Автобус. Қасыма отыра қалған балалы әйел:
– Театрда жұмыс істейсіз бе? – деді.
Көзіме тік қарап, тез айтса екен деп күтіп тұр.
– Жоқ, – деп салмақтана түстім.
– Әлде өнер адамысыз ба? – деді.
Мына сөздер жаныма майдай жаққаны сонша, танауымды көкке көтеріп, маңғаздана қалдым. Ауа жетпегендей ме, тынысым тарылып, жауап бергім келмей, жай басымды шайқауға ғана шамам жетті.
– Әншісіз бе?
Сұрақтарын комплимент деп қабылдап, тізем дірілдеп, қуанғаннан еріп барам.
– Журналистпін, – дедім сосын көзімнің қиығымен ғана қарап.
– Е, бәсе, сондай екеніңізді біліп ем, – деді әйел сәл қасын көтеріп.
Екінші қасын да көтере түскім келіп:
– Блогермін, – деп әдейі дауысыма зіл қостым. Бағамды асыра түскеніме іштей мәзбін. Не дер екен деп бетіне қарадым.
– Қанша подписчигіңіз бар?
– 50 мың! – дедім сосын шалқайып.
Ол телефонымның быт-шыты шығып сынған экранына бір, маған бір қарады. Кеше ғана асфальтқа бетпен түскен бейшара ұялымен бірге өз ұятым шығып, ақталғандай болып:
– Бұл жай, балалардың ойын телефоны. Менің телефоным 500 мың тұрады. Жөндеуге беріп ем, – десем:
– «Айфон» ба? – дейді бірден:
– Жоға. «Самсунг» қой.
– Неге «Айфон» алмайсыз?
Бұрын мен көрген титтей «Айфон» көз алдыма тізіліп келе қалды да:
– «Айфон» ұнамайды, кішкентай, не удобный ғой, – дедім аузыма түскені сол болып.
Лезде өз қолындағы томардай телефонын көрсетіп:
– Міне, «Айфон»! Үлкен! Қайдағы кішкентай? Сіз блогермін дейсіз, еще қазіргі жаңа «Айфонның» үлкен екенін білмейсіз бе? – деді шатынап.
Өзімнің мықты, бай блогер екенімді дәлелдегім кеп, ішім күйіп:
– Жоқ, маған «Айфон» ұнамайтын, тек «Самсунг» ұнайтын басқаша блогермін, – дедім сенімді үнмен.
Әйел кібіртіктеп қалды. Кеудемді кернеген мақтаныштан ауа жетпей кетті. Бұлай отыра берсем, беделім бес тиын болатын түрі бар. Блогерлер тек қымбат көлікпен жүретіні есіме түсіп, атып тұрдым да, «қыпша бел екен» деп ойласын деген ниетпен ішімді тартып, басымды тік көтеріп, бізөкшемді нық басып, шашымды сілкіп жіберіп, мүлде қатысы жоқ бөтен аялдамадан түсіп кеттім. Автобус қасымнан ұзап кеткенше оқтау жұтқандай қасқайып тұрдым да, автобус ұзаған соң тоңқаңдап жұмысқа жаяу келдім…
Ақыры подписчигі көптер авторитет екен ғой. Сәл болса да авторитет боп жүре тұрайын деп шештім.