Алғыс айта жүрейік!
Наурыз келді дегенім – көктем келді,
Шуағына бөлеген көк пен жерді.
Жақсы күнге сенейік, болашаққа,
Жамандықты ұмытып өткендегі.
Наурыздың бірінде айтам алғыс,
Аман болсын адамзат, жалпы таныс.
Алғыс айта жүрейік ағайынға,
Тілейікші бәріне таудай табыс.
Аруларым, алтын деп бағаладым,
Мен сендермен қуаныш таба аламын.
Сегізінші наурыз құтты болсын,
Әпкелерім, жеңгелер, аналарым!
Наурызым – мерекем, ұлық күнім,
Берекенің танытқан тұнықтығын.
Мен осыдан ұлтымның берекесін,
Мерекесін салтында біліп тұрмын.
Наурыз айы осындай мерекеміз,
Мерекені тойлаған ел екенбіз.
Ғасырлардан жетейік ғасырларға,
Бұзылмасын мәңгілік берекеміз!
Жұматай КӨКСУБАЙ,
Дулати университетінің 4-курс студенті
Көктем-өлең, қорғай жүр…
Көңілің де жабырқайды сондай бір,
Жүрегің де ауырады оңбай бір.
Күз келгенше жалғыздықты өтінем,
Көктем-өлең, қорғай жүр…
Тереземді үнсіз қағып, тымық түн,
Неге ескерткен бұйымтайды ұмыттың?
Адасады аппақ арман, ақ тілек,
Арасында үміт пенен күдіктің.
Тарпаң тағдыр, сан соқпақта тарылдың,
Қыспағыңа көндім, сонша неғылдым?
Анау тұрған бозбаланың жүзінен,
Жусан исі бұқырайды ауылдың…
Шұрық тесік қайыршыдай жейдесі,
Көлбеңдейді көлеңкемнің бейнесі.
Өзімді-өзім жек көргенім соншалық,
Алматыға сыймай кетем кейде осы…
Шақырады қайсыбірі көкелеп,
Борышым көп пенделерге өтемек.
Қорған бола тұршы, Алатау, айбарлым,
Күз келгенше жалғыздықты жетелеп…
Хамит АЙДАР,
Дулати университетінің 4-курс студенті