорлар Б.Курков, М.Бредихин, Қ.Мұқанов, Х.Мырзақожаев, С.Бертаев сынды беделді азаматтармен қоян-қолтық араласып, дәм-тұзы жарасқан жылдарды әркез айта жүретін. Мұз қатып, қар құрсаулаған 1944 жылдың қаңтарынан ферма меңгерушісі қызметін атқарған сәттен жас жігіттің жолы ашылып, тасы өрге домалады. Ақсай даласында мал саны күрт өсті, адамдар еңбегі берекелі табысқа қол жеткізді. Қыс-жазы көшіп жүретін шопандар тұрмысы түзеле бастады. Жоғары көрсеткіштер тұрақтылық деңгейде болды. Республикалық жарыста таластық еңбеккерлер алдарына жан салмады.
Ел мен жер байлығын жасаған ерлікке пара-пар бейнетті еңбектері үшін маңдайы ашық, қажыр-қайраты таңғаларлықтай таластық үздік он адамға 1948-1949 жылдары «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл атақ қиян түкпірде жатқан ауылдарда жер жарғандай болмаса да құлақ елеңдетерлік, бедел арттырып, сонымен қатар нар жүгіндей жауапкершілік жүктейтін жаңалық еді. Сол жарқ-жұрқ еткен Алтын жұлдыз озат ферма меңгерушісі, 28 жастағы жалын атқан азамат Әбдір Сағынтаевтың да кеудесіне тағылды.
Бұл еңбек мәртебесі ата кәсіптің саңлағы Сағынтай әкеміздің де өз ұлы мен Отанына берген өнегесінің жемісі болатын. Жеті ұрпағының арасынан аймаңдай бір перзентінің атағы Әулиеата жұртына кеңінен жайылғанын көзбен көріп, құлақ естіген дариға дәурені еді…
Ал жас қайратты атақтың өзі іздеп тапқандай еді.
Биік адамның өрелі өмірі содан жалғасын тауып, еңбектің торысы үйлі-баранды, елге керекті қадір-қасиетімен әбден пісіп, жетілген шағында, Жердің жасанды спутнигі тұңғыш рет ғарышқа ұшырылған 1957 жылы атағы дүрілдеп тұрған «Талас» кеңшарының тізгінін кәнігі басшы, кезінде соноу Атырау өңірінен жолдамамен келген Шарафи Ғұбашевтай еңбек ерінің қолынан алғаннан кейін тіптен бойын тіктеді. Жамбыл облысы мал шарушылығына қолайлы өңір. Сондықтан мыңғыртып мал бағып, оны бабын тауып өсіру көрсеткіші негізгі шарт. Сенім арқалаған жаңа директор келесі жылы әр жүз саулықтан 130-дан қозы алып, елтірі тапсыру межесі екі еседен де артып,45 мың данаға жеткізіледі. Сегіз жыл ішінде жоспардан тыс 30 мың қозы алынады. Таластық шопандардың еңбекақысы басқа шаруашылықтардан әлдеқайда көп, әлдеқайда табысты болады. Мәскеудегі салалық ірі мекемеге тікелей қарайтын кеңшар орталығы – Үшарал ауылында әлеуметтік-тұрмыстық нысандар мен ғимараттар кеңшардың жылдық табысынан салынды. Кезінде Украин, Балтық жағалауы елдерінің үлгі жобасымен ақшаңқан пәтерлер мен қонақ үй, сауда-тұрмыстық қызмет көрсету орталықтары қаз-қатар тұрғызылып, спорт, мәдениет саласы жақсарып, дәулетіне сай әдемі сәулеті болды. Атақты шаруашылықты әлем танығандай-ау. Қаракөл елтірісінің арқасында Азия, Еуропа және Африка құрлықтарынан 14 елдің ғалымдары мен елтірі маркеологтары Үшаралға келіп, халықаралық семинар өткізеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы сол семинардың қорытындысымен «Талас» кеңшарының мысалында, шөл және шөлейт жерлерді гүлдендіру тәжірибесін насихаттап, БҰҰ-ға мүше елдерге ағылшын тілінде «Фермер Сағынтаев мырза» деген атпен кітап етіп шығарып, таратады. Мерейі өзгеден үстем директордың ауқымды бастамалары мен табысты қадамдары, мемлекеттік көзқарастары мен қатаң жауапкершілігі беделіне бедел қосты. Жан-жақтан журналистер мен қаламгерлердің қызығушылығын туғызды. Қазақстан картасына бедерленген Үшаралға ат басын арнайы бұрып, еңбек тынысымен, өмір жайымен, ежелгі тарихымен таныс болу мақсатындағы іссапарларымен тілшілер қауымы ағылып келіп жататын.
Салмақты, салиқалы әлеуметтік тұлға, ауыл шаруашылығы өндірісінің қайраткері Әбдір Сағынтаев – Еңбек Ері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КОКП Орталық Тексеру комиссиясының мүшесі, КОКП ХХІІІ сьезінің, Қазақстан компартиясының бірнеше сьезінің делегаты болған дара атақ-абыройы осы ауыл адамдарының да төбесін көкке көтерді.
Алыс-жақыннан Үшаралға барған адамдар алыста қалған жылдар мен жолдардың ізін көріп, ләйлек құстың қонатын ұясын қызықтайды. Қазақтың көне тарихынан сыр ақтаратын Ақкесене мен Көккесене ескерткіштері ІХ-Х ғасырдың куәгері, ал қазақ жерінде ең алғашқы салынған мұнаралы мешіт – Үшарал мешіті 1900 жылдың басында Сапақтай би-шешеннің, ал «Бес ақын» мазараты Жалаңбас батырдың ниетімен ХІХ ғасырдың аяғына қарай тұрғызылғаны, сондай-ақ дулығалы батыр Саңырық Тоқтыбайұлының құрметіне қойылған кесенесінің де ақпараты айтылып, жазылған шежірелі әңгіме әсерімен талай тартымды дүниелер жарыққа шықты.
Қазір ауылдағы Ә.Сағынтаев атындағы орта мектеп музейінде ел мен жердің бар тарихынан хабар беретін көптеген құнды жәдігерлер қойылған, солардың арасынан екі бөлімін атап айтуға болады. Бірі – атақоныс Үшаралдың 100 жылдық өмірінен жазбалар мен тасқа басылған материалдардан тұрады. «Қазақтелефильм» киностудиясының деректі туындылары да бар. 1929 жылғы «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетіндегі «Төменгі Таластағы елдің жай-күйі» деп аталатын мақала. 1957 жылы республикалық жастар газетінде тілші Шерхан Мұртазаевтың «Талас көктемі» деген дестелі үш очеркі жарияланған. Халық жазушысының «Жұмсақ алтын» атты әдемі көркем әңгімесінің желісі қаракөл қой өсіруші жерлестерінің шынайы өмірінен алынған. Алпысыншы жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінің беттерінде жас журналистер, кейіннен әйгілі қоғам қайраткерлері болған Балғабек Қыдырбекұлының, Әбдеш Қалмырзаевтың «Талас» кеңшарын білікті, талапшыл, сын сағаттардан сүрінбей өткен Сағынтаев басқарған кезінде жан сүйсінтетін тірліктерін жарқыратып көрсеткен сүбелі мақалалары кітап боп шыққан. Ал Үшарал ауылының май топырағында аунап өскен таланттардың өлең-жырлары мен прозалық туындылары арқылы да алтын ұя жердің аты алты Алашқа тарағаны рас. Елтұтқасы Әбдір аға заманында таңдайында өлеңнің ұясы бар делінген, ХІХ ғасырда қайым айтыстың бастауында тұрған Ұлбике Жангелдіқызының ізбасар ұрпақтарының осы күнгі шығармашылығына зор қолдау жасағанын, Жаңылдық пен Төреқожадай ауыз әдебиетінің ақындық дәстүрін әспеттеп отырғанын ілтипатпен ауызға алады. «Үшарал – менің Венециям!» деп туған жерін жұлдызды жырларымен танытқан Күләш Ахметовадай дүлдүл ақын қарындасын мақтан етіп, Өкім Жайлауов, Абдрахман Асылбековтей ақын бауырларын қошеметтеп, Серік Әбдірайымов пен Сейітқазы Досымовтай айтулы қаламгер інілерін, Алтынбек Оразбеков тәрізді атақты әнші-жыршыны елдің рухын асқақтатқан өнер иелері тұрғысында арқа тұтқаны да, тілеулес болғаны да рас. Өйткені сөз өнері қонған олардың өлмес шығармаларынан неше ұрпақ сусындап, есімдерін байтақ еліміз біледі, өз кезегінде олардың түлеп ұшқан баталы елін біледі. Ақиық ақын Фариза Оңғарсынова «Мен Таластан көп дос таптым» деп сағынышты жырларын осы елдің қанатты қыздарына талай мәрте арнаса, өнер сұңқары Нұрғиса Тілендиев «Бұл бақ қонған ел екен» деп Мәдениет үйінде көрермендерді ортаға шақырып, құшағына қысып, Әбдір ағамен сыйласып өткен. Ел ішіндегі тапқыр, шешендік өнердің жұғысты шетін сезген өнер шебері шынайы тамсанған екен.
«Таласқа барсаң, сөз тапқырлар еліне барғандайсың», деп бекер айтылмаған.
Сол бір уақытта атақты директормен жолдастық түзу жолда бірге жүрген сыйлы адамдардың аз еместігі аян нәрсе. Жолдастық та көп жағдайда өз жақсылығын жеткізеді. Айталық, Орталық Азия әскери округінің қолбасшысы болған генерал В.Лященконың Талас малшылары 1969 жылы табиғат апатынан сұмдық қиындыққа ұрынып, қалың қар, қақаған суықтан қарға адым жер аттай алмай, пұшайман күйге түскенде көмекке әскери техникаларын жерде де, әуеден де жібергенін Әбдір ағамен жолдастық қарым-қатынасынан деп санаған. Боранды, ақтүтек қыстан көп мал қырылып, көктемде таяқ ұстап қалған шопандар шығынның орнын толтыру үшін жанталасқан шақты, әрине, ұмыта алмайды. Орнықты мінезді, турашыл, әділетті Әбдір ағаның өмірінде де басқа да ел басқарған әріптестеріне тән өткелекті, қым-қуыт тірліктер, жоспарларды орындау жолындағы кейбір науқандық жұмыстар жүрегіне салмақ түсіріп, қатал уақыт қасаңдығы қинаған кезеңдер болған емес деп айта алмайсың, әрине. Сенімге ие болған сол 1957 жылдан зейнетке шыққан 1986 жыл аралығында қоғам игілігі мен халыққа сіңірген еңбегінің өтеуін ауылдас адамдар мен саналы ұрпақтарының жақсы өмірінен тапқан абзал ағаның бір Үшаралдай кие қонған, ата-бабалары қорған болған еңселі ауылды жайнатып, байытқан, жақсы даңқын шығарған ерен еңбегіне, қыран самғауындай биік қарекеттеріне қарыздар. Нағыз еңбеккерлер түрлі мемлекеттік марапаттарға ие болып, олар да Еңбек Ері атанды. Жалпы бір Үшаралда 12 азамат осындай жоғары атақтың иесі бар. Асыл текті әкенің сарқылмас қазынадай өнегелі жолын, асыл жары Құндызай анамыз екеуінің тұнба бұлақтай тәрбиесін өз ұрпақтарының мақтан етуге толық құқылы.
Бүкіл саналы ғұмырын Талас өзені жағалауындағы, Мойынқұм баурайындағы Үшарал ауылының бүгіні мен келер күндеріне арнаған Әбдір Сағынтаев тұлғасы егемен Қазақстан мемлекетінің тарихында да танымал сипатқа ие. Өйткені үшаралдық азаматтар, оның ішінде өзінің кіндігінен тараған ұл-қыздары да елге керекті, ұлт мүддесіне лайықты биіктерге көтеріліп, қоғам мен мемлекеттің сеніміне ие болуда. Аядай ауылдан Сенат төрағасы, Премьер-министр, Мәжіліс төрағасының орынбасары, министр, Парламент депутаттары, әкімдер, жоғары оқу орындары ректорлары, ғалымдар мен профессорлар, талантты ақын-жазушылар, іскер адамдар қанат қақты. Ел аузына ілікті.
Әлбетте, ғасырлық тарихы бар ауылдың ғана емес, туған еліміздің келешегіне қалтқысыз қызмет етіп, абыройы асқан абзал жан Әбдір Сағынтаев ағамыз тірі болса, бүгіндері 100 жасқа толар еді… Көзден кетсе де көңілден кетпейтін осындай ардақты адамды ұмытпау-ұлт құндылықтары мен адал еңбек дәстүріне сай болу деп білеміз.
Үлкен әдебиетке ақ үмітпен Үшаралдан үн қатқан, өлең сөздің жүйрігі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың:
«Талас» деген – грекше «теңіз» деген,
Бір кезде ел мұнда құрғақ жер іздеген.
«Үшарал» – жарамды табылған ат,
Жер аты-ескерткіш сөз, ең ізгі өлең», – деп келетін жыр шумақтарымен ой түйіндеп, тарихын замандардың желі жазған, замандардың төріне озған қарашаңыраққа қарап бой түзейміз.
Ел тәуелсіздігінің отыз жылдық бедерінде байырғы Үшарал жаңа стандартты ауыл келбетінде қайта жаңғырып, қайта түлеу үстінде.
Мемлекетіміздің «Ауыл – алтын бесік» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі қанатты жобасының жүзеге асуы ауыл өміріне серпіліс пен нақты жақсылықтар әкелуде.
Терең тамыр тартқан, еңбекпен көркейіп, енші тапқан атақоныс-ауылдардың көкжиегі мен кеңістігі әрдайым Әбдір ағадай әлеуетті тұлғалардың артында қалдырған өнегелі істерімен одан әрі өркендейтін болады.