Елордада ер адамды көлік қағып, есінен адасып қалды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, қарашаның 30-ында жұмысына кеткен баласын жоғалтып алған. Төрт күн іздеп ақыры аурухананың дәлізінен, аянышты жағдайда тауыпты. Есінен адасқан, сөйлеуден қалған, ақылға сыйымсыз нәрселер жасайды, дейді. Дәрігерлер оны «Тайота» автокөлігі қағып кеткенін айтқан. Жанары жастан құрғамаған ана, баламды аурухана емдеместен шығарып тастады деп отыр.
“Жағдайы өте нашар болды. Аяқтарын байлап тастаған, жалаңаш, простинаны үстіне жаба салған, памперсы жоқ, не ішетін суы жоқ, қатты қиналып жатыр екен балам. Ауыр хәлде, көзін аша алмайды. Мені таныған жоқ. Сөйлей алмайды. Ертесіне демалыс күні емдеуші дәрігер Жаркешевпен ұлым кездесті. Мен кештеу келіп, жолығайын деп едім, бәрін ұлыңызға айттым, ұлыңыздан сұраңыз балаңыз жөнінде айтып бердім деп маған жолыққысы келмеді”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Райхан Таңатарова.
Бауыр еті баласы тепсе темір үзетін жасқа келіп осындай күйге түскені анасының жанына батады. Қарияның айтуынша, емдеген дәрігердің өзі жалған диагноз қойып, «науқасты ауруханадан шығару» қағазына ақылға сыймайтын ақпараттарды жазған. Арақ ішпейтін баламды ішімдік ішкен, бұған дейін есінен адасқан деп көрсеткен дейді.
Қаққан автокөліктің жүргізушісінің кім екенінен ет жақындары хабардар. Бірақ әлі күнге дейін науқастың жағдайын сұрап келген емес деп отыр. Полициядан мән-жайды сұрастырған едік. Әзірге жауап бермеді. Ал есінен адасқан науқасты бүгін психикалық ауруханаға алып кетіпті. Бұндай шешімге жақындары амалдың жоқтығынан барғандарын айтты.