Автонесие: көлікті көйлекше ауыстырамыз ба?

Бүгінде қазақтың астындағы арғымағын автокөлік алмастырғаны қашан. Бұл, әрине, уақыт талабы. Десе де, темір тұлпарды тізгіндеуге бәрінің бірдей шамасы келе бермейді. Себебі жаңа көліктердің нарықтағы бағасы біреулер үшін аспандағы аймен бірдей болып тұрғаны шындық. Ал мінілген машинаға қол жеткізудің өзі де оңай емес. Содан болар, жыл басында 4 пайыздық жеңілдікпен автонесие берілетінін естіген жұртшылықтың үміті оянып, құлағы елең ете түсті. Алайда бұл бастама көпшілікке қаншалықты тиімді, мұның ерекшелігі неде?

Сәуір-мамыр айларында іске асырылатын несиелеу бағдарламасын қаржыландыру үшін 2027 жылға дейін Үкімет 250 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр екен. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттен 150 миллиард, ал «ӨКМ Операторы» кәдеге жарату төлемінен 100 миллиард жұмсалмақ. Ал енді мұның шарттарына келер болсақ, осыған дейінгі бағдарламада жылдық пайыз – 4, бастапқы жарна 20 пайыз болса, қазір жылдық мөлшерлеме 4 пайыз деңгейінде қалғанымен, бас- тапқы жарна алынып тасталған. Және несие 7 жылға есептеледі. Әрине, бұл көп уақыт болмағандықтан, көбіне арзан көліктер берілетіні түсінікті. Осы арқылы 71 мың азамат жаңа көлікті қолжетімді бағамен ала алады деп күтілуде. Сондай-ақ осы орайда көлік құны 10 миллион теңгеден аспауы, бағдарлама арқылы көлік алуға өтініш берушінің жасы 21-ден кем болмауы және қарыз мерзімі аяқталған кездегі жасы 68-ден асып кетпеуі тиіс екендігін де ескерген жөн. Бұдан қымбатырақ көлік сатып алғысы келгендерге айырмашылықты өз қалтасынан төлеулеріне тура келеді. Ал банктер тұтынушылардан бастапқы жарнаны талап ету немесе талап етпеу мәселесін өздері шешпек. Бағдарлама шеңберінде «KIA», «Škoda», «Hyundai», «Chevrolet», «LADA», «УАЗ», «Ravon», «JAC» сынды көлік түрлерін несиеге рәсімдеуге мүмкіндігіңіз бар.
Әлемдегі геосаяси ахуалға байланыс- ты теңгенің құнсыздануы бағаға да өз салқынын тигізуде. Соның салдарынан нарықтағы көлік құны шарықтап кеткенін аңғаруға болады. Мәселен, бірнеше көліктің құны 100 мың теңгеге артса, кейбірі тіпті бірнеше миллионға көтерілген. «Koleso.kz» сайты жүргізген зерттеуге сүйенсек, «Toyota Camry»-дің 2 литрлік мотор орнатылған қарапайым нұсқасын 14,9 миллион теңгеге аласыз. Бұл бұған дейінгі бағадан 11 пайызға дейін артқанын білдіреді. Ал бұрын 22,9 миллион теңгеден саудаланған 3.5 литрлік «V6»-мен жүретін «Люкс» қазір 25,5 миллион тұрады. Ал «RAV4» үшін ақпанда сатушылар 15,2-ден 21,2 миллион теңгеге дейін сұраса, қазір оның құны – 16,9 бен 23,5 миллион аралығында. «Land Cruiser 300» 39,7 миллион теңгеден 42,5 миллион теңгеге қымбаттаған. Ал «Hyundai», керісінше, ескі бағаны сақтап қалған. Алматыдағы зауытта құрастырылатын «Accent» қана 400 мың теңгеге көтерілген. Бұрын 6,7-7,8 миллион шамасында сатылған модельді енді 7,1-8,2 миллион теңгеге алуға болады.
Сонымен қатар биыл шыққан «Rio» 7,8-9,6 миллион теңгеге бағаланып отыр. Қыста бұл көлік 7,4-9 миллион теңгенің айналасында болған. Алайда Ер Төстік секілді күннен-күнге өсіп жатқан көлік құны оларды сатып алуға құмартатындардың санын кемітпегенге ұқсайды. Бұған 2021 жылдың 11 айында 106 873 автокөліктің өз иесін тапқаны дәлел. Күні кешеге дейін бұл саладағы даулы мәселелердің оңтайлы шешім таппауына қарамастан, көліктің мұндай мөлшерде сатылуынан елімізде өндірілетін автомобильдерге сұраныс- тың жоғары екенін байқау қиын емес.
Алдағы уақытта салоннан жаңа көлік мінуді жоспарлап жүрген Бекжан Арыстанбеков бүгінде автокөліктің қолжетімді емес екенін жақсы біледі. Сондықтан көпбалалы отбасы мүшелеріне автокөлік мәселесінде мемлекеттен арнайы жеңілдіктер қарастырылса дейді.
– Ресейдің ескі көлігін ептеп жүргізіп келе жатқанымызға біршама жыл болды. Қазір көлік болмаса, көп шаруа аяқсыз қалатындай. Өйткені бала-шағаны мектепке алып бару немесе алып келу керек. Оған көлік болмаса, уақыттан ұтыласың. Одан бөлек те отбасының қамымен арлы-берлі жүретініміз тағы бар. Міне, осындай шаруаларға жолда қалдырмайтын, сенімді көліктің болғаны жақсы ғой. Ал бірақ оған қол жеткізу қиынның қиыны болып тұр. Ал байларға көлік көйлек секілді. Бұзылса, ауыстыра салады. Ал қарапайым жандарда ондай мүмкіндік жоқ. Салоннан шыққанына 30 жыл болған көліктерді құрап-жамап жүргеніміз жасырын емес. Ал жаңасын алсаң, қарыздан ада басыңа несиенің қамыты киіледі. Әрі ол ондаған жылға созылады. Сол 10 жылда әлгі алған көлігіңіз де кәдеге аспай қалуы мүмкін. Бұл біз секілді қарапайым жандарға тиімсіз болып тұр. Бір жағынан көліктің сапасына да сенім жоқ. Бұл енді отандық автоиндустрияның қазіргі күйі. Сондықтан біз секілді көпбалалы отбасыларға осы автонесиеде көңілге қонымды шешімдер қарастырылса деген ой бар, – дейді көпбалалы әке.
Былтыр автонесие бағдарламасы кілт тоқтағанда көптеген адамдар амалсыздан екінші деңгейлі банктерден қымбат автонесие рәсімдеп, бүгінде ай сайын өте қымбат төлем жасауға мәжбүр болып отыр. Тараздық Серік Темірланов та солардың қатарынан.
– Мен үшін автокөлік – жүріп-тұруға арналған құрал ғана емес, нәпақа табудың амалы. Жолаушылар тасымалымен айналысамын. Ескі автокөлігім жиі істен шыға беретін. Оны сатып құтылдым. Жаңасын алайын десем, 4 пайыздық несие тоқтап қалыпты. Амалсыздан өзіме ұнаған жеңіл автокөлікті жылдығы 20 пайызбен сатып алдым. Әрине, қымбат. Бірақ кейбір банктерде оның мөлшерлемесі 25 пайызға дейін барады екен. Сондықтан келісуге тура келді. Былтыр ресми түрде 4 пайыздық несиеге кезекке тұрған едім. Енді оған қатыса алмайтыным өкінішті. Себебі ай сайынғы жалақым қазіргі көліктің несиесін жабуға әрең жетеді. Ал жаңа автокөліктердің бағасы былтырғыдан әлдеқайда өсіп кеткен. Бір жағынан, арзандау кезінде алғанымның өзі де қуаныш, – дейді тұрғын.
Алайда бұл бағдарламаны қолдайтын жандар да жоқ емес. Айталық, жерлесіміз Айдос Заманбек осыдан 2 жыл бұрын жеңілдетілген автонесиеге көлік сатып алған екен.
– Автонесиенің арқасында құны 2 740 000 теңге тұратын «Hyundai Accent» маркалы автокөлікке қол жеткіздім. Алғашқы жарнасын төлегенімде, 5 жылға ай сайын 55 000 теңгеден түсті. Мен үшін өте ыңғайлы, алған несиемді төлей алмай қиналып қалған кездерім болған емес. Несиені «Сбербанк Қазақстан» екінші деңгейлі банкі арқылы рәсімдедік. Ол кезде жасы 25-ке толмағандар автокөлікті иемдене алмайтын. Сондықтан бір ай күтуге тура келді де, дәл туған күнімде құжат тапсырдым. Қазіргі таңда достарым да қызығушылық танытып жүр, жуырда жаңа бағдарлама жұмысын бастаса, олар да бірден өтініш беруге әзір. Сондықтан бұл көліксіз жүргендердің темір тұлпарлы болуына жол ашады деп сенемін, – дейді ол.

Түйіндей айтқанда, автонесие біреулер үшін әлі де арман болса, енді бірінің үмітін оятуда. Дегенмен осы үміттің артында бұл бағдарлама да утиль алымының күйін кешпей ме деген күдіктің де қылаң беріп тұрғаны тағы бар. Сондықтан мұның қаншалықты тиімді екендігін алдағы уақыт көрсете жатар.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы 

Comments (0)
Add Comment