Ауырмаудың жолын ізде!

Жыл сайын 1 желтоқсанда атап өтілетін Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні қарсаңында Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығында «Жаһандық ынтымақтастық, жалпы жауапкершілік» тақырыбында брифинг өтті.

Зере Қуаныш

Іс-шараны ЖИТС орталығының алдын алу бөлімінің меңгерушісі Ғалия Садыбекова ашып, COVID-19 пандемиясы кезеңінде ЖИТС-ке қарсы күрестегі ынтымақтастық пен жалпы жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.

– Әлемді жайлаған коронавирус инфекциясы денсаулықтың адам құқықтары мен гендерлік теңдікпен, әлеуметтік қорғау және экономикалық өсу сияқты маңызды мәселелермен тығыз байланысты екенін тағы бір рет дәлелдеді. Пандемия кезінде барлық әлем қауіпсіздік зонасына өтпей, барлық жағдай тұрақталады деп айта алмаймыз. Егер біз барлығын жеңгіміз келсе, жақындарымызды назардан тыс қалдыруға болмайды.

АИТВ және COVID-19 пандемиясын тоқтату үшін санитарлық талаптарды сақтап, өз денсаулығымызға бейжай қарамауымыз керек, – деді Ғалия Садыбекова.

Өңірлік БАҚ өкілдері қатысқан брифинг барысында АИТВ өмір сүретін адамдарға қатысты стигма және кемсітушілік, АИТВ шалдыққан адамдарды ақпаратпен, қызметтермен және әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз ету, сондай-ақ АИТВ халыққа берілу қаупінің төтенше жағдайлары мәселелері туралы кеңінен айтылды.

Жиында инфекционист Гүлмира Темірбекова эпидемиологиялық бөлімнің қызметі туралы айтып, содан кейін мемлекет заңнамалық деңгейде АИТВ ауыратын адамдарды стигма мен кемсітушіліктен қорғайтынына және бұл туралы халықтың барлық санаттары, әсіресе жұмыс берушілер білуі тиіс екендігіне ерекше назар аударды.

Өз кезегінде ЖИТС орталығында «Достық» кабинетін басқаратын дерматолог Евгения Стратула журналистерді емдеу қағидаларымен және келесі жылдан бастап енгізілетін жұмыстағы жаңа бағыттармен таныстырды. Тұрғындар арасында және медицина қызметкерлері үшін байланысқа дейінгі және байланыстан кейінгі алдын алу туралы хабарламамен эпидемиолог Сара Дулатбаева таныстырды.

Ал эпидемиолог Александр Цзи әлемде, елімізде, оның ішінде Жамбыл облысындағы эпидемиологиялық ахуал туралы, сондай-ақ АИТВ ауыратын адамдар арасындағы гендерлік теңдік туралы қызықты мысалдар мен фактілерді келтіре отырып, түсінікті әрі мазмұнды хабарлама жасады. Сөз сөйлеген мамандар брифинг барысында келіп түскен көптеген сұрақтарға жауап беріп, өз қызметінің ең өзекті мәселелерін ашып, журналистерді АИТВ-ның алдын алуда бірлесіп әрекет етуге шақырды.

Comments (0)
Add Comment